Мұхтар ағаның кез келген дүниесі елең еткізсе керек. Даусыз. Өйткені шөпті де, шөңгені де шимайлап, киелі қаламын текке былғамайды. Оймақтай ой айтса да елдік тұрғысынан қозғауы ежелгі мұраты.
Ақиқатын ашық жеткізген абзал. Мұхтар Мағауин – қаламгерлік қуаты, қаламгерлік қарымы, қаламгерлік құшағы өзара құп қосылған, іштей әдемі үйлесім тапқан, өзге әріптестерінің ешқайсына ұқсай бермейтін дара тұлға. Келесі өрілер өрнекті әңгіменің жұлын өзегі осыған жетелегендей. Ол өрмек – Абай.
Иә, Ұлы Абай туралы Мұхаң ұдайы жазып та, айтып та жүр. Жазғанда қандай, айтқанда қандай! Көсіліп жазады, шешіліп сөйлейді, тебіреніп толғайды! Шамырқанған шабыттан туған шығармалар шоғырына «Абайдың суреті», «Абайдың белгісіз әңгімесі», «Жаздыгүні шілде болғанда», «Абай тойы», т.б. эсселері, толғаулар мен зертеулері жатса керек.
Бұлардың қай-қайсысы да бөлек-бөлек сөз етуге тұратын туындылар. Сөйтсе-дағы «Абайдың суреті» атты эссе-хикаяттың жөн-жосығы айрықша ерек. Қаншама белгілі де, бергісіз деректер мен дәйектер, таныс та, бейтаныс кейіпкерлер мен тұлғалар, мәлім де, беймәлім оқиғалар мен жағдаяттар... бәрі -бәрі көз алдыңда көлбеңдеп, санаңда жаңғырады-ай. Сұңғыла суреткер кеше мен бүгіннің арасында жатқан қазақтың бір жарым ғасырлық тарихы мен тағдырын асқан шеберлікпен көркем кестелейді. Әрине, мұндай шымыр да, шырын шығарманың қалам ұшынан оп-оңай құйыла салмайтыны аян.
Бұл турасында Мұхаңның өзі біраз жайдан сыр шерткен. «Шынын айту керек, мен бұл дүниеме үлкен әзірлікпен, бірталай материалдар жинап келдім. Өйткені ұлы ақын туралы Әуезовтің эпопеясынан бастап, көптеген көркем шығармалар бар. Соны сөз айту, жаңаша ой түю – ең маңызды міндет. Тынымсыз ізденіс...».
Жазушының үлкен дайындықпен, кеңінен толғанып қалыптаған жұмыстарының бірі. Тым арыда ойластырылған, бірақ орайы келмеген; созылып жүре-жүре Абайдың 150 жылдық мерекесінен соң бастамақ болды, – қаламы жүрмейді, келер жылы жалғастыра бере, тағы да тетігін таппайды. Ақыры 1998 жылы 23 қаңтарда жаңадан бастап, әуелгі бес тарауын жазған соң, одан әрі жылжи алмай, тағы да тоқырайды. Бұдан соңғы жұмыс жыл бойы, үздік-создық. Келесі, 99 жылы да межесіне жеткізе алмайды. Ақыры 2000 жылы жазда, Абайға тікелей қатысты «Жаздыгүні шілде болғанда» деген ұзақ әңгімесін тәмамдап, журналға әзірлеген соң, 26 мамыр күні қаптал жарыса жазады: басынан түсіп мәшіңкеге қайыра басады да, кейінгі тоқтаған жеріне жеткеннен соң, қолмен қаралай жазуға көшіп, онысын бірер күн орайында тағы да мәшіңкеге түсіріп, тағы да қолмен жазып, қайталай басып, ақыры 14 маусым күні аяғына шығады. Жазушының жұмыс дағдысы – әуелі қаралай. Сосын тазалай, одан кейін мәшіңке болатын, яғни Абай туралы жазу үстіне алға мысқалдап жылжығанын және қолма-қол соңын тазартып отырғанын көреміз, жұмыстың күрделі ауырлығы басқаша шешім қалдырмаған. Тағы бес күн бойы шола өңдеп, біржола әзір болып, өзі басқарып отырған «Жұлдыз» журналының кезектегі, 8-санына терімге түседі (2000). «Абайдың суреті» атаулы кітап құрамында алғаш рет басылып отыр.
Өзіңіз де аңдаған, байқаған боларсыз. Мігірсіз мехнат пен машақаттың сұлбасын. Әншейінде тісбатпас көрінер талай тақырыпты оңынан ойсыратып, шапшаң қайырып тастайтын кәнігі қаламгер небәрі алпыс-жетпіс беттік шойын шығармаға бақандай екі жарым жылын бағыштапты. Ойланарлық! Бап та, шабыт та кілтипанға жатпаса керек. Ең үлкен мәселе – Мұхаңның өз-өзіне қойған аса биік талабы. Ол – өзі қаршадайынан аты-жөніне қанық боп өскен, тілі рухани сол әкенің өлеңімен шыққан, ес біліп, ержеткен шағында да ұдайы жадында, жанында жүретін ұлы Абай бейнесін, данышпан-әулие ақын образын ойдағыдай сомдап, жан-жақты жарқыратып көрсету. Меніңше, талғампаз сөз зергері осы маңызды биіктен табылған...
Кәне, деректі – ғұмырбаяндық һәм тарихи – танымдық толғаудың кілташар көрінісіне үңіліп көрейікші: «Азаттықтың төртінші жылы, 1995 жыл, тамыз, Шыңғыстауда Абайдың ұлан-асыр тойы өтіп жатты. Соңғы күн, сәске, сағат он бір, жапырлай тігілген аппақ үйлерден арқан бойы ұзап, аламан бәйгенің басталуын күтіп тұрған сәтте, етегінен басына дейін қарағұрым Тойтөбеге көзім түсіп еді. Құдайдың құдіретіне, аруақтың қуатына қайран қалдым. Қайран қалдым-әлсіз лепес, Алаштың рухы, Қазақтың айбыны болып, өз тойы – Тәуелсіздік мерекесін бүкіл әлем ауқымында өткізіп жатқан әулие атамның айрықша тумысына табынып, елбірей сүйсініп тұрып қалыппын. Дәл осы тұста екі шалғайы ұзара жазылып, ортасы ойыса иіліп көрінген Қарауыл төбені ежелгі түріктің қос саржалы арыс садағы кейіптес алтын нұр көмкеріп тұр екен. Күн сәулесінің әсер, таңбасы емес. Басқа бір құбылыс, ақылдан, санадан тыс ғажайып. Жанды, шұғылалы, алтын нұрдан иілген алып садақ Абайдың Аруағына тартқан Алаштың рухы екен. Мен көрдім».
Ал біз жүрек толқытар, жан тербетер бұл ғажайып сәтті көргеміз жоқ. Қадірменді Мұхтар ағаның дәл көк желкесінде отырсақ та. Өйткені Алланың мұндай сыйы-сирек ұшырасар құбылыс кім-көрінгеннің жанарына шалынбаса керек. Демек, көптің бәрі бірдей емес, миллионнан – біреу, мыңнан – біреу, жүзден – біреу, бәлкім Тәңірінің өзі алқаған жалғыз нысаналы пендесі! Әбден мүмкін ғой.
Әуелден құдіретті табиғаттың өзі қолдан жасап қойғандай алып амфитеатр әйгілі Қарауылдың бір пұшпағы есептелетін Бәйгетөбенің құтты баурайын аймалай құшақтап жатыр. Осы аймақтан айнала-төңірек құдды алақандағыдай көрінеді. Тақия төбенің етегіне, нақ ортаға жиырмасыншы ғасырдың сәулетімен бой көтерген дала сахнасы үш күннен бері ду-думанға оранған. Ұлан асыр ұлы тойдың сән-салтанаты мен қызық-шыжығы міне осы жерде. Аузымен құс ұстаған айтыскерлер додасы, құйқылжыта ән шырқап, күй төккен өнерпаздар бәсекесі, дана кемеңгерді жырға қосқан ақындар мүшәйрасы біріне-бірі ұласқан... Енді бірде қазақтың ұлттық ойындары бәйгенің түр-түрі, көкпар, күрес сайыстары қыз-қыз қайнаған... Ұлтының жүрегіне ұялаған Алаштың Бас ақынының өршіл өлеңдері мен сыршыл әндері де дүбірлі той аспаны астында толассыз шалқиды... Көше- көше тәртібімен тігілген мыңға тарта ақшаңқан киіз үйлер қалашығының думаны да бір мезетке басылмайды-ау! Ерсілі-қарсылы толқындай тербетілген нөпір халықтың көл-көсір қуанышын өз көзіңмен көру, жан- дүниеңмен сезіну қандай ғанибет. Еуразияның кіндігі саналатын қасиетті де, киелі нүктеде – Ұлы Абайдың Жидебайындағы қиял құшағы жетпес сән-салтанаттың әр-әр тұсында сүйікті жазушым, мерейі тасыған, еңсесі асқақ Мұхтар ағамен әлденеше рет ұшырасып жүздесіп қалғаным да есте. О баста мән бермегенім рас. Енді қараңыз, керуен-уақыттың осыдан ширек ғасыр бұрынғы ұлы оқиғасы – Абай тойын еріксіз жаңғыртып отырмын. Неге ұмытайын?! Барлығы да мәңгі өшпестей жадымда. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан жиналған жұрт шашау шығармай, қатарларын сейілтпестен Семей топырағына табандары тиісімен облыс орталығында жаңадан асқақтай бой көтерген ұлы ақынның Орталық әдеби мемориалдық музейіндегі ұлттық құндылықтармен танысуға асығады. Біз де сөйттік. Қалың көппен бірге ентелеп бірімізді біріміз итере-митере мұражай табалдырығын аттағанда қарсы беттегі қабырғаға ілінген Абайдың әйгілі фото-суретін тамашалап тұрған Мұхтар ағаға жолықтық. Жазушының қолын қысып, әйнекті раманың зерлі жақтауындағы андатпа-жазуға үңілдім. «Менің білуімше, музейдегі ең бағалы, ең құнды экспонат». Мұхаңның сөзі әлі күнге құлағымнан кетсейші... Ертеңінде Жидебайда, аппақ мұнаралары тамылжыған тамыздың арайлы нұрына шомылған іргедегі Абайдың ғажайып алып кесенесіне тағзым ету үшін жаяулап жөңкілген тәуеп етушілердің сапынан көріп, қауышып жатырмыз. Жүректер сөйлеп тұр. «Алаштың айбыны айдынданып, азат қазағымның рухы бір көтеріліп қалды-ау!».
Ал Мұхтар аға Мағауин осынау «Абайдың суреті» эссесінде ақынның жүз жылдығына дайындық өтіп жатқан қарбалас кезеңнің сүле елесін үш-төрт ауыз сөзбен түйіндеп жазыпты. Біз секілді жиырма жылдың о жақ-бұ жағы емес-ау, тұп-тура осыдан жарты ғасыр бұрын болған көріністі мейлінше дәл жеткізуге тырысады. Мен оқып отырып, қайран қалған едім. Өйткені бала Мұхтар ол уақытта небәрі бес жаста ғой.
Сонымен Мұхаң елжірей тебірене жазғандай «Абай тойы! Барған – бақыт, бармаған – арман». Қазақ Елі дүркіретіп, дүбірлеткен ұлы асқа, ұлы мерекеге бас-аяғына дейін қатысып, бақытқа бөлендік. Шүкір! Ендігі арман – ұлы ойшыл әулиенің қос ғасырлық тойын ұрпақтарымыз көргей.
Ұлы Ұстаздың тойынан шат-шадыман шабытпен оралған Мұхтар Мағауин де ой суатының мөлдір де нәрлі бұлағын ағытқан. Көптен мазалап, көкейде түзілген шырайлы, шүйгін шығарманың алғашқы штрихтары қағазға түсіпті. «Менің жұмыс бөлмемде, жазу столының сыртында, кітап сөресімен астасқан Абай суреті тұр. Мен үшін сурет емес, тірі тұлға...» Осылайша қызыл тіл ұшындағы сырлы сөзбен өрілген Абай бейнесіне байланысты тартымды хикая лейтмотиві жалықтырмай жетелей береді, жетелей береді. Әр сөзін, әр пікірін, әр ойын жан-жақты сүзгіден өткізіп, яғни ми домнасында балқытып барып әңгіме өрбітетін кіді қаламгер жалаңдыққа ұрынбай, табан тірер тиянақ-тетікті тірек етеді. Бұл Мағауин машығының саралығына әуелден тән айнымас қасиет. Өзгеше әдет-мінез десе де жарасқандай. Мәселен, ақын тағдырына, ақын талайына, ақын тауқыметіне қатысты айтпақ жүрек жарды баянын Абайдың фотоға түскен кездегі күнделікті көңіл күйінен, дәл сол мезгілде сыр толқытқан өлеңдерінен іздейді.
Атақты жазушы ағамыз, ұлы ақынды тікелей рухани бабасы санайтын Мұхтар Мағауин «Абайдың суреті» атты эссе-повесінде 1896 жылы түсірілген баршаға мәшһүр жалғыз фотоны тілге тиек ете отырып, небір қызғылықты деректерді алға тартады. Айтпақшы, жазушы ағамыз көп ретте әлгі фотомен бірге әуесқой суретші Павел Дмитриевич Лобановский (1857-1887) қарындашпен тура қарап отырып салған ақын суретін де негізге алады. Әрине, бұл мирас та дәлдік үшін таптырмайтын дәйек қой. Әскери қызметкер «Халық еркі» тобына қатысқаны үшін Ростовтан Семейге төрт жылға жер аударылған. Абаймен танысып, 1887 жылы бейнесін салған. Әрі танымдық, әрі елең еткізер деректі дәйектемелерді шебер тоғыстыра әңгіме өрбітетін сұңғыла суреткер Абайдың фото-бейнесіне жіті үңіліп қана қоймай, ұлы тұлғаның болмыс-бітімін, мінез-құлқын, адами қадір-қасиетін, тәңір сыйлаған өзгеше дарын қабілет табиғатын ғылыми дәлелдер негізінде жан-жақты ашып көрсетеді.
Жоғарыда қадап ескерткеніміздей, бітім-болжамы бөлек структураға құрылған туындыны ойдағыдай орындау үшін автор естелік-әңгімелерге көбірек жүгінген. Онда да «анау айтыпты, мынау айтыпты» тәрізді екінші-үшінші біреулердің долбары емес, Абайдың жүзін көріп, сөзін тыңдаған, тәлім-тәрбиесін алып, өнеге-өсиетін естіп өскен етжақындарының сағыныш пен сырға толы лебіздері.
Мұның көпшілігі Абай тұлғасын әр қырынан жарқыратып көрсетуге, Ақын образын нанымды да, шынайы сомдауға, Ғұлама бейнесін хас шебер бәдізшідей мүсіндеуге септігін тигізгені сөзсіз. Үлкен жүректі данагөйдің адамдық қадір қасиеті мен мінез-құлқын да тереңірек танып білуге құлшынған қаламгердің жанкешті ізденісі атойлап шалынады.
«Ежелгі қазақтың сән-салтанаты дегенде, Абайдың айрықша құмартқан бір ісі – балуан баптау. Ас пен тойда Абайдың аты бәйгеден келсе, балуаны тағы жығуы керек. Таза қазақы мінез. Тек Абай үшін мұның бәрі мақтан ғана емес, қызық. Өйткені Абай жиын-тойсыз-ақ балуан күрестіре берген. Айлап баптаған жыл бойы қолында ұстаған. Бұл реттегі Абайдың ең атақты балуаны – керей Байқұда. Жауырыны жерге тимеген түйе балуан Байқұда туралы көп дерек, қызғылықты хикаялар сақталған. Абай Байқұданы Қарқаралыда, Семейде, Омбыда, Керекуде, ел ішіндегі атақты ас пен дүбірлі тойда талай күреске салған.
Қазақты да, мұңғыл мен татарды да, орысты да жығып берген. Кейін қартайғанда алдына мал салып, басына үй тігіп, өз жұртына құрметпен қайтарған екен... (Мағауия Құрымбайұлының әңгімесі).
Бұл естелікті әңгімелеген Мағауияның әкесі Құрымбай Бітенұлы (1830-1902) жазушы ағамыздың бабасы болып табылады. Ақсақал Абаймен жақсы таныс-біліс болған. Бірде жазғы жайлауда Бауырдан Жотаға шыққан Абай суы мол, шөбі шүйгін Бақанас өзенінің бойындағы жазираға қатты қызығады. Ол заманда ел тығыз отырады, бос жер жоқ. Сөйтсе де жасы кіші, басы үлкен досының ниетін түсінген Құрекең Абай ауылын өзінің ата қонысының етегіне әкеліп қондырыпты. Содан бастап сыйлас достықтары бекіп, ағалы-інілі боп кетеді. Ақынның атақты «Жаз» өлеңі секілді бірнеше табиғат лирикасы осы Шұбартаудың сұлу саясында дүниеге келген. Мұхтар ағаның өзі ұдайы арқаланып айтып, жазып жүретіні бар: Абай Атам Құрымбай шаңырағына «Сөз ұстаған ұл тусын, Ел ұстаған би тусын!» деп бата берген көрінеді. Ұлы данышпанның ақ тілегін Алла тағала да хош көріпті деймін мен іштей. Рас. Бұл жағдайды бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, екіншілері хабарсыз ғой. Ғибратты ізгі үлгі-өнеге осындай болар.
Реті келіп тұрғанда айта кетейін. Жоғарыда Мағауия қарияның естелігінде сөз болатын Абай атамыздың жауырыны жер иіскеп көрмеген түйе балуаны Байқұданың апайы Тәкеннен менің әкем Орынбайдың әкесі Елшібек туады.
Сенесіз бе, қадірменді оқушым, жұмыс барысында, жазу үстінде мен «Абайдың суретін» әлденеше мәрте оқып шықтым. Кемінде төрт-бес рет шығар. Қайыра сүзіп тексере зерттеп үңілген сайын белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің қатпар-қатпар ойларының беймәлім астарларын арши түскендеймін. Соқталы ойлар сілемі қилы-қилы сезімге түсіргені мәлім. Әр байламының, әр пікірінің психологиясы мен философиясын жітірек ұға түскендеймін. Ұлы тұлғаның бүкіл болмыс бітімін танып білуге құлшынған әдебиетіміздің бүгінгі алыбы Мағауиннің де мақсат-мұратын сезе түскендеймін.
Сондықтан да жүрек жосығын тыңдауға тура келіп тұр. Демек, жазушы көзқарасын қаузай түссек дейміз. Абай портретіне жанар жүгірткен Мұхаң өз дәуірлестерінен мойны да, ойы да озық дара данышпанның сырт келбетіне, жүріс-тұрысымен, киім киісіне де айрықша назар аударады. Жай ғана қарамайды, құр әншейін тамашаламайды. Көреген, өткір ой-көзін «жұмбақ жанның» арпалысты күйзеліске түскен ішкі әлеміне қадайды. «Бар кілтипан жүріс-тұрыста емес. Бірақ жүріс-тұрыс, әдет-дағдысыз адамның өзіндік кейпі де жоқ» деп мүлдем өзгеше шешім, бөлекше байлам жасайтын автор жиған-терген деректеріне сүйене отырып, кемеңгер ақын мінезінің сыр-сипатын сырлы сөзбен сұлбалауға ұмтылады.
«Абайдың жас кезіндегі, сырт көзге бірден ұрған мінезі – тәкаппар, менмендік. Тіке, шұғыл сөйлеу, кімді болмасын басып отыруға тырысу. Өмірдегі орнын танымаған, мәңгілік мұратымен табыс- паған кездегі сыртқы толқын. Ақыл дариясы кенересіне жетіп, жасы тоқталған кезде байсал сабырға көшеді. Бірақ әлі де астам. Көп ұзамай, мәңгілік көркем шығармалары дүниеге келіп, өнері кемеліне толған шағында даналық кейіпке, әулие кебіне көшеді. Уақыт оза келе, уайым қабындап, ел мұңы жеке бас қайғысына астасқан шақта, өзі айтқандай, «іші өлген, сырты сау», бар тіршілігі тұйық, иі жұмсақ, мінезі кешірімді, тәубасы мол, мұңды бейнеге айналғанын көреміз. Өзінің ойлы, сырлы, өрнекті жазуын алданыш қылады, құдай сөзі Құраннан сүйеніш табады...».
Психолог қаламгердің тоқтамды тұжырымы елең еткізері даусыз. Көп естілмеген, жиі жазылмаған одағай пікір. Зерделесек анау айтқандай ауытқушылық сезілмейтін секілді. Керісінше Мұхаңның өзі мегзегендей «жұтаң деректерден» шым-шымдап түзілген батыл нобайдың кескін-кейпі анық бедерленгендей. Нанымды! Шынайы!
Ілкіде ескерткеніміз бар, жазушы бұл туындысында Абай образын сомдауда өзгеше өріс, соны тыныс танытады. Романға бергісіз жетпіс беттік сыр-сипаты бөлек диапозонды дүниенің көтерген жүгі зілмауыр. Тарихи-танымдық, деректі эссенің ойға шомдырар толғақты тұстары жеткілікті.
Қабырғалы қаламгердің жоғарыда сөз еткен эссесі туралы ой-толғауымызды Мұхаңның өз сөзімен түйіндегім келеді.
– Әлбетте, Абайдың ең айшықты суреті – оның мәңгілік мұрасы. Бірақ ұлы мұра – құдіретті рухтан ғана туындамақ, ал құдіретті рух – құдай сүйген тұлғаға ғана дарымақ. Қазақ аруақ қонған дейді. Аруақ қонған! Алаштың ұлттық әдебиетінің бес жүз жылдық тарихында аруақ қонған үш-ақ адам болды: Шалкиіз жырау, Бұхар жырау және Абай. Бұлардың ішінде бізге біршама толық және нақты жеткені – Абай ғана. Сол Абайдың өзі бойындағыны түгел шығаруға мүмкіндік таппады. Екі алақаны да жабық, жұмбақ қалпында кетті. Бірақ барына тәуба!
Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты