• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Тамыз, 2020

Егінге орақ ерте түсті

212 рет
көрсетілді

Биыл еліміздің астықты өңірлерінің бірі – Солтүстік Қазақстан облысының диқандары ораққа ерте шықты. Жаппай болмаса да егісті көктемде ерте аяқтағандардың астығы жетіліп қалған. Жаздың ыстық болуы астықтың тез жетіліп, пісуіне қолайлы болды.

Мұндай жаз Солтүстікте өте сирек болады, бұрын диқандардың аузынан «ауа райының қолайсыздығы» деген сөзді жиі еститін едік. Биыл ондайды ешкім де айтпайды. Халықты індет қысып жатқанда Табиғат-ана жеңілдік қылып, жанашырлық білдіргендей. Көктемгі егіс науқанында да ауа райы қолайлы болған еді. Енді тек шығымдылығы жоғары астықты төкпей-шашпай жинап алу міндеті диқандардың алдында тұр.

Облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бастығы Ерболат Бекшеновтің айтуына қарағанда, дәнді дақылдардың 53 пайызы қазірдің өзінде пісіп, орақты қарсы алуға дайын тұр. Астықтың бағасы да былтырғыдан артық болмақ. Қазірдің өзінде бидайдың бағасы былтырғы орташа бағадан 38 пайызға артық мөлшерленіп отыр. Егер былтыр бидай бағасының бір тоннасы 59,7 мың теңге болса, биыл 82,5 мың теңгеге жетіпті. Арпаның бағасы да былтырғыдан 30 пайызға қымбат болмақ.

Биыл диқандар астықты баптауда үздік нәтижелерге қол жеткізді. Жыл са­йын ауа райының қолайсыздығы себепті арам­шөптен химиялық құралдармен құты­луға толық мүмкіндік болмаса, биыл осы жұмыс та жаппай жүргізіліп, ас­тық­тың шығымдылығына үлкен үлес қосты.

Қазір шаруалар шөп дайындау науқанын да аяқтап келе жатыр. Облыс бойынша барлығы 750 тонна пішен да­йындау межеленсе, қазір соның 70 па­йыздан артығы орындалған.

Солтүстік диқандарының алдында тұрған тағы бір міндет – ми­нералдық тыңайтқыштар шығару. Қазір шаруалар оның 117 мың тоннасын сатып алуға келісімшарт жасасып қойған. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуына қарағанда, минералды тыңайтқыштарды ауыл шаруашылығы өндірісшілерінің өздерінің шығаруына мүмкіндік бар. «Егер бірнеше шаруа бірігіп, шағын зауыт сатып алып, минералды тыңайтқыштар шығарумен айналыссаңыздар, оның бағасы әлдеқайда төмендер еді. Қазір сіздер оның тоннасын 140 мың теңгеге аласыздар, ал шағын зауыттар өнімі тек 58 мың теңге болар еді. Бұл бағытта әзірге 6 шағын зауыт қана жұмыс істеп тұр», деді өңір басшысы ауыл шаруашылығы мамандарымен орақ алдында болған кездесуде.

Облыстағы барлық жер кө­лемі 9 млн 804 мың гектар бол­са, соның 7 млн 243 мың гек­­тары немесе 73%-ы ауыл шаруа­­шы­лығына қолданылатын жер­лер. Оның ішінде 5 млн гек­тарға жуығына астық егіледі, ал 2 млн гектары – жайылым. Бү­гін­­гі таңда облыста 2891 шаруа және фермерлік қожалықтар, 776 түрлі серіктестіктер осынау ал­қап­та еңбек етіп жүр. Соның ішін­де 57 мың гектар жерге астық егетін 22 ауыл шаруашылығы коо­перативтері де бар.

Соңғы жылдары ауыл шаруа­шылығы өндірісшілерін мемле­кеттің қолдауы еселеп артты. Ке­йінгі үш жылда облыстың ауыл шаруашылығын қолдауға 116 млрд теңге бағытталды. Соның ішін­де былтыр 39,5 млрд теңгенің көмегі болған. Ал биыл бұл рекордтық көрсеткішке жетіп, 48,4 млрд теңгені құрады немесе былтырғыдан 22,5% артық. Ауыл шаруашылығына құйылып жатқан инвестиция көлемі де артып келеді. Соңғы үш жылда 72 млрд теңгеден 107,6 млрд тең­геге жетіп, 1,5 есе артты. Биыл 24 па­йызға арттырып, 44,9 млрд тең­геге жеткізу көзделген. Бұл – республ­и­калық көлемнің төрттен бірі.

Қызылжарлық диқандар биыл табиғи жағдайға бейімді тұқым­ның элиталық сұрыбын алу­ға қол жеткізді. Бұл сұрып шығым­дылығымен қоса өсімдіктердің түрлі ауруына да төтеп бере алады. Міне, осы сұрыптарды енді жаппай қолдану мақсаты алда тұр. Осыдан үш жыл бұрын бұл әрбір жиырмасыншы тоннаға сәйкес болса, биыл әрбір оныншы тоннаға сәйкес келеді. Әрине, барлық сұрыптар да шығымды болуы үшін арамшөпке қарсы қолданылатын химиялық қоспаларды арттырмаса болмайды. Бұл тарапта да қызылжарлықтар үлкен табысқа жетіп отыр. Атап айтқанда, пестицидтер мен биоагенттерге бөлінген ақшаның 40 пайызға артуымен биыл 2,3 млн гектар жерге тыңайтқыш себіліп, 130 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылды. Бұл соңғы жылдардағы ең үздік көрсеткіш.

Әрине, диқанның қолына қол­бай­лау болатын техникалардың ескі­лігі, оған қосалқы бөлшектер табу­дың қиындығы. Бұл іске де мем­лекет те, диқандардың өзі де қара­жат бөлуді арттыра түсуде. Сол ар­қылы қызылжарлықтар соң­ғы үш жылда 89 млрд теңгеге 4,7 мың бір­лік түрлі техника сатып алуға қол жеткізді. Бұл істің биылғы қар­қы­ны да жоғары. Үсті­міздегі жыл­дың же­ті айында ғана 31,5 млрд теңге­нің 1334 бірлік техникасы сатып алын­ды.

Мемлекеттің қолдауы мен таби­ғаттың қолайлылығы Есіл өңірі диқандарының қуанышын арт­тыруда. Тек енді күз қолайлы болып, шығымды астықты қамбаға төкпей-шашпай құйып алу мақсат болып отыр. Бұл үшін әрбір қолайлы күн тиімді пайдаланылуы керек.

 

Солтүстік Қазақстан облысы