Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі аясындағы ауқымды жоба – «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы небір қиындықтарды артқа тастап, өзінің түпкі мақсатына таяп та қалды.
Қазірдің өзінде бұл бағытта қол жеткізілген нәтижелер туралы ауыз толтырып айтуға болады. Соның бірі – Қызылордадан еліміздің бас қаласына тартылған газ құбыры бойынан Жезқазған аймағын газбен қамту мақсатында автоматты газ тарату стансасының (АГТС) салынуы.
Бүгінде бұл мекеменің жұмысын «Интергаз Орталық Азия» АҚ Жезқазған желілік-өндірістік басқармасы қамтамасыз етеді. Басқарма бұл стансадан бөлек магистральды газ құбырының Қызылорда облысы шекарасы мен өңірдегі Жәйрем елді мекеніне дейінгі аралығындағы бөлігіне де қызмет көрсетеді.
Таяуда, Nur Otan партиясы Жезқазған қалалық филиалының мониторинг тобы «Сарыарқа» магистральды газ құбырынан Жезқазған қаласына газ тарататын желілердің құрылысымен танысты. Құрамында Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков, Nur Otan партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Смағұлов, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Ақансері Сүлейменов, Абай Бағчай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі Дархан Мұхан бар мониторинг топ мүшелері газ желілері тартылған Талап ауылы мен Жезқазған қаласының іргесіндегі Пристанционный елді мекенінде болып, атқарылған қыруар жұмыстың нәтижесіне көз жеткізді.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ Жезқазған желілік-өндірістік басқармасының басшысы Алдияр Абшекенов бүгінде стансадағы барлық қондырғылар қалаға газ жіберуге дайын екенін айтады.
– Құбырлар қалаға толық тартылып біткеннен кейін, біз газ жібере бастаймыз. Қазір магистральды құбырдан газ келіп тұр. Бұл АГТС-те табиғи газды тазалау, жылыту, қысымды түсіру, есептеу, иіс қосу үдерістері жүреді. Мұның барлығын біз тексеріп, дайындап қойдық, – деді ол мониторинг топ мүшелеріне жағдайдың барысын баяндаған кезінде.
Жезқазғандағы автоматты газ тарату стансасында штаттық кестеге сай 19 адам жұмыспен қамтамасыз етілген екен. Нақты айтқанда, алты адам тұрақты түрде жұмыс істейтін болады, оның төртеуі – жергілікті тұрғын. Қалғандарына жұмыс вахталық әдіспен ұйымдастырылады. Ауысыммен жұмыс істейтіндерге қала маңындағы Талап ауылынан бір үй жалға алынып, олардың тұрмыстық жағдайлары толығымен жасалған көрінеді.
Жалпы, жергілікті автоматты газ тарату стансасынан Жезқазған қаласы мен Талап ауылына газ құбыры былтыр тартыла бастаған болатын. Бұл төрт қосылу кезеңінен тұратын ауқымды жобаның бірінші сатысы еді. Былтыр мердігер компания «Әлия-Сервис» ЖШС алғашқы кезеңнің бірінші кезегіне сай газ тарату стансасынан Жезқазғанның кіреберісіне дейін және Талап ауылына газ құбырын тартты. Яғни аталған ауылдағы 154 үйдің ауласына газ жеткізілген болатын. Биыл вокзал маңындағы 286 үйге газ құбыры тартылды. Айта кететін бір жайт, жоба жұмысына төменгі, орташа және жоғары қысымдағы газ желілерін тарту, газ тарату бекеттерін, әр абонентке есептеу құралдарын орнату кіреді. Ал келесі жылы бірінші қосылу кезеңінің екінші кезегіне сай, Геология елді мекеніндегі үйлерге газ тартылатын болады.
Қазіргі таңда мердігер компания тартылған құбырларды ауа қысымымен сынап болып, құбыр бойына белгілер орнатып, көшелердегі газ тарату бекеттерінің айналасын абаттандырумен айналысып жатыр. Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Бапанов бұл жұмыстың қыркүйек айына дейін толық аяқталатынына сенімді.
– Тамыз айының 15-інен бастап қызмет көрсетуші мекеме келіп, жұмысын бастайды. Жылу беру маусымына дейін тұрғындар қызмет көрсетуші мекемеден техникалық шартты алып, көгілдір отынды тұтына бастайды, – деп мәлімдеді ол.
Осы орайда, алдағы уақытта Жезқазғанда «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының қызмет көрсетуші филиалы құрылып, тұрғындар сол мекемемен келісім шарт негізінде үйлеріне газ қосуға мүмкіндік алады.
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков Жезқазғанға газ келеді деген үш ұйықтаса түске кірмейтін дүние еді дегенді айтады.
– Бұл шыны керек, ешкімнің ойына келмеген жағдай. Елбасының бастамасымен магистральды құбыр тартылып, көгілдір отынның игілігін көргелі отырмыз. Бұл экология мәселесін шешіп қана қоймай, тұрғындар мен бизнеске де қолайлы жағдай туғызады, – деді ол ағынан жарылып.
Иә, Жезқазғанға газ жеткенде, ол өзімен бірге ырыс пен берекені де ала келеді. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жеңілдеп, арзан, таза және қоршаған ортаға зияны жоқ табиғи газдың бар қызығын көреді. Көгілдір отынның жаңа өндірістердің дамуына игі ықпалын тигізіп, өңір экономикасының ілгерілеуіне де сеп болары сөзсіз. Яғни қазыналы қала, өндірісті өлке өркениет көшіне бір қадам болса да жақындай түспек. Ең бастысы, Жезқазғанның ел еңсесін басқан экологиясы едәуір жақсарып, қала аспаны қою түтін, улы газдан біршама арылар еді.
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы