Бүгінде елімізде дүниені дүрліктірген коронавирус індетімен күресудің тиімді тәсілдері қолға алынуда. Сонымен қатар, жергілікті ауруханаларға және жалпы халыққа тиісті деңгейде көмек көрсетілуде.
Бұл ретте бірқатар жамбылдық кәсіпкерлер қауіпті індетпен күресте белсенділік танытып, көпшілікке қолдау білдірді. Мәселен, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров осындай қиын кезеңде Жамбыл облыстық ауруханасына 16 оттегі концентратын және 2 көпфункционалдық төсек сатып алып берген. Жалпы, аталған кәсіпорын қауіпті індетті жеңу мақсатында 69,5 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсеткен.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әулиеаталық әлеуметтің жайын ойлаған жергілікті жомарт жандар қауіпті індетпен күресте аянып қалған жоқ. Бірі өз есебінен оттегі концентратын, өкпені жасанды желдету аппараттарын алып берсе, енді бірі ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізіп, дәрігерлер мен науқастарға ыстық тамақ пен сусындар ұйымдастыруды қолға алды. Мәселен, «Алтыналмас» АҚ жалпы көлемі 42,5 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетсе, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС бұл мақсатқа 6,6 млн теңге бөліп, демеушілік жасаған. Сол сияқты, Тараз қаласындағы «Нұр Ислам» сауда орталығы респираторлар мен қажетті медициналық маскалар сатып алып, өңірдегі ауруханаларға таратқан. Оның жалпы көлемі 520 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар Тараз қаласындағы «Көкжиек-2030» ЖШС өз қаражатына 10 оттегі концентратын сатып алып, оның 5-еуін облыстық аурухана мен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына таратқан. Ал қалған 5 оттегі концентратын Жуалы, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Байзақ және Талас аудандарындағы ауруханаларға жіберген. Аталған серіктестіктің бас директоры Әбдіғали Бегімбетовтің айтуынша, олар әрбір оттегі концентратын 600 мың теңгеден алыпты. «Көкжиек-2030» кәсіпорны «Тараз» ӘКК ҰК АҚ-мен бірлесіп, бір пакеті 12500 теңге болатын 1 мың дәрі-дәрмек пакетін дайындап, оны облыстың ауруханаларына таратқан. «Бұл індеттің көпшілікке оңай тимегені анық. Сондықтан да халыққа қиын болған соң, серіктестік атынан біз де өз көмегімізді бердік», дейді Ә.Бегімбетов. Сонымен қатар «Суперфарм» ЖШС мұқтаж жандарға тегін тарату мақсатында түрлі қажетті дәрі-дәрмектер салынған 700 пакетті Тараздағы емханаларға өткізген болса, «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ 150 пакетті облыс орталығындағы емханаларға тапсырған. Аталған компанияның басқарма төрағасы Олжас Қаржауовтың айтуынша, олар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында орналасқан «Зерде» компаниясынан қауіпті індетке қарсы және науқастардың дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектерді өз бағасымен сатып алып, өңірдің 7 ауданында орналасқан дәріханаларға арзан бағада таратқан.
Бүгінгі таңда облыста коронавирус індетін жұқтырудың дерегі төмендеген. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде инфекциялық және провизорлық стационарлардағы емделушілер қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде аурудан айыққандар саны артуда. Бұл ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымовтың айтуынша, «СҚ-Фармация» ЖШС-мен бірлесе отырып, тиісті денсаулық сақтау нысандарына 7,6 млрд теңгенің дәрі-дәрмектері жеткізілген. Сондықтан да медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектердің бір айлық қоры қалыптасқан. Науқастардың денсаулығын қалпына келтіру үшін ауруханаларда 476 оттегі концентраторы, 167 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Қазіргі кезде өкпені жасанды желдету аппаратының саны 30 пайызға, оттегі концентраторларының саны 70 пайызға артқан. «Дәрігерлер ауруханадан шыққаннан кейін де науқастардың жағдайын бақылауды жалғастыруда. Оларға бұл істе емханалар базасында құрылған мобильді топтар көмектесуде. Топ мүшелері шығарылған емделушілердің жағдайын тексеріп, қажетті көмектер көрсетеді», дейді Х.Мырзақасымов.
Жамбыл облысы