Ұстаз деген ұлағатты ұғымға шын лайықты жандардың игі істерді үндемей жүріп тындыратынына талай куә болдық. Сондай жанның бірі – ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, доцент Дәмегүл Баялиева.
Журналистика факультетінде білім берген әр оқытушының өзіндік қолтаңбасы, өз жолы мен бағындырған биігі бар. Алайда солардың ішінде жан-жағына әдемі жымиысымен жылылық шашып, әр студентін мейіріміне бөлеп жүретін Дәмегүл апайдың орны ерекше. Ұлы Абайдың: «Адамның адамшылдығы ең алдымен жақсы ұстаздан» деген сөзі бар. Осы тұрғыдан келгенде мен ұстаздан жолы болған шәкірттердің бірімін. Себебі Дәмегүл Сердәліқызы 2000-2005 жылдары бізге «Баспасөздегі ұлттық мәдениет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып мәселелері», «Білім реформасы және баспасөз», «Қазақ баспасөзіндегі тіл мен стиль» деген арнайы пәндер бойынша дәріс оқыды, менің бакалавр және магистрлық дипломдық жұмыстарыма ғылыми жетекшілік етті. Дипломдық жұмыстың тақырыбын бекітуден бастап, қорғауға дейінгі аралықта жетекшілік жасап қана қоймай, шын мәнісінде жанашырлық танытқан ұстазымның табандылығы мен талапшылдығы талай нәрсеге үйретті. Ең алдымен, жауапкершілікке, тиянақтылық пен тәртіпке баулыды.
Қазіргі таңда журналистика саласында қандай да бір жетістікке қол жеткізсем, оған апайымның қосқан үлесі зор. Өйткені, оқу бітірер жылы «Республикалық «Сақшы» газетіне тілші керек екен. Мен сені ұсындым. Барып көр. Қолыңнан келеді», деп сенім артып, арқамнан қағып шығарып салған сәті әлі күнге дейін көз алдымда.
Апайдың ел ертеңі, ұлт болашағы, жастардың мүмкіндігі туралы әр сөзі біздерге қуат берді. «Өз мүмкіндігіңді шыңдай түсу керек» дегеннен жалықпайтын ұстаздың жақсылыққа толы кеңесі көңілге қашанда сенім ұялатады. Көйлегі де, көңілі де тап-таза жүретін ұстаздың дәрісінен, өмірдің өзінен алынған әңгімесінен кейін жаның да, табиғатың да тазарып қалатын. Өзіңді тау қопарып, тас жарып тастардай, кедергілерге қарамастан биікке еш қиындықсыз шығардай жеңіл сезінетінсің. Сөздің құдіреті, ұстаздың берік ұстанымы деген осы болар...
«Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және тіл, стиль мәселелері» оқу құралының авторы Дәмегүл Сердәліқызы ұлттық құндылықтарды ұлықтай жүріп біздерге қазақ баспасөзінің қыры мен сырын, мәні мен маңызын ұғындырды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген әр мақаланы назардан тыс қалдырмады. Дәріс шеңберінде шектелмей, қазақ қызына керек кеңесін де айтатын, ұлтқа қажет ұлағатты сөздерді де санаға сіңіріп отырды. Ең бастысы – ұстаз бізге ұлттық құндылықтарды мақтаныш ете білуді де үйретті.
Бойымыздағы тілге, стильдік талдауға деген жылт еткен шоқты көріп, оны өзінше жалынға айналдырған Дәмегүл апайдың табандылығына қарыздармыз. Мақаланы тақырыптық тұрғыдан талдап, жанрлық ерекшелігін екшеу, журналистің тілдік табиғатын, стильдік өзгешелігін сауатты сараптау – міне, осының барлығын бойға дарытқан ұстаз бізге ең бірінші «жазуға құрметпен қарау қажет» екенін ұқтырды. Қазақ журналистикасының ғылыми негізін қалауға атсалысқан ұстаздың әр сөзінен қазақылық, әңгімесінен ұлтқа деген жанашырлық есіп тұратын. Қазақ баспасөзіндегі ұлттық құндылықты зерттей жүріп, санамызда көмескілене бастаған ғұрып пен салтты жаңғыртуға зор еңбек етті.
Үмбетбай аға Уайдиннің: «Әдемі адам әдемі, әдепті адам әдеміден де әдемі» деген жақсы бір сөзі бар еді. Дәмегүл апай есіме түскенде осы сөздер ойыма орала береді. Себебі, апай – шын мәнісінде әдепті әрі әдемі ұстаз. Ол кісіден білім алған алты жылда біреуге дауыс көтеріп ұрысқанын, ашуға беріліп, артық сөз айтқанын көрген емеспін. Ұрыспай-ақ зиялылығымен ұялтатын. Кішіпейілдік танытса да есіртіп, даңдайсытып қоймайтын.
Апай бізге, әсіресе, қыздар қауымына санаға саңылау түсірер сүбелі сөзімен ғана емес, жүріс-тұрысы, киім кию үлгісімен де өнеге болды. Сабырлы қалпында баппен сөйлеп отырып-ақ тентекті тезге салатын. Тәлімі мол әңгімесімен жанның мысын басып, өзіне тәнті ететін. Сол себепті Дәмегүл апайдың жанында олпы-солпы жүруге ұялатынбыз, әр сөзімізді салмақтап сөйлеуге тырысатынбыз. Бойына киімін жарастырып қана киіп, жымиып қана күліп отырып дәрісін жүргізетін әдебінен ажырамаған апай өзге оқытушылардың ортасында осы қасиеттерімен көзге оттай ыстық көрінеді. Мінез сұлулығы мен келбет келістігі де терең табиғатынан екенін ұқтық. Өз басым ұстазыма қатты еліктейтінмін. Білім-біліктілігіне ғана емес, әйел, ана, жар бейнесіндегі биіктігіне тамсана қарайтынмын. Қазақ қызы, ұлттық намыс, ұлттық құндылық туралы шынайы жанашырлықпен айтқан әр сөзі ұяттың дауысындай болып естілетін. Ұлттың болашағын ең бірінші қыздың ар-ожданымен байланыстыратын апайдың: «Сендердің ер азаматтарға қарағанда арқалаған жүктерің салмақтырақ. Өйткені, жар ретінде шаңырағыңды шайқалтпау, журналист ретінде ұлттың жоқ-жітігін ұдайы тексеріп тұру дейтін міндеттерің бар», деген сөзі әлі күнге дейін жадымызда жатталып қалған.
Әр студентке құрметпен қарауы – ұстаздың бізге әсер еткен басты өнегесі осы еді. Оқытушы ретінде алдында отырған әр студенттің бойындағы кемдікті емес, ең алдымен кеңдікті байқайтын, жылт еткен жақсы қасиеті болса соны жанып, одан сайын жарқырата түсуге тырысатын. Сөзі сынық, ісі түзік апайдың кісілік келбетіне тән тағы бір қымбат қыры – қарапайымдылығы еді. Ал ұстаздықтың таза табиғаты тек осындай адами қасиеттермен үйлесім табары анық.
Жетпіс дейтін мерейлі жасқа келген ұстазым – Дәмегүл Сердәліқызының шәкірттерінің тек ізгі істеріне куә болып, ғибратты ғұмыр кешуіне тілектеспін. Ұстаз үшін бұдан артық еш құрмет қажет емес.
Бану ӘДІЛЖАНОВА
НҰР-СҰЛТАН