• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Тамыз, 2020

Қиындықпен күрес (Жеті айдың қорытындысы не дейді?)

117 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында эпидемияға қарсы іс-шараларды іске асыру барысы және үстіміздегі жылдың жеті айының экономикалық қорытындысы қаралды.

 Карантин кезең-кезеңімен алынады

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 10 күн ішінде Қазақстанда корона­вирус инфекциясының репродук­тив­тілігінің орташа көрсеткіші 0,92-ден 0,82-ге дейін төмендегенін баяндады. Са­уы­ғып шыққан адамдардың үлесі 73,6%-ды құрайды, қалғандары қажетті ем алып жа­тыр. Төсек орындарының жүктемесі 61%-ға, жедел жәрдем шақыру көлемі 62%-ға (3 232-ден 1 232-ге дейін) тө­мен­деді.

«Жалпы алғанда, еліміздегі сани­­тар­лық-эпидемиялық жағдай тұрақ­ты. Нәтижелер қабылданған шаралар­дың тиімділігін көрсетіп жатыр» деген А.Мамин, Денсаулық сақтау ми­нис­трлігіне қалыптасқан эпидемиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын Мемлекеттік комиссияның қарауына енгізуді тапсырды.

 

Экономиканың негізгі салалары дамып келеді

Бұдан кейін Үкімет еліміздің 2020 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеумет­тік-эко­номикалық дамуының қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылуын қарады. Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің ат­қарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, Қаржы министрі Е.Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы ахуал туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Б.Атамқұлов пен Энергетика министрі Н.Ноғаев, агроөнеркәсіп кешені туралы Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, өңірлердің дамуы туралы Алматы облысының әкімі А.Баталов, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов, Атырау облысының әкімі М.Досмұхамбетов, Ақтөбе облы­сының әкімі О.Оразалин баяндады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов атап өткендей, 2020 жылғы қаңтар-шілденің қорытындысы бо­йынша тауарлар өндірісі 2,1%-ға өсті, сонымен бірге көрсетілетін қызметтер 6,2%-ға қысқарды. Нәтижесінде, жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 2,9%-ға төмендеді. Жылдық инфляция 7,1% құрады. Бұл күтілген инфляция дәлізінен төмен (8-8,5%).

Сөйтіп жеті айдың қорытындысы бойынша экономиканың базалық салаларында оң өсім серпіні сақталуда. Өңдеу өнеркәсібінде 3,8%-ға, оның ішінде машина жасауда 13,9%-ға, азық-түлік өнімдерін өндіруде 4,1%-ға, фармацевтикада 23,2%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 7,3%-ға, қағаз өндірісінде 15,7%-ға, химия өнеркәсібінде 3,6%-ға және дайын металл бұйымдарын өндіруде 18,6%-ға өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 6,3% -ға, тұрғын үй салу 7,5%-ға немесе шамамен 7 млн шаршы метрге артты. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсім 2,5%-ға қамтамасыз етілді.

Дегенмен ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің төмендеуі (-1,4%) байқалады, бұл тау-кен өнер­кәсібінің жалпы көрсеткіштеріне тікелей әсер етті (0,4%-ға төмендеу). Тау-кен секторының басқа да маңызды бағыт­тары бойынша оң динамика сақталып отыр: көмір өндіру 2,6%-ға, металл кендерін өндіру 2,3%-ға, табиғи газды өндіру 0,9%-ға өсті.

Карантин кезінде қызмет көрсету секторында көрсеткіштердің төмендеуі байқалады (-6,2%). Бұл әсіресе сауда (-11,9%), көлік (-15,6%), әкімшілік қызмет көрсету (-5,3%) салаларына және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға (-4,3%) қатысты. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Сол­түстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұл­тан және Алматы қалалары әлеу­меттік-экономикалық дамудың 7 негіз­гі көрсеткішінің 5-уі бойынша өсім көрсетті. Қарағанды, Түркістан, Пав­лодар, Ақтөбе облыстары мен Шым­кент қаласында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Тек 3 көр­сеткіш бойынша өсім Атырау, Қызыл­орда және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстан Республикасының 2020 жыл­ғы 7 айдың қорытындысы бойынша мем­лекеттік бюджетке 4 трлн 468 млрд теңге сомасында кіріс түсіп, жоспар 94,7%-ға орындалғанын мәлімдеді. Соның ішінде, республикалық бюджетке 2 трлн 714 млрд теңге сомасында кіріс түсіп, жос­пар 83,3%-ға орындалған. Кірістер бо­йын­ша жоспардың атқарылмауы 544 млрд теңгені құрады. Негізгі атқарыл­мау со­малары қосылған құн салығы жә­не кор­поративтік табыс салығы­на тие­сілі бо­лды. Ал жергілікті бюджет­тер­дің мен­шікті кірістері 1 трлн 754 млрд теңгені құрап, жоспар 120%-ға орындалған.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, өткен кезеңнің корытындысы ел экономикасы дамуына сыртқы факторлардың кері әсерін тигізгенін көрсетті. Осыған орай ол ел экономикасын қорғау мақ­сатында тиісті қаражаттың бөлінгенін жеткізді. Мәселен биылғы жылдың нақ­ты­ланған республикалық бюджетінің шығыстары 14,2 трлн тенгені құрайды, бұл былтырғымен салыстырғанда 19%-ға көп. Премьер-Министрдің бірінші орын­басары мұның дағдарысқа қарсы контр­фискалдық саясат екенін атап айтты. «Осы қаражатты жыл соңына дейін толығымен тиімді игерілуін қамта­масыз ету керек. Министрліктер және жер­гілікті атқарушы органдар инвести­ция тарту жөнінде Үкімет алдында мін­деттеме алды. Инвестиция көле­мін ағымдағы жағдайға сәйкес жақын арада қайта қарап, жаңадан бекіт­тік. Осы жұмыс әріптестерімнің ерекше бақы­лауында болуы керек», деді Ә.Сма­йы­лов.

 

Халықаралық резервтер ұлғайды

Республикалық бюджеттің атқары­луы туралы баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев атап өт­кендей, коронавирус пандемиясының салдары дамыған және дамушы елдер экономикасының рекордтық төмен­деуіне алып келді. Ағымдағы жылғы екінші тоқсанда АҚШ-тағы ІЖӨ көр­сет­кіші өткен тоқсанға қарағанда 9,5%-ға, Еуроодақта 14,4%-ға, оның ішінде Ис­панияда 18,5%-ға, Германияда 10,1%-ға төмендеді. Испания мен Германия үшін бұл көрсеткіш тоқсандық есептеулер тари­хындағы ең төменгі мән болып табы­лады.

Дүниежүзілік банктің бағалауы бо­йынша әлемдік экономика Екінші дүние­жүзілік соғыстан кейінгі ең терең құл­ды­рауға тап болды. Ол ағымдағы жылдың соңына қарай 5,2%-ға төмендеуі мүмкін.

«Соған қарамастан, Қытай, Еуроодақ елдері және АҚШ-тың өнеркәсіптегі іскер­лік белсенділік көсеткіштері айтар­лықтай жақсарғаны тіркелді. Global Manufacturing PMI индексі 2020 жылғы қаңтардан бастап алғаш рет оң аймаққа өтіп, 50,3 тармаққа жетті», деді Е.Досаев.

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі ағымдағы жылғы маусымда 46,8 тармаққа дейін қалпына келгеннен кейін, енгізілген карантиндік шектеулер аясында ағымдағы жылғы шілдеде 44,7 тармаққа дейін төмендеді. Бұл жағдай қызмет көрсету саласындағы белсенділіктің қысқаруына байланысты орын алды. «Жедел деректер бойынша, 2020 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысында Қазақстанның ІЖӨ Ұлттық банктің болжамына сәйкес -1,5%-бен салыстырғанда, жылдық мәнде 1,8%-ға қысқарды, бұл қызмет көр­се­ту секторындағы, атап айтқанда сауда мен көлік секторындағы қатты құлды­рау­ға бай­ланысты. Осыған орай, инфля­­­ция­лық күтулердің тұрақтануын ескере отырып, Ұлттық банк биылғы 20 шіл­­­деде Қазақстан экономикасының өсуін қал­­пына келтіруді қолдау үшін пайыз­­­дық дәлізді +/- 1,5 пайыздық тармақ­­қа дейін тарылта отырып, базалық ставканы 9,0%-ға дейін төмендетті», деді Е.Досаев.

Жылдық инфляция ағымдағы жылғы шілдеде 7,1% құрап, Ұлттық банктің бол­жамдарына сәйкес қалыптасады. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі 11,3% болды және инфляцияның орын алуына негізгі үлес қосуын жал­ғастыруда. Нан-тоқаш өнімдері мен жарма, жеміс-көкөніс өнімдерінде өсудің барынша жоғары қарқыны сақталуда, бұл ретте ет және ет өнімдері бағасының өсу қарқыны біршама баяулады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсуі жанар-жағар май бағасының төмендеуі аясында 5,4% деңгейінде сақталды. Төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет тарифтерін уақытша төмендету әсерінің ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі 3%-дан шілдеде 3,2%-ға дейін артты.

Алдын ала деректер бойынша шіл­денің соңында халықаралық жалпы резервтер 3,2%-ға ұлғайып, 93,5 млрд долларды құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері ағымдағы жылғы шілдеде, ең алдымен, алтын ба­ға­сының өсуіне байланысты 35,3 млрд долларға дейін 7,3%-ға немесе 2,4 млрд долларға ұлғайды. Ұлттық қор­дың активтері ағымдағы жылғы шіл­деде 1,6 млрд доллар сомасында алған инвестициялық кіріс есебінен бір айда 0,5 млрд долларға (+0,9%) ұлғайып, 58,2 млрд долларды құрады, бұл ретте кепілді трансферт бөлу мақсатында Ұлттық қордың активтерін 1,1 млрд долларға конвертациялау жүзеге асырылды.

Биыл маусымның соңында банк жүйесіндегі депозиттер теңгедегі салым­дардың өсуі есебінен жыл басынан бері 4,4%-ға немесе 846 млрд теңгеге ұлғайып, 19,9 трлн теңге болды. Ұлт­тық валютадағы салымдар 11,9 трлн теңгеге дейін 10,2%-ға (немесе 1 104 млрд теңгеге) өсті. Валюталық салым­дар ағымдағы жылғы маусымның соңын­да 3,1%-ға (немесе 258 млрд теңгеге) азайып, 7,9 трлн теңге болды. Нәти­же­сінде депозиттердің долларлану дең­гейі ағымдағы жылғы маусымда 40%-ға дейін төмендеді (2019 жылғы желтоқсанда 43,1%).

Жыл басынан бері экономикаға бері­летін кредиттер ұзақ мерзімді кредит­тердің 11,9 трлн теңгеге дейін 0,4%-ға немесе 52,4 млрд теңгеге өсуі нәтижесінде ағымдағы жылғы маусымның соңында 13,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Қысқа мер­зімді кредиттер 2,1 трлн теңгеге дейін немесе 9,8 млрд теңгеге шамалы өсті.

Сонымен қатар Е.Досаев «7-20-25» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 6 тамызға 240,7 млрд теңгеге 20 693 өтінім мақұлданғанын, оның ішінде 199,3 млрд теңге сомасына 16 868 қарыз берілгенін айтты. «Баспана хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 6 тамыздағы жағдай бойынша 296,4 млрд теңге сомасына 34 904 өтінім мақұлданды, 235,6 млрд теңгеге 28 347 қарыз берілді.

 

Ауыл шаруашылығы 2,5%-ға өсті

Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің жай-күйі туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады. Биылғы 7 айдың қорытындысы бо­йынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімі­нің көлемі 2,5%-ға ұлғайып, 1,7 трлн теңгені құрады. Министр хабар­лағандай, бұл өсім негізінен мал шаруа­шы­лығындағы өндіріс көлемінің 2,6%-ға, оның ішінде тірі салмақтағы еттің 3,6%-ға, сүттің 3%-ға ұлғаюы есебінен қам­тамасыз етілді. Облыстар бөлінісінде рес­публикалық деңгейден жоғары қарқын Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қара­ғанды, Солтүстік Қазақстан және Ақ­мола облыстарында байқалды. 6 айдың қорытындысы бойынша ірі қара мал саны 4,5%-ға, қой саны 2,5%-ға, жыл­қы саны 8,5%-ға, түйе саны 4%-ға, шош­қа саны 0,7%-ға өсті. «Бүгінгі таңда Ақтө­бе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жам­был, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында дәнді дақыл­дарды жаппай жинау жүргізіліп жатыр», деді министр.

Биылғы 10 тамыздағы жағдай бойын­ша 929,4 мың гектар немесе егіні жи­налуы тиіс алқаптың 37,3%-ы жиналды. Орташа түсімділік гектарына 19,1 центнерді құрап, 1,8 млн тонна дәнді дақыл бастырылды (өткен жылы осындай күнге 1,4 млн тонна бастырылған болатын). Сонымен қатар республиканың негізгі егін егуші өңірлері де жаңа егін көлемін жинауға кірісіп кетті (93,3 мың гектар немесе көрсетілген өңір­лер алаңдарының 0,8%-ы жиналды). Сол­түс­тік өңірлер жаппай егін жинауды 20 тамызға қарай бастайтын болады.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 13,5%-ға ұлғайып, 261,2 млрд теңгені, азық-түлік өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 13,8%-ға артып, 45,7 млрд теңгені құрады.

 

Өңірлерден белсенді жұмыс күтіледі

Мәселені Үкімет басшысы Ас­қар Мамин қорытындылады. Ол эконо­миканың базалық салаларында өсімнің оң көрсеткіштері сақталып отырғанын, бірақ көңіл бөлетін мәселелер аз емес екенін атап көрсетті.

«Өңірлер белсенді жұмыс істеп, эко­но­микалық өсімді қалпына келтіру жо­лында қабылданған барлық шара­ларды, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясындағы шараларды тиімді іске асы­руы қажет. Отандық өндірісті қол­дау­ды, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қам­тылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды барынша қам­тамасыз ету қажет», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы өңірлік дағдарысқа қарсы штабтардың жұмысын жандандыруды, кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шұғыл қарауды және тиісті шешімдерді қабылдауды тапсырды.