• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Тамыз, 2020

Ұлыбритания экономикасы құлдырады

833 рет
көрсетілді

Әлем елдерінің, оның ішінде дамыған мемлекеттердің экономикасы пандемия кесірінен қиындыққа тап болып жатыр. Мұндай жағдайдың болатыны індет алғаш өршігенде-ақ айтылған еді. Осы аптада Ұлыбританияның ұлттық статистика басқармасы (ONS) ел экономикасының рецессияға ұшырағанын ресми мәлімдеді.

Жалпы, ел экономикасы мұндай дағ­дарысты 2009 жылдан бері көрмеген. Рес­ми мәліметтер бойынша сәуір және мау­­сым айларындағы көрсеткіш тарихта бол­маған құлдырауды тіркеген. Жыл ба­сын­дағы үш аймен салыстырғанда өсім 20,4 пайызға төмендеген. Корона­ви­­рус­тың таралуын тоқтату үшін үкімет қа­былдаған шаралар қызмет көрсету, өн­діріс және құрылыс салаларына қатты соқ­қы берген. Қаржы министрі Риши Су­нак бұл ресми деректер жағдайдың қиын­дығын растайтынын айтып, дабыл қақты.

«Жүз мыңдаған тұрғын жұмысынан айы­рылды. Ең өкініштісі, бұл жағдай ал­дағы айларда да жалғасуы мүмкін. Де­генмен біз бұл қиындықтан өтеміз. Еш­­бір азаматты қиын жағдайда қал­дыр­май­мыз», деді министр өзінің мәлім­деме­сінде.

Ұлттық статистика басқармасы (ONS) өндірістің құлдырауы дүкендердің, қонақүйлердің, мейрамханалардың, мек­тептер мен көлік жөндеу шебер­ха­наларының жабылуына бай­ла­ныс­ты болды деп отыр. Эконо­ми­каның бестен төртіне тиесілі қызмет көрсету сек­то­ры тарихтағы ең үлкен тоқсандық құл­ды­рау­ды бастан өткерген.

Әлем елдерінің бірқатары эконо­ми­калық қиындықтарға тап болғаны түсінікті. Алайда барлығы Ұлыбритания секілді ауыр рецессияға ұшырамаған. Мәселен, салыстырмалы түрде Кана­даның экономикасы екінші тоқсанда 12 пайызға, ал Жапонияда 7,6 пайызға төмендеді деген болжам бар.

Сарапшылар Ұлыбританиядағы қа­зір­гі экономикалық жағдайды каран­тин шараларының енгізілуімен тікелей байланыстырып қарастыруда.

Пандемиядан жапа шеккен ең ал­ғашқы ел Қытай болғанымен, оның эко­но­микасы қайта өсімді көрсете бастаған. Осылайша әлемдегі екінші ірі экономика иесі соңғы онжылдықта болған ең қиын рецессиядан аман шыққан.

Жалпы, Ұлыбританияның коро­на­вируспен күрес шаралары тұрғындар мен сарапшылар тарапынан көп сынға ұшырады. Ел билігі вирус жұқтырғандар санының артқанына қарамастан, қатаң шараларды Италиядан екі аптадан кейін, Испаниядан он күннен кейін, ал Франциядан бір аптадан кейін енгізді. Ал бұл кезде вирусты бақылауға алу қиындап кетті, сол себепті бизнесті ұзақ уақытқа жабуға тура келді.

Италияда мейрамханалар, кафелер мен шаштараздарға мамыр айының ортасында қайта ашуға рұқсат берілді, ал Ұлыбританияда олар тек шілдеде ашылды. Германия болса кітап, вело­сипед, автокөлік дүкендеріне сәуірдің со­ңында жұмысын жалғастыруға мүм­кіндік берсе, Ұлыбританияда бөлшек сау­да орындары тек екі айдан кейін жұ­мыс істеді. Осылайша жекелеген бизнестің ұзақ уақыт жабық болуы ел экономикасына едәуір соққы болған. Себебі елдегі қызмет көрсету саласы мен үй шаруашылығы шығындары эко­номиканың басым бөлігін құрайды. Ал үйде отырған тұрғындар шығындалмай, ақша үнемдеген. Оған қоса, 730 мыңнан астам жұмыс орны жабылған.

Қаржы министрі үкімет тұрғындарға бұрынғы жұмыс орнына орала алатынын айтып көлгірсімейді, оның орнына басқа салаларда жаңа жұмыс орындарын ашуға тырысады, дейді.

Ал бизнес өкілдері болса үкіметтен көмек күтіп отыр. Соңғы мәліметтер өсім жағына қарай өзгерістер байқа­ла­ты­нын көрсеткенімен, Англия банкі экономика пандемия алдындағы көрсет­кішіне келесі жылдың соңына дейін жет­пеуі мүмкін деп болжады. Ал Еуро­паның өзге елдерімен салыстырғанда Ұлыбри­та­нияның ең төмен нәтиже көрсетуінің себебін экономиканың қызмет көрсету саласымен тікелей байланысты болуымен түсіндірді. Бұдан шығатын қорытынды – пандемия қызмет көрсету саласына тәуелді елдердің экономикасына ең ауыр соққы болғаны. Енді сарапшылар алдағы екінші толқынның қаупі мен Brexit бойынша келіссөздердің баяулап қалуына алаңдаушылық танытып отыр.