• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 14 Тамыз, 2020

«Жыр майданы» – жастықтың жаңа сәні

391 рет
көрсетілді

Жастық – әрқашан жаңашылдықтың жаршысы. Әрбір келген жаңа буын – жас толқынмен жаңаша пайым, соны бір соқпақ, өзгеше бір өрнек те бірге келеді. Әрбір жаңа ұрпақ өз сөзін айтуы тиіс қой.

Мемлекет мүддесі де сол – ұлт үміті болар жас ұрпақ­ты қалыптастыру, қорғау, қам­­қорлық жасау, бағыт пен бағ­дар беру, бақастықтан шал­ғай шынайы білім бәсекесі, өнер бәсекесіне түсуіне мүм­кіндік тудыру. Әдетте, жас­тарға арналған, болмаса жас­тар құрып отырған бағдар­ламаларды көргенде әзіл мен қылжақтың ауылынан ұзай қоймағанына іштей қынжылыс білдіруші едік. Әсіресе, теле­арналардың жастар аудиториясы үшін көбірек білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке негізделген бағдарламалар түсіргенін қалайтынбыз.

Жақында жаңа бір жобаға көзіміз түсті. Ұлыстың қолын­дағы шамшырағы – хакім Абай­дың 175 жылдығы аясында «Абай» есімімен аталған телеарна ашылды. Ақын атын­дағы телеарнада таза бір шы­ғармашылыққа, өлеңге, жас­тар арасында әдебиетті наси­хаттауға бағытталған «Жыр майданы» деген хабарды көріп ішіміз жылып қалды. Жастар жыр оқып жатыр. Ақындар емес, жастар – болашақ мем­ле­кеттік қызметкерлер, мұға­лімдер мен дәрігерлер, құры­лысшылар мен инженерлер, технологтар мен тәртіп сақ­шылары дегендей. Бірімен бірі жарысып, өнер жарыстырып, білім салыстырып, барын салуда. Әл-Фараби мен Абай жылында жастардың жыр оқып жатқаны – қандай жара­сымды! Осы оймен бірден ұйым­дастырушыларын тауып, хабарластық.

– Жастар арасында поэзия оқуды сәнге айналдыруды мақсат еттік. Жастар үлкендерге емес, бір-біріне еліктейді. Бірінің бо­йындағы мінез бен әдетті, өнер мен сөзді өзгелері де іліп алып кетеді. Осы заманның сөзімен айтқанда, трендке айналдырады. Маусым айынан басталған жыр оқу жарысына мыңға жуық өтінім түсіп, соның ішінен 16-27 жас аралығындағы 300 үміткерді таңдап алдық. Бұл – жастардың өз жиыны. Байқауда әділ-қазы жоқ. Бірін бірі бағалап, өзін-өзі сынап үйренсін дедік. Жастар арасында жыр оқудың сәнге айналуы – ертеңгі зиялы, интеллигенциялық орта қалыптасуының алғышарты ғой. Қыз-жігіттердің бос сөз, босқа жүріске үйір болмай, өлең оқығаны жақсы емес пе?! Сондықтан біз корпорация басшылығының ұсынысымен осы жобаны қолға алдық. Жоба жыл бойы өтеді. Соңын­да поэзиялық гала-кеш болады, – дейді жоба авторы және бас продюсері Мұхтар Түменбай.

Рас, жастарды ортасы тәр­­биелейді. Ортасы дұрыс болғаны – озады. Жастардың бойына жақсылық пен ізгіліктің дәні – өлең дәні қазір егілсе, ертең бүр жарады, ары қарай жайқалып өседі. Жобаның тағы бір креативті табысы – ком­­­пьютерлік графикамен Абай бейнесінің қозғалып тұруы. Өлеңді жатқа оқудан жа­­­ңылған жасқа Абай бейнесі бас шайқаса, жақсы оқығанын құп­тап, бас изейді. Мұның өзі әрбір қатысушыға Абайдың алдында тұрғандай, Абай алдында өлең оқығандай әсер сыйламай ма. Иә, әр ұрпаққа Абай қарап тұр. Бұл әсер – «Абайдың сөзі – арым дейтін» қасиетке ұласпай ма?!.