Nur Otan партиясының орталық аппаратында «Жастарды қолдау» бағыты бойынша отырыс өтті. Жиын барысында қатысушылар пандемия жағдайындағы волонтерлік қызмет және Jas Otan жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын талқылады.
Партиялық куратор, Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских отырысты адам өмірі мен денсаулығы үшін күресте алдыңғы қатарда жүрген адамдарға алғыс айтудан бастады: «Біз күн сайын бүкіл ел бойынша медицина, полиция және қарулы күштер қызметкерлері, еріктілер, сондай-ақ қайырымды жандар жасаған ерлікке куә болып жүрміз. Бүгін бірінші кезекте дәрігерлерге, медбикелерге, санитарларға, жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді», деді депутат.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов «Волонтер жылы» және коронавирус пандемиясы кезіндегі волонтерлік жобаларды іске асыру және қаражатты пайдаланудың тиімділігі туралы баяндама жасады. Отырыс барысында Jas Otan жастар қанаты жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жасотандық волонтерлердің атқарған жұмысы туралы айтып берді.
«Пандемия кезінде «Біз біргеміз!» акциясына 5 мыңнан астам волонтер мен мейірімді қазақстандық қатысып, 250 мың мұқтаж жанға азық-түлік себетін және гигиеналық құралдарды, сонымен қатар 5 млн медициналық маска үлестірді. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде 3 мың қарт адам күнделікті ыстық тағаммен қамтамасыз етілді», деді волонтерлер жұмысынан хабар берген Е.Бейсенбаев. Сондай-ақ жастардың Түркістан облысының Мақтаарал ауданында болған оқиғаға бейжай қарамай, «гуманитарлық көмекті» тарату жұмысына белсенді атсалысқанын атап өтті.
Осындай қиын уақытта азаматтарымыздың өмірі үшін ұзақ уақыт бойы күресіп жүрген дәрігерлер де жас волонтерлердің назарынан тыс қалған жоқ. «Бұдан басқа дәрігерлерді қолдау мақсатында «Дәрігерлерге мың алғыс» республикалық акциясы ұйымдастырылған болатын. Іс-шара барысында 6 900-ден астам медицина қызметкеріне және 100-ден астам ауруханада еріктілер қолғабыс етті», деп атап өтті Jas Otan жетекшісі.
Жиында белгілі болғандай, Jas Otan ЖҚ коронавирустық инфекция пандемиясымен күресте қолдау көрсету жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Сондай-ақ әлемде болып жатқан оқиғаларға қарамастан, партияның жастар қанаты ел жастарының өмірін жақсартуға бағытталған қызметтерін жалғастыруда. Осыған орай 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын әзірледі.
Jas Otan бағдарлама жобасын көпшілік назарына талқылауға ұсынды. Бағдарлама жобасында әрбір жас қазақстандықтың өміріне қатысты жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, сапалы білім, азаматтық белсенділік және тұлғалық даму сынды негізгі мәселелер көрініс тапты. «Бағдарламаны іске асыру мақсатында қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін шаралар кешені мен нақты индикаторлары бар өңірлік жол карталары қабылданатын болады. Бағдарламаны іске асыру мақсатында партияның жас өкілдерін Парламент Мәжілісінде және барлық деңгейдегі мәслихаттарда нақты тетіктермен қамтамасыз ету үшін жастарға бөлінген 20% квота негізінде партияішілік праймеризде іріктеу арқылы белсенді және талантты жас қазақстандықтардың пулы құрылады», деді Е.Бейсенбаев.
Бағдарлама жобасын әзірлеу барысында жас белсенділер дамыған елдердің тәжірибелерін зерделеп, әлеуметтік зерттеулер мен сауалдамалардың нәтижелері ескерілген.