Жұмыс іздеп жүрген адамның сенгіш болатыны әуелден белгілі. Солтүстікқазақстандық полицейлерге сондай бір азамат арыз түсіріп, өзін интернет арқылы алаяқ алдап кеткенін жеткізген.
Ол «В» санатындағы жүргізуші куәлігіңіз болса жалақыңыз жоғары болады деген хабарландыруды интернеттен көрген. Көрсетілген нөмірге телефон соқса ар жағындағы әйел барынша биязы сөйлеп, оның бұл орынға сәйкес келетінін айтқан. Алайда, жұмысқа орналасу үшін санитарлық кітапша және денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама ұсынуы қажет екенін айтқан. Ал олардың бәрін тезірек жасау үшін мына есепшотқа ақша аударуыңыз керек деген. Карантин уақытында керекті анықтамаларды алудың қиын екенін ескерген азамат көрсетілген есепшотқа талап еткен соманы аударып-ақ жіберген екен...
Кейін телефонның ар жағындағы «қамқоршы» электронды рұқсат қағазын әзірлеу үшін қосымша ақы сұраған, бірақ бұл ақшасының жоқтығын айтып, бетпе-бет кездесуді ұсынған екен... Осыдан кейін алаяқ байланысты үзіп, телефонды өшіріп тастайды. Ер адамға полицияға жүгінуге тура келеді.
Интернет-алаяқтықтың тағы бір жиі кездесетін тәсілі бар. Адамдарға белгісіз біреулер хабарласып, олардың банк карталарын біреулер бұзып, иемденбекші екенін айтып қорқытады. Осындай айлаға 48 жастағы облыс тұрғыны алданып қалған. Сыпайы және сенімді көрінген адамға әйел сеніп, оның барлық «нұсқауларын» орындаған: депозит шотынан картаға 130 мың теңгені аударып, телефон арқылы карта нөмірін айтып берген. Кейін қаскөйдің құрығына түсіп қалғанына көзі жетіп, полицияға жүгінген. Қазіргі уақытта полицейлер қаскөйлерді анықтау бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.