• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Тамыз, 2020

Түркия боксын өрге сүйреген қазақ

3057 рет
көрсетілді

Бокстан Еуропа чемпионаты сонау 1925 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Айтулы жарыстардың дені Түркия құрама командасының қатысуымен өтті. 1991 жылға дейінгі аралықта бұл мемлекеттің өрендері екі күміс пен алты қола медальды иеленді. Бір өкініштісі, 29 мәрте жалауы желбіреген жарыста бас жүлденің бірде-біреуі түріктерге бұйырмаған екен. Тек 1993 жылы Бурсада ұйымдастырылған қарт құрлықтың басты додасында Анадолы елінің әнұраны алғаш рет шырқалды. Сол жарыста бас жүлде жеңіп алған қазақтың ұлы Нұрхан Сүлейменоғлы еді. Ал біз Түркия боксын өрге сүйреген қандасымыз жайлы не білеміз?

Нұрхан Сүлейменов 1971 жыл­дың 28 ақпанында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауда­нының Жаңабазар ауылында дүниеге келді. Шымкент қаласында Виктор Нечайдың қол астында жаттығып, жастайынан жасындай жарқырады. Республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, бүкілодақтық додаларда дараланғаннан кейін Қазақстан құрамасы сапына қабылданды. 63,5 кило салмақ дәрежесінде күш сынас­қан 20 жастағы қандасымыз 1991 жылдың қыркүйек айында Новороссийскіде өткен КСРО кубогының ширек финалында өзбекстандық Нариман Атаев­ты ұтып, жартылай финалында ресейлік Константин Цзюмен жолы қиысты. Уақыт оза кәсіпқой бокстың шоқ жұлдызына айналған Свердлов облысының тумасы әуесқойлар арасында да орасан зор табыстарға қол жеткізгенін жанкүйерлер жақсы біле­ді. Сол кездің өзінде Цзю екі дүркін Еуропа және үш дүркін КСРО чемпионы, Ізгі ниет ойындарының жеңімпазы атанып үлгерген. 1988 жылы Сеул Олимпиадасының ширек финалына дейін жетті. 1991 жылдың қараша айын­да әлем чемпионы атанғаннан кейін кәсіпқой рингте бақ сынауға бел буып, көп ұзамай төрткүл дүниенің теңдес­сіз боксшысының біріне айналды. Мі­не, Новороссийскіде біздің Нұрханға осындай саңлақпен жұдырықтасуына тура келді.

КСРО кубогының жартылай финал­дық сайысы өте жоғары деңгейде өтті. Бұл бәсекеде «жеңісті кімге береміз» деп қазылардың біраз бас қатыруына тура келді. Біраз ойлана-толғана келе рингтегі төреші Цзюдың қолын көтерді. Иә, қазылардың бұл шешіміне көпшіліктің таңдана қоймағаны анық. Оның өзіндік себебі де бар. Біріншіден, КСРО құрамасының бапкерлері қараша айында Сиднейде өтетін әлем чемпионаты қарсаңында атағы дардай саң­лақтың сағын сындырғысы келмеді. Бәлкім, Мәскеудің мүйізі қарағайдай мамандары өз отандастарының есімі беймәлім қазақ жігітінен жеңілгенін қаламаған болар. Екіншіден, содан екі күн бұрын ғана Костя 22 жасқа толған еді. Қалай болғанда да, Цзю финалға шықты, Сү­лей­менов қола медальды қанағат тұтты.

1992 жылы Ыстанбұлда өткен ха­лықаралық жарысқа аттанған Нұр­хан Сүлейменов сол жақтан елге қай­тып оралмады. Оның себебін кейін біл­дік, соның алдында ғана Анкарада бай­рақты бір дода өтіп, қандасымыз қар­сыластарын әдемі ұтқан екен. Бокс өнерінің қадірін енді-енді түсіне бас­таған түріктердің сол кезде қазақтың ұлына көздері түсіпті. Ал осы жолы келгенде нақты ұсыныстарын айтып, Түркияда қалуын өтінген.

Нұрхан айтады: Ол бiр аумалы-төкпелi заман едi. Нарық қыспаққа алғанда, бәріміз қатты қиналдық. Сіздер мені түсінуге тиіссіздер, бiз бiр отбасында сегiз адамбыз. Әке-шешемнiң табысы күн көрiске жетпей, жоқшылықтың азабын молынан таттық. Алдымда аға-әпкелерім, артымнан өсіп келе жатқан іні-қарындастарым бар. Солардың қамын ойладым. Өзім де әдемі киініп, ел қатарлы жүргім келді. Ал оған тапқан табысым жетпеді. Оның үстіне, КСРО құрамасы бапкерлерінің Костя Цзюға бүйректері бұратындықтан мен соның көлеңкесінде қалып қоямын ба деп қорықтым. Шынымды айтсам, үнемі екінші болудан қорландым. Мiне, осы жағдайлардың бәрiн ой елегiнен өткiзе келе, Түркияға қоныс аударуды жөн көрдiм.

Анадолы елінде Нұрхан атой салды. Тегін Сүлейменоғлы деп өзгерткен қандасымыз қарсы келгеннің барлығын қоғадай жапырып, Түркияның бас бокс­шысына айналды. 1993 жылы Бурсада өткен Еуропа чемпионатында қазақтың ұлына тең келер ешкім табылмады. Финалда Германияда туып-өскен түрік жігіті Оқтай Ұрқалды ұтып, бас жүлдені олжалады. Осылайша Түркия боксы жаңа деңгейге көтерілді.

Бауырлас халықтың Нұрханды қалай көкке көтергенінің бір ғана мысалы: Бірде Ыстанбұлдың тақ­тайдай көшелерінің бірімен су жаңа «Ягуар» көлігі зымырап келе жатты. Спидометрдің мөлшері рұқсат етілген мөлшерден көп асып кетсе керек, жолдың жиегінде тұрған тәртіп сақшысы машинаны дереу тоқтатты. Көліктің ішінен күлімсіреп жас жігіт шықты. Шұғыл шаруалары барын айтып, асығып бара жатқанын алға тартты. Полицей міз бағар емес. Кешірім сұрап, кішірейгендей болды. Одан да еш нәтиже шықпады. Содан жүргізуші еңсесін тіктеп: «Аға, мен Түркия тари­хындағы бокстан тұңғыш Еуропа чемпионы Нұрхан Сүлейманоғлымын!» деп айтуы мұң екен, жаңағы сақшы дереу бойын түзеп, «Ақ жол, бауы­рым!» деп оған шығарып салды. Сол аралық­та Нұрханмен жақынырақ танысып, қол­таңба алып та үлгерді.

Кейіннен де Сүлейменнің немересі талай дүбірлі додаларда жеңіс тұғыры­на көтерілді. Әсіресе 1995 жылы Бер­линде өткен әлем чемпионаты ес­тен ке­тер емес. Бастапқы бәсекелерде юго­сла­виялық Зоран Диданович пен гру­зиялық Бесик Вардзелашвилиден басым түскен ол ширек финалда қазақ боксшысы Болат Ниязымбетовті жо­лынан ығыстырды. Жартылай финал­да өзінің сыралғы қарсыласы, әлем және Еуропа біріншіліктерінің жүл­дегері Оқтай Ұрқалмен қолғап түйіс­тірді. Түркияның қазағы Нұрхан Гер­ма­нияның түрігі Оқтайды оңдырмай сабады. Алдап та, арбап та ұрып, әбден сілікпесін шығарды. Жағдайдың осылайша өрбігені Германияда тұратын түріктердің ашу-ызасын тудырды. Айқас аяқталған бетте қызуқанды тү­­рік­тер төрешілерді қоршап алып, «Сен­дер неге бәсекені дер кезінде тоқ­тат­пай, біздің қандасымызды мазақ етуге жол бердіңдер» деп байбалам салады. Нұрханға да тіс батырғысы келгендер табылған. Соны көрген Түркиядан келген түріктер де орындарынан өре түрегелді. «Нұрханға атылғандарың, бізді басынғандарың» деп олар да жұдырықтарын ала жүгірді. Абырой болғанда, тәртіп сақшылары дер кезінде жетіп, жанжалдың одан әрі ушығуына жол бермеді. Осылайша қазақтың ұлы финалға шықты. Финалда Кубаның даңқты боксшысы Эктор Виненттен ұтылған Сүлейменоғлы әлем чемпионатының күміс медалін мойнына ілді.

1996 жылы Данияның Вайле қала­сын­да ұйымдастырылған Еуропа чемпионатында Нұрхан күміс жүлдені иеленді. Ақтық айқаста ол Оқтай Ұрқалдан небәрі екі ұпаймен ғана ұтылды. 1998 жылы Минскідегі қарт құрлықтың басты додасында да фи­налға дейін жетті. Шешуші тұста румы­ниялық Дорель Симонға есе жіберіп, тағы да күміспен күптелді.

Нұрхан Сүлейменоғлы екі бір­дей Олимпиадада бақ сынады. Бір­ақ­ екі ретінде де жолы болмады. 1996 жылы Атлантадағы жарыстың екін­ші кезеңінде Эктор Виненттен же­ңілді. Барселона Олимпидасының жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы деген дардай атағы бар Куба қабыланы қандасымызды қапы қалдырды. Сол жарыста Винент екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. 2000 жылы Сиднейде өткен байрақты бәсекенің 1/8 финалында Сергей Быковскиймен күш сынас­ты. Алғашында қандасымыз бес ұпай алда тұрған еді. Алайда соңғы раундта таразы басы теңелді. Нәтижесінде, бәсеке 8:8 есебімен тең аяқталды. Төрешілер өзара кеңесе келе, Беларусь боксшысының қолын көтерді.

Ғасырлар тоғысында Сидней Олим­пиадасының куәсі болу бақыты бізге де бұйырған еді. Дәл сол жекпе-жекті мен де тамашаладым. Келесі күні Нұр­хан­мен танысудың реті келді. Жекпе-жектен кейін ол «Осылай болатынын ішім сезген. Өйткені бапкерлер ма­ған соңғы кездерi көп килiкті. Түрлi ғайбат сөз айтып, қатын өсек таратып, сағымды сындыруға әрекеттенді. Арамзалар ел арасында «Нұрхан хрис­тиан дiнiн қабылдапты» деген қауесет те таратты. Алайда менiң Алланың да, адамның да алдында арым таза. Дiнiмдi, тiлiмдi ешуақытта сатқан емеспiн. Тiп­тен, Сиднейге келгенде де бапкерлер қиянат жасаудан еш тайынбады. Бы­ковскиймен өткен бәсеке барысында өтi­рiк бағдар берiп, ақыры орға жықты» деп ашына сөйледі.

Зәулім спорт кешенінің қақ ортасында екеуіміз әңгіме қызығына түскен кезде рингке Бекзат Саттарханов пен Түркияның намысын қорғап жүрген грузин жiгiтi Рамаз Палиани шықты. «Қайсысын жақтайды екен: өз қандасын ба, әлде командалық әрiптесiн бе?» деп Нұрханға мен ұрлана қарап қоямын. Ол маған назар аударатын емес, бә­се­кенi мұқият тамашалап отыр. Екi көзi – шаршы алаңда. Iштей «бiр­деңе» деп күбiрлейдi. Боксшылар бiр-бiрi­не жұдырық сiлтесе, өзiне соққы тиiп кететiндей әрлі-берлi ырғалып қояды. Кескiлескен айқас аяқталып, төрешi Бекзаттың жеңiске жеткенiн жария еткенде, Нұрхан орнынан атып тұрып, жанындағы қазақтармен құ­шақтаса кеттi. «Байқадыңдар ма, Алла тағалла бәрiн де көрiп тұр. Бап­кер­лер менi «құрбандыққа» шала оты­рып, Палианидi жеңiс тұғырына жетелеудi көздеді. Бiрақ Бекзат оны сабап тастады. Рамаз – Түркияның осы Олимпиадағы соңғы үмiтi едi. Ендi олар Отанына жүл­десiз оралатын болды. Ал егер маған қиянат жасамағанда, Андолы еліне алтын медальды талассыз әперер едiм» деп ақтарыла сөйледі.

Нұрхан айтады: Жас болғаннан ба, бұрындары Атажұртты аса көп аңсай қоймайтынмын. Қазақстанға да ат басын сирек бұрдым. Дамыған елдiң дәмiн татып, әдемi киiнiп, керемет көлiк мiнгенiме қуанып жүре бердім. Ал есейген сайын ес кіреді екен. Еліңді, туған жеріңді жиі сағына бастайсың. Қазақтың сайын даласы, таулары мен көлдері үнемі көз алдыма келеді де тұ­рады. Шырайлы Шымкентке, туған жерім – Қазығұрт пен Жаңабазар­ға жолым түссе, ерекше күй кешіп, өзімді өмірдегі ең бақытты адамдай сезінемін. Мен қай жерде жүрсем де, қай елдің намысын қорғасам да, қазақтың ұлы екенімді бір сәтке де естен шығарған емеспін.

Иә, кезінде Нұрханның сыртынан «Отанынан безді, өзге мемлекеттің намысын қорғады» деген сыңайда алып-қашты әңгімелердің өрбігеніне біз де куәміз. Бірақ жеке өз басым жас жігітті осы әрекеті үшін айыптауды қисынсыз көрдім. Ол шетел асқанымен, жат елге кеткен жоқ. Бәрiмiз дініміз бен діліміз бір түркiтiлдес халықпыз. Бауырлас елге қазақтың бiр ұлы абырой әперiп жатса, оның несi айып? Қандасымыз тоқырап қалған Түркия боксын өрге сүйреді. Аталмыш мемлекеттiң тарихындағы тұңғыш Еуропа чемпионы атанды. Екi мәрте қарт құрлықтың басты жарысында жүлдегерлер қатарына қосылды. Әлем чемпионатында күмiс медальды кеудесiне тақты. Бiр сөзбен айтсақ, айтулы ел боксының өрлеу кезеңі Нұрханның есімімен тығыз байланыс­ты. Жергілікті жас өрендер өзгеге емес, Сүлейменнiң немересiне елiктеп, бокс үйiрмелерiн жағалай бастады. Уақыт оза Түркия боксы еңсе тіктеді. Осының бәрі де қазақтың өр мінезді ұлы – Нұрханның арқасы!

Сидней Олимпиадасынан кейін Нұрхан кәсіпқой рингте күш сынасуды құп көрді. Айқастарының денін ол АҚШ-та өткізді. Ара-тұра ESPN арнасынан қандасымыздың жекпе-жектерiн көрiп те жүрдік. «Күн патшасы» деген бүркеншек есімге ие болған ол рингке қазақтың зерделі шапанын киiп, көк байрағын ұстап шығады. Әр жеңiстен кейiн Сүлейменоғлы «Ұлтым – қазақ, туған жерiм – Шымкент» деп жер жүзiне жар салудан еш жалықпады. Кәсіпқой рингтегі алғашқы 14 жекпе-жегін жеңіспен аяқтаған ол кейіннен же­ңілістің кермек дәмін тата бас­тады. Содан 2007 жылы Нұрхан Сүлей­мен­оғлы былғары қолғабын шегеге ілді.