Қазақстандық «Астана» велокомандасының даниялық өкілі әрі капитаны Якоб Фульсанг Италия тас жолында өткен бір күндік «Ломбардия турында» жеңімпаз атанды.
Бұл даниялық велошабандоздың бір күндік жарыстағы екінші үлкен жеңісі. Ол былтыр Льеж – Бастонь – Льеж дәстүрлі додасында жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Бір күндік «Ломбардия туры» Бергамо қаласында басталып, Комо өзенінің жағалауындағы Комо қаласында өз мәресіне жетті. Велоспортшылар жалпы 231 шақырым жолды жүріп өтті. Дәстүр бойынша, классикалық жарыстың бағыты Чивилло немесе Муро ди Сормано сияқты бірқатар қиын жолдарды қамтыды. Осындай ауыр жолды Якоб Фульсанг ең бірінші еңсеріп, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Якобтың жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосып, оған барынша көмек көрсеткен тағы бір «Астана» өкілі Александр Власов мәре сызығын үшінші болып қиды. Ал екінші орынды жаңазеландиялық Джордж Беннет (Team Jumbo-Visma) иеленді.