Танымал америкалық венчурлық қор және 500 Startups стартап-акселераторы «QazTech Ventures» АҚ-пен келісім аясында алғашқы қазақстандық стартапты 150 мың АҚШ доллары көлемінде қаржыландырды.
2019 жылғы 12 желтоқсанда Премьер-Министр Асқар Маминнің АҚШ-қа сапары аясында «QazTech Ventures» АҚ және 500 Startups америкалық венчурлық қоры арасында V Жаһандық қорға қосылу туралы келісімге қол қойылды. Әріптестіктің негізгі мақсаты – қазақстандық стартап жобаларға инвестициялар тарту және жаһандық нарықта масштабтауға жәрдемдесу.
«AWSM Bank» стартапы – АҚШ нарығында жүзеге асырылатын жоба, оның негізін отандасымыз Әлібек Жүнісбаев қалады. Стартап жасөспірімдерге банктік қызметтердің толық спектрін ұсына отырып, қаржылық сауаттылықты арттыруды ұсынады.
«Біз 13-18 жас аралығындағы балаларға TikTok стиліндегі қысқа, 30 секундтық бейнелер форматында теориялық қаржылық білім береміз. Біз теориялық білімді практикалық дағдыларға айналдырып, оларға толыққанды, бірақ қауіпсіз банк қызметін көрсетеміз», дейді стартап жобаның негізін қалаушы Әлібек Жүнісбаев.
Жобаның міндеті – жасөспірімдерге қаржылық сауаттылықты үйрету үшін оларды қаражатты ақылмен жұмсау әдетіне, жинақтау қажеттілігіне, қарыздарды басқару шеберлігіне, артық қаражатты инвестициялау ептілігіне дағдыландыруға мүмкіндік беру. Яғни AWSM қаржылық білімді абстрактылы және теориялықтан практикалық, жеке және тәжірибелік білімге айналдырады. Бұл жобаның нарықтағы бәсекелестерден басты артықшылығы болып саналады.
«Qaztech Ventures-тің V Жаһандық қорға қатысуы біздің стартапқа инвестиция тартуға мүмкіндік берді. 500 Startups компаниясының қолдауы біздің жобамыздың тез дамуына септігін тигізетіні сөзсіз», дейді Ә.Жүнісбаев.
«Біздің негізгі міндетіміз – жергілікті және шетелдік нарықтарда жұмыс істейтін қазақстандық стартаптарға инвестициялар тартуға және Қазақстанның венчурлық индустриясын дамыту арқылы әлемдік аренада қатысуды кеңейтуге жәрдемдесу. 500 Startups-пен ынтымақтастық алғашқы нәтиже береді және біз стартаптарымызды ілгерілету бойынша жұмысты жалғастыруға ниеттіміз. Осы жылдың қыркүйегінде біз Demo Day өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда технологиялық командаларды өз идеяларын таныстыруға шақырамыз. Іріктеу қорытындысы бойынша ең перспективалы командалар біздің шетелдік әріптесіміздің инвестицияларына талаптана алады», деп түсіндірді «QazTech Ventures» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Диас Бексолтан.