Биыл 7 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 743 мыңдай адам мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкенов айтты.
Вице-министрдің айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» бағдарламасы арқылы қазір 379 мың адам жұмысқа орналастырылды. Бұл көрсеткішті 600 мың адамға дейін жеткізу көзделіп отыр.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 255 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. 7 айдың қорытындысына сәйкес, бүгінде 154 мың адам аталған бағдарламаның негізінде еңбек етуде. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» сынды бағдарламалар арқылы 364 мың адамды жұмыспен қамтуды көздеген едік. Қазір осы бағдарламаларды іске асыруға 210 мың адам тартылып, еңбек етіп келеді. Барлығын қоса есептегенде, бүгінде 743 мың адам жұмыспен қамтылып отыр, – деді С.Шапкенов.
Спикер атап өткендей, «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға 176 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұл жұмыстарға қосымша 50 млрд теңге қаражат жұмсалмақ.
«Бағдарламаның бірінші бағыты оқу мәселесімен байланысты. Әрине азаматтарды кәсіптік біліммен қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінде аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардан шыққан балалар ҰБТ-ның нәтижесінде жоғары оқу орнына түсе алмай қалған жағдайда оларға техникалық және кәсіптік білім беріледі. Бұл жұмыс 1 қыркүйектен бастап іске аспақ. Қазір 20 600 адам қабылданды», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.
Ведомство өкілі қысқа мерзімді оқыту мәселесіне де тоқталды.Оның сөзіне сенсек, үш немесе алты ай көлемінде азаматтарға кәсіптік білім беріледі. Бүгінде 11 мың азамат оқуға жіберіліп, 200-ден аса адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
«Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – шағын несиелер немесе гранттар ұсыну. Осы ретте шағын несие мен гранттарды алатын азаматтар «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқытылатынын айта кеткен орынды. Биыл 30 мың адамды оқыту жоспарланған еді. Қазір 23 мың адам оқуын аяқтады. Оның 18 мыңы бизнес жобаларын қорғап шығып, 7 мыңға жуық адам шағын несие алды. Осы арқылы 6200 тұрақты жұмыс орны ашылды. 17 200 грант берілді», деді С.Шапкенов.
Бұған қоса жауапты орган өкілі Батыс Қазақстанда шағын несиені игеру бойынша теріс нәтиже байқалғанын жеткізді. Осы орайда жағымды динамика Шығыс Қазақстан облысында және Шымкент шаһарында тіркелді.
Салалық ведомствоның басшылары жыл соңына дейін елімізде жұмыссыздық деңгейі 6,1%-ды құрауы мүмкін екенін айтты.