Еуропа елдері соңғы күндері вирус жұқтырғандар санының артуына алаңдап отыр. Індеттің алғашқы толқыны кәрі құрлық мемлекеттерінің денсаулық сақтау саласына едәуір ауыртпалық түсірген еді. Жағдайды қайта ушықтырмас үшін Италия түнгі клубтар мен барларды жабу туралы шешім қабылдады. Күніне 600-700 адамның індет жұқтырғаны анықталған соң ел үкіметі кешкі және түнгі уақытта адам көп жиналатын жерлерде маска тағуды міндеттеген.
Наурыз-сәуір айларындағы жағдаймен салыстырғанда науқастардың жасы 39-ға түскен. Мұны денсаулық сақтау саласының өкілдері демалыста жүрген жастардың қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарауымен түсіндірді. Демалысқа келгендер арасында да қауіп жоғары. Сол себепті ел үкіметі Хорватия, Грекия, Мальта немесе Испаниядан келген жолаушыларды бірден әуежайда вирусқа тексеретін болады.
Еуропаның басқа елдері де дабыл қағып, қамдана бастады. Франция үкіметі жұмыс орындарында әлеуметтік қашықтықты сақтауға, кеңседе маска тағуға, мүмкіндігінше үйден жұмыс істеуге шақырып отыр. Испанияның Денсаулық сақтау министрлігі соңғы тәулікте 1833 адамның вирус жұқтырғанын мәлімдеді.