Офицер мамандардың ұстаханасына айналған Ұлттық ұлан әскери институты Үкімет қаулысымен өз есігін 1997 жылдың 18 наурызында Петропавл қаласында ашқан болатын. Сол жылдың 20 желтоқсанында оқу орнына еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп, жеке құрамға Жауынгерлік туды табыстаған еді. Сол кезде сардарлар мен курсанттар алдында сөз сөйлеген Елбасы: «Солтүстік өңірдің қатаң климатында білім алып, тәрбиеленген курсанттар әбден шыңдалып, еліміздің офицерлер корпусын лайықты толықтыратынына сенімдімін» деген болатын. Осы уақытқа дейін әскери оқу орны 3,5 мыңнан аса офицер маманды даярлап, ел әскері қатарына қосты. Олардың дені бүгін Ұлттық ұлан әскери бөлімдері мен батальон звеносында қызмет етсе, кейбір алғашқы түлектер полковник шеніне жетті.
Биыл оқу орны өздерінің 20-шы түлектерін үлкен әскери өмірге қанат қақтырды. Біз жарқыраған ауласының өзінен қатаң әскери тәртіптің, тазалықтың лебі есіп тұрған оқу орнына соғып, институттың бастығы, PhD доктор, генерал-майор Бауыржан Әбжановпен әңгімелескен едік. Генералдың айтуына қарағанда, осынау әскери институттың еліміздің теріскейі – Қызылжар өңірінде орын тебуі бекер емес. «Мұның ең басты себебі болашақ офицерлердің солтүстіктің қатаң климаттық жағдайында шыңдалып, төзімділігінің қалыптасуын ескеруден туындаған. Қытымыр қыста сыналған сардардың сын сағатта сыр бермесі анық. Білім ордасында курсанттар төрт жыл оқиды. Осы уақыт олардың білімі мен біліктіліктерінің қалыптасуына жеткілікті екенін көрсетті. Біз әр уақыт түлектердің қызметтік жолын саралаймыз. Бүгінгі таңда әскери оқу орнын бітірген офицерлердің дені рота, батальон, полк сияқты әскери звенода қызмет етуде», деді Б.Әбжанов.
Бүгінгі таңда бұл институттың түлектері тек Ұлттық ұланда ғана емес, барлық әлеуетті органдарда қызмет етеді. Ашылғаннан бері оқу орнын 3500-ден аса түлек аяқтаған. Олардың 254-і оқуын үздік бітіріпті. Ал 45 курсант «Әскери оқу орнын үздік аяқтағаны үшін» кеуде белгісімен марапатталыпты. Мұны офицердің алғашқы медалі деп айтуға болады. Қазіргі кезде 40 түлек Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында, 70 түлек өңірлік қолбасшылықтарда қызмет атқаруда, төрт түлек өңірлік қолбасшылықтардың орынбасары болған. Ал 18 офицер институтта ұстаздық етуде.
Генерал Б.Әбжанов өзінің сөзінде ұстаздардың отандық және шетелдердің әскери академияларында білімдерін шыңдауды әрдайым назарда ұстайтындығын да жеткізді.
Әрине оқу орны материалдық-техникалық базамен заманауи талаптарға сай қамтамасыз етілмесе, курсанттардың білімді толық алуы мүмкін емес. Осыны ескерген институт басшылығы курсанттардың алаңсыз білім алуларына барлық жағдайды жасаған. Материалдық база талапқа сай, қару-жарақ және техникамен жарақтандырылған. Далалық жағдайда жаттығу үшін оқу орталықтары мен әскери атыс алаңдары тиімді жұмыс істейді. Әрине бұдан біз түлектердің оқуды аяқтаған соң әскери бөлімдерге келгенде, іс жүзінде жинаған тәжірибесін қиналмай қолдануына негіз бар екенін аңғарамыз. Сонымен бірге курсанттардың командирлік дағдыларды меңгеріп, еліміздің жалынды, білікті әрі патриот азаматы ретінде қалыптасуына оқытушы-профессорлық құрам үнемі көңіл аударып отырады.
Айта кететін жайт, оқу орны 6 бағыт бойынша мамандар дайындайды. Атап кетер болсақ, олар Ұлттық ұланға тактикалық басшылық, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар, тылмен қамтамасыз ету, байланысшы, техника және қару-жарақ, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету мамандары. Жыл сайын оқуға 200-ге тарта курсант қабылданады. Ал ниет білдіріп, сынаққа қатысатындардың саны бұдан 3-4 есе көп. Оқуға тек мектеп бітіруші түлектер ғана емес, жасы 24-ке дейінгі мерзімді қызметтегі сарбаздар, келісімшарт бойынша қызмет істейтін 25-тен аспаған әскери қызметшілер қабылданады. Әр талапкер оқуға түсу үшін өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша Ұлттық ұланның әскери бөлімдері немесе Қорғаныс істері жөніндегі департаменттеріне өтініш білдіре алады. Биыл институт 219 маманды еліміздің қорғаныс қуатын арттыруға, қауіпсіздігі мен тыныштығын күзетуге аттандырды.
Біз Бауыржан Әбжановтан Ұлттық Ұлан курсанттары мен офицерлеріне мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылған деп сұрағанымызда ол: «Мемлекет оқуға түскен курсанттың тегін білім алуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге оқуын, жатын орны, киім-кешегі мен тамақтануын да толық өз қамқорлығына алған. Сондай-ақ оларға ақшалай үлес те қарастырылған. Жазды күні 30, қыста 14 тәулікке дейін демалысқа баруына рұқсат етіледі. Демалыс орнына барып-келу жолақысының да тегін екенін айта кеткен жөн. Оқуды аяқтаған курсант «лейтенант» әскери шенін алып, Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне, сондай-ақ еліміздің басқа да әлеуетті құрылымдарына сұраныс бойынша жолдама алады. Оқуды тәмамдаған түлектер бірден 10 жылға әскери қызметке келісімшартқа отырады. Қазір түлектерді, жалпы Ұлттық ұланның барлық әскери қызметшілерін баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де жақсы жолға қойылған. Мемлекет әскери маманның қызмет ететін орны бойынша сол аймаққа тиесілі тарифке сәйкес оның арнайы есепшотына ақша аударады. Бұл оның әр отбасы мүшесіне де тиесілі екенін айта кеткен жөн», деп жауап берді.
Айта кететін жайт, бұл оқу орны ҰҚШҰ аясындағы халықаралық келісімдерге сәйкес 2009 жылдан бастап Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің әскерлеріне жыл сайын 10 сардардан даярлайды. Көрші елдердің курсанттары бір үйдің баласындай біте қайнасып кеткен. Олардың мемлекеттік мейрамдарын атап өту де институтта игі дәстүрге айналды.
Институттың 20-шы түлектерін ұшыру әскери салтанатты жағдайда аталып өтті. Оқу орнының болашағы зор, еліміздің өркендеуіне тигізетін пайдасы мол екеніне сенімдіміз.
ПЕТРОПАВЛ