• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Тамыз, 2020

Мурал бізді мұратқа жеткізе ме?

1343 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында кескіндеме өнерінің «Мурал» деген түрі сәнге айналғандай. Соңғы бір-екі жылдың мұғдарында Қарағандыдағы сұрқай да сұрғылт түсі еңсені басып тұратын көпқабатты үйлердің қабырғаларында көше суретшілерінің кесек туындылары бірінен соң бірі пайда бола бастады. Мысалы, осы жылдың мамыр айында былтыр браконьерлердің қолынан қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевті кескіндеген мурал тоғыз қабатты үйдің қаптал қабырғасына тұтас салынды. Ол жайында кезінде «Егеменнің» бетінде сүйіншілетіп жаздық та («Қорықшыға құрмет», №91. 12.05.2020ж.).

Енді міне, таяуда тағы бір көпқабатты үйдің қабыр­ғасына Кацусика Хокусайдың «Канагавадағы дәу толқын» және Винсент ван Гогтың «Жұл­­дызды түн» атты әйгілі кар­тиналарының көшір­ме­лерін қосып салған жаңа му­рал тұр­ғындар назарына ұсы­нылды.

Жалпы, бұл іспен Қара­ғандыда Belsendi Azamat атты жоба иелері айналысып жүр екен. Талапты жастардың мұ­нысы қала әкімі Нұрлан Әубәкіровке, әсіресе облыс бас­шысы Жеңіс Қасымбекке қат­ты ұнайды дегенді естиміз. Бас­шылар жобаға барынша қолдау көрсетеді екен. Оны Belsendi Azamat жобасының жетекшісі Сабыр Ниязов бір­неше жерде ризашылықпен айтты да.

Қаладағы қотыралаш үй­лер­дің қабырғасына салын­ған муралдардың қараған жан­ға қуаныш сыйлайтыны рас енді. Қызылды-жасылды бояу­лары көздің жауын алып, адам­ның ішкі жан дүниесін нұрландыра түседі. Көшеде тоқтай қалып қарайсыз да, сұлулыққа еріксіз сүйсінесіз, шеберлікке таңдай қағасыз. Оның үстіне, муралыңыз эконо­микалық жағынан да тиім­ді жоба болып тұр. Жаңа­дан үй салғанның жанында бұл дегеніңіз су тегін дүние емес пе? Тұрғындар мәз, әкім­дер­дің де есебі түгел...

Десе де, өнер туындысына әбден тамсанып болғаннан кейін, әсемдіктің ар жағында не жасырынып тұрғаны еске түседі де, көңіл құлазып сала береді. Иә, қызылды-жа­сылды муралдың шетін қыр­найтын болсаңыз, астынан салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған, ел арасында «хрущевка» аталып кеткен панель үйлердің сұмырай-сұрқай түсі атой салып шыға келеді. Еріксіз ішіңді тартасың. Муралға мәз болып жүргенімізде, шықпа жаным шықпамен тұрған тозық үйлер, құдай сақтасын, құлап қалып жүрмесе игі деген суық ойлардың да сумаң қағатыны бар...

«Хрущевка» демекші, КСРО-ны басқарған Никита Хрущевтің кезінде апыл-ғұпыл салынған осы бес және тоғыз қабатты үй­лер Қарағандының жарты­сын алып жатыр десек, қате­лесе қоймаспыз. Әсіресе, құрас­тыр­малы мұндай үйлер­дің қаланың орталық көше­лерінде, Майқұдықта, Оңтүс­тік-Шығыс шағын ауданында көптігі сондай, құдайдың жарық күнінің өзінде қара ормандай түнеріп-ақ тұрады.

Осы «хрущевкалар» әуел баста 15-20 жылға деп са­лынған екен. Кейбір дерек­тер бұл үйлер 45-50 жылға де­йін тұруға жарамды деген­ді алға тартады. Қалай бол­ғанда да, Қарағандыдағы «хрущев­калар­дың» заманы әлдеқашан өтіп кеткен. Оның сыртына қанша жерден мурал салып, сылап-сипасаңыз да «қотыр» қабырғалардан, қордаланған мәселеден бәрібір де қашып құтыла алмайсыз...

Қарап тұрсақ, посткеңестік кеңістіктегі кейбір елдерде тозығы жеткен бұл үйлердің проблемасы біртіндеп шешіле бастапты. Мысалы, Мәскеу қаласында 2017 жылы реновация туралы, яғни ескі үйлердің орнына жаңасын тұрғызуды мақсат ететін бағдарлама қолға алынған екен. Қала тұр­ғындары қай үйдің жобаға қаты­сатын­дығын өздері шешетін көрі­не­ді. Осы бағдарлама арқылы мәскеулік сан мың­даған тұр­ғын тозығы жеткен бес қабат­ты үйлердегі пәтер­лері­нен құтылып, заманауи үлгіде салынған, барлық жағ­дайы қарастырылған баспана­ларға ие бола бастаған...

Әлбетте, мұның біз үшін әзірге қол жетпес қиял екені рас. Сондықтан да алыстағы арманды қоя тұрып, күнде бас қатырып жүрген өзіміз­дің проблемаларға оралайық. Жалпы, қазіргі таңда кеншілер астанасындағы тұрғын үй қоры­на кімінің жауапты еке­нін табу өте күрделі мәсе­ле. Заңға сүйенер болсақ, көп­­қа­батты үйді күтіп ұстау деге­ніңіз баспана иелерінің мой­нын­дағы шаруа. Шын­туай­тына келгенде, бұл де­геніңіз  тұрғындардың төбе­сі­не тау­дай мәселенің күл-қоқы­сын төге салу ғой. Мәселен, көпқабатты үйлерде тұратын қоңыртөбел тірлігі бар жұрт үшін жертөледегі ком­­му­никацияны қалыпта ұстау, төбедегі жабынды жөн­деу – қиямет-қайым іс. Бес қабат­ты және тоғыз қабатты «хру­щев­каларда» шатыр деген­нің болмайтынын есепке алар болсақ, төбені рубероид­пен тамшы өтпейтіндей етіп жабу дегеніңіздің өзі қалтасы жұқа тұрғындардың қолынан кел­мей­тін шаруа болып тұр.

Кеңес заманының өзінде шешімін таппаған бұл шетін мәселеден қазіргі атқарушы билік те ат-тонын ала қаша­ды. Аталған проблемалар әкім­дердің жыл сайынғы есеп беру жиындарында ұдайы көтеріл­генімен, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келе­ді. Ал біздің баспананың төбе­с­ін жабуды ұйымдастыра  алма­ған билік ескі үйдің орнына жа­ңа­сын тұрғызып береді деген есек дәмеміз күлкілі, әрине...

Әйтсе де, мурал деген шы­ғып, уақытша болса да, жаз өмірімізді мәз етіп тұр. Қа­быр­ғаға тұтас салынған өнер туын­дысының құдіреті сол, адамның өмірге деген құл­­шы­нысын арттырады, ер­тең­гі күнге деген сеніміңді ұл­ғай­­тып, рухани төзімділікке үн­дей­­ді екен. «Бүгін болмаса, ер­тең болады», деп құлағыңа сы­быр­лағандай, үміттің қо­лам­та­сын  үрлегендей  болады.

Айтпақшы, облысымыз­дың әкімі Жеңіс Қасымбек Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын «архитектор-дизайнер» мамандығы бойынша тәмамдаған екен. Муралға деген махаббаттың қайдан ғана шыққанын енді бағамдаған шығарсыздар? Дегенмен, мұның өзі қараған­ды­лық­тарды кәдімгідей үміт­тен­діріп отыр. Кім біледі, бүгін мурал салса, ертең ескі үйлерді сырып тастап, жаңа­сын тұрғызам деп талаптануы бек мүмкін ғой. Бұлай деуге берік негіз бар. Ка­­ран­­­тинге қарамастан, об­лыс­­­тың экономикасы екпін­ді түр­де дамып келеді. «Ар­се­­лорМиттал Теміртау» мен «Қазақ­мыс» сынды алпауыт кәсіп­орындар аман болса, осы шарық­тағанымыз – шарық­­таған. Тек, осы бақты басып отыруға шамамыз жетсе болғаны...

Иә, ақ жауын түбі шайып, түгін де қалдырмайтын мурал­дың бізді мұратқа жеткізбесі анық. Қара халыққа керегі су­рет­ті қабырға емес, «Советтің» қаң­сы­ғының орнына салынған сәу­­ле­тті жаңа үй, сондағы ұя­дай баспана.

 

Қарағанды облысы