Футболдан еліміздің алты дүркін чемпионы, елорданың «Астана» клубы Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңін сәтсіз бастады. Сырт алаңда Беларусьтың «Динамо Брест» командасымен кездескен жерлестеріміз 6:3 есебімен ойсырай жеңілді. УЕФА-ның биылғы ережесі бойынша командалар іріктеу кезеңінде әдеттегідей екі кездесу емес, бір-ақ матч өткізеді.
«Астананың» кешегі жеңілісіне футбол сарапшылары, жанкүйерлер команданың бес ай бойы матч өткізбегені себеп болғанын, оған ішкі чемпионатты өткізуге рұқсат бермеген Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова мен өзге елдің ішкі чемпионаты жалғасып жатқанда, тиісті мекемеден рұқсат ала алмаған Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының басшылығын кінәлап жатыр. Иә, «Динамоға» қарсы ойында футболшыларға ойын тәжірибесі жетпегені анық байқалды. Команда капитаны, тәжірибелі футболшы деген Дмитрий Шомконың өзі пас асыру былай тұрсын, допты қабылдауда өте көп қателесті.
Десе де бұл ойында «Астана» «Динамо Бресттен» емес, бас бапкер Михал Билек өзінің әріптесі Сергей Ковальчуктен тактикалық жағынан жеңілді. Неге десеңіз, «Астана» Стойлов пен Григорчук кезінде бес қорғаушы, төрт жартылай қорғаушы және бір шабуылшымен ойнап, көбіне қарсы шабуыл арқылы қарсыластарынан айласын асырып кететін. Бірақ кешегі матчта Билек мүлде басқа тактикамен шықты. Яғни алаңға төрт қорғаушы, төрт жартылай қорғаушы және екі шабуылшыны шығарды. Ал Сергей Ковальчук «Астананың» бұрынғы тактикасын, яғни өз тактикамызды өзімізге қолданып, қарсы шабуыл арқылы-ақ «Астананың» тас-талқанын шығарды. Бұл – бір.
Екіншіден, Билек алаңға футболшы шығаруда да оңбай қателесті. Матчтан бір сағат бұрын «Астана» бас бапкері алаңға шығатын 11 футболшының тізімін жариялағанда көкейімізде «неге бұл ойыншылар?» деген сұрақ тұрды. Өйткені Билек негізгі құрамның бірқатар ойыншысын қосалқы құрамда ұстап, ал қосалқы құрамның кейбір ойыншысын бірінші минуттан бастап алаңға шығаруды құп көрген екен. Мысалы, 10 жылдан бері «Астананың» негізгі қақпашысы әрі капитаны болып келген Ненад Эричті қосалқы құрамға қалдырып, оның орнына ресми кездесуді 2019 жылдың қараша айында өткізген Дмитрий Непогодовты шығарды. Дмитрий былтыр «Ордабасы» сапында Еуропа лигасында екі матч өткізгені болмаса, оның Еурокубок бәсекелерінде мүлдем тәжірибесі жоқ еді. Ал Эрич былтыр Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде «Астананы» топтық кезеңге қалай шығарғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Кешегі матчтағы алты голдың кем дегенде үш голы Непогодовтың қателігінен, тәжірибесіздігінен соғылды.
Қорғаныстағы ойыншыларға келер болсақ, оң қанаттағы қорғаушы Антонио Рукавина матч алдындағы жаттығуда жарақат алып қалып, оның орнына жартылай қорғаушы Юрий Перцухты шығаруға мәжбүр болды. Орталық қорғаушылар Урош Радакович пен Лука Шимунович қарсыластың бірде-бір шабуылына қарсылық көрсете алмады. Жартылай қорғаушылар Иван Маевский мен Макс Эбонг қарсыластың шабуылын тоқтату былай тұрсын, шабуылдағы жігіттерге дұрыс пас жеткізе алмады.
Таблодағы есеп 3:0-ге жеткенде ғана бас бапкер Михал Билек футболшы таңдауда қателескенін түсініп, 35 минутта ойнап жарытпаған Юрий Перцух пен шабуылшы Алексей Щеткиннің орнына қос қанатта өнер көрсететін Тигран Барсегян мен Дорин Ротариуды шығарды. Осы екі футболшы алаңға шыққаннан кейін ғана «Астананың» ойынына қан жүгіре бастады. Тынымсыз шабуылдың арқасында қаһарман Томасов есепті қысқартуға мүмкіндік алды. Екінші таймның 53 минутында Ротариу «Астананың» екінші голын соққанда жанкүйерлерде үміт оты пайда болған еді. Бірақ бәрі біз күткендей бола бермейді екен. Ойын аяқталғанға дейін алаң қожайындары екі гол соқса, 87 минутта қорғаушы Абзал Бейсебеков есепті бір голға қысқартты. Қорытынды есеп – 6:3.
Осылайша «Астана» клубы бюджеті өзінен үш есе төмен «Динамо Бресттен» масқара болып жеңілді. Сондай-ақ екінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінен ары аса алмады. Енді жерлестеріміз өздері ойнап үйренген деңгейіне сай Еуропа лигасында бақ сынайды. «Астана» өнер көрсететін екінші кезеңнің ойындары 17 қыркүйекте өтеді. Бәлкім бір айға жуық уақыттың ішінде елорда командасы ел біріншілігінде бірнеше ойын өткізіп, қажетті деңгейде ойын тәжірибесін жинап үлгерер.
Матчтың қысқаша статистикасы:
«Динамо Брест» – «Астана» 6:3
Гордейчук 16, Печенин 17, Гордейчук 22, Седько 37, Диалло 55, 90 – Томасов 45, Ротариу 53, Бейсебеков 87.
Допты иелік ету – 49% – 51%; соққы – 15:21; дәл соққы – 8:8; бұрыштама – 3:10; офсайд – 3:1; сары қағаз – 1:0; ойыншы алмастыру – 3:2.
«Динамо Брест»: қақпашы – Игнатович; қорғаушылар – Печенин, Габи, Хачериди, Юзепчук; жартылай қорғаушылар – Седько, Кисляк (капитан) (Кривец), Тве; шабуылшылар – Гордейчук (Савицкий), Милевский (Быков), Диалло.
«Астана»: қақпашы – Непогодов; қорғаушылар – Перцух (Барсегян), Шимунович, Радакович, Шомко; жартылай қорғаушылар – Маевский, Томасов, Эбонг, П.Сотириу, Бейсебеков; шабуылшы – Щеткин (Д.Ротариу).