УЕФА Чемпиондар лигасының биылғы маусымы да мәресіне таяп келеді. Лиссабондағы (Португалия) «Да Луш» стадионында өткен жартылай финалдың алғашқы ойынында ПСЖ клубы «Лейпцигті» ірі есеппен жеңіп, тарихта тұңғыш рет финалға жолдама алды.
Бірінші таймда ПСЖ құрамынан Маркиньос пен Ди Мария бір-бір голдан соғып есепті 2:0-ге жеткізсе, екінші таймның басында Хуан Бернат мергендігімен көзге түсті. Матчтың соңына дейін осы есеп өзгеріссіз қалып, Париж командасы 3:0 нәтижесімен жеңіске жетті. Матч барысында Анхель Ди Мария гол соғып қана қоймай, екі голға да ассистенттік жасады.
Осылайша 50 жылдық тарихы бар Францияның «Пари Сен-Жермен» клубы тарихта тұңғыш рет Чемпиондар лигасының финалында ойнауға мүмкіндік алды.