Солтүстік Қазақстан облысында биылғы жеті айда бюджет 25 пайызға ұлғайып, 324 млрд теңгені құрады. Облыс өнеркәсіптің дамуы бойынша республикада алдыңғы орынға шықты. Бұл туралы облыс әкімдігінің отырысында айтылды.
Ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту және құрылыс бойынша да өңірдің даму қарқыны жоғары. Соңғы айда бюджет шығындары белгіленген межеден 2 млрд теңгеге артты. Мұның бәрі әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отыр. Бұл динамика жыл соңына дейін сақталады деген үміт бар, оған қол жеткізуге резерв жеткілікті.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов әр саладағы экономикалық өсімдерге тоқталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығының өсімі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 102,8%-ға артқаны айтылды. Өндірілген өнім көлемі – 103,9 млрд теңге. Бұл – былтырғыдан 10 млрд теңгеге артық деген сөз. Өсімдік шаруашылығы өнімдері былтырғыдан кем емес. Мал шаруашылығы өнімдері 102,9%-ға артқан.
Дегенмен, кейбір аудандарда өндіріс көрсеткіштері былтырғымен салыстырғанда төмен. Мәселен, облыс орталығының іргесіндегі Қызылжар ауданындағы ауылшаруашылық өнімі былтырғымен салыстырғанда 92,7% болып отыр. Яғни өнім көлемі 15,1 млрд теңгеге төмендеді деген сөз. Өндірістің төмендеуі негізінен жұмыртқаның азаю себебінен болып отыр. Дегенмен, биыл маусым айымен салыстырғанда шілдеде 13 пайызға артты.
Облыстағы өңдеу кәсіпорындары жақсы нәтиже көрсетуде. Мәселен, «Маслодел» ЖШС өнімін былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 46%-ға арттырып, 45 мың тоннадан артық өнім шығарды. Соның ішінде сүт, айран, қаймақ, май және тағы басқалары бар. Кәсіпорында 340 адам жұмыс істейді, еңбекақылары биыл 20 пайызға жоғарылады. Деңгейі осы кәсіпорынмен қарайлас «Молпродукт» ЖШС-да 220 адам жұмыс істейді. Компания жыл басынан бері 41,5 мың тонна өнім шығарды.
Ет өңдеу кәсіпорындарының қарқыны көңіл қуантады. Айталық «Казмясопродукт» ЖШС-сы жоспарлы межені 108 пайызға орындады. «СК – Мясопродукт» ЖШС да қалысар емес, кәсіпорын жыл басынан бері 135 млн теңгенің 180 тоннадан артық шұжығын өндірді.
Отырыста айтылғандай, жеті айда 80 млрд теңгенің азық-түлігі шығарылды. Бұл былтырғыдан 16 млрд теңгеге артық. Әкімдік жыл қорытындысы бойынша өсім 4 пайыз болады деп межелеген, бірақ көрсеткіш асып түсетін түрі бар.
Өнеркәсіптің былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғандағы өсімі 108,1 пайыз болды. Ал республика бойынша орташа көрсеткіш 101,3 пайыз екенін айта кетейік. Яғни өсім 27 млрд теңгеге артты.
– Оң динамика біздің зауыттардың алған тапсырыстарының өсімінде де байқалды. Ол 16%-ға артып, 38 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде «Мұнаймаш» компаниясының өсімі 106,1%-ды, «Петромашзаводтың» өсімі 125,7%-ды құрады. «Петропавлдың металконструкция зауыты» 1,7 млрд теңгенің 2,5 мың тонна өнімін шығарды. «Единство» ЖШС өндіріс көлемін 42 пайызға дейін ұлғайтты, – деді облыс әкімі.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де биыл 18,8%-ға артты. Соның нәтижесінде 120 млрд теңге өндіріске құйылып, былтырғымен салыстырғанда 19 млрд теңгеге артық болды.
Облыс әкімдігінде өткен отырыста көз жеткізгеніміздей, жаман індеттің қыспағына қарамай еліміздің терістігінде экономиканың барлық саласы бойынша өсім бар. Облыс әкімі бұл динамика жыл соңына дейін сақталатынына сенім білдірді.
Солтүстік Қазақстан облысы