СҚО-да жуырда адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасы болды, - деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жезқазған-Петропавл» жолының 845 шақырымында орналасқан Есіл ауданының Қаратал ауылы маңында «Nissan Largo» көлігінің жүргізушісі, 21 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кетіп аударылған. Көлікте оның жұбайы және үш жасар қызы болған. Алған жарақаттан сәби қайтыс болды.
Осы оқиға сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша іс қозғалды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. «Апаттың барлық мән-жайы мұқият тергелетін болады. Жүргізушілер жолаушыларды, әсіресе жас балаларды тасымалдаған кезде аса сақ болып, қажетті шараларды орындауға міндетті. Жылдамдық режімін сақтап, рөлге отырған кезде аса қырағы болу керек»,- деп атап өтті ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев.