29 тамызда велошабандоздар арасындағы ең белді жарыс – "Тур де Франс" басталады. 20 қыркүйекке дейін созылатын көпкүндікте "Астана Про Тим" клубының да спортшылары бақ сынайды, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Сонау 1903 жылы тұсауы кесілген дүбірлі додада Қазақстанда іргетасы қаланған айтулы команданың мүшелері табысты өнер көрсеткені жанкүйерлердің жадында. Атап айтсақ, 2009 жылы испаниялық Альберто Контадор және 2014 жылы италиялық Винченцо Нибалидің осы жарыстың бас жүлдесін олжалап, "Астананың" абройын асқақатқан еді. 2009 жылы біздің ұжым командалық сайыста теңдессіз танылды. Жекелеген кезеңдерде басқа да велошабандоздарымыз шашаларына шаң жұқтырмады. Ал былтырғы жылы өткен бәсекеде 22 жастағы колумбиялық спортшы Эган Бернальға тең келер ешкім табылмады.
Биылғы жарыста «Астана Про Тим» клубының намысын мына спортшылар қорғайды: Алексей Луценко, Мигель Анхель Лопес, Луис Леон Санчес, Йон Исагирре, Горка Исагирре, Уго Уль, Омар Фраиле және Харольд Техада.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.