Қазақ жерінің әр қиыры да, әр төбесі де шежірелі сырын әлі толық ашқан жоқ. Тарихы жете зерттелмей, құпиясы ашылмай жатқан көмбенің бірі – Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғандар тобы. Бұл аудан орталығы – Миялы ауылынан солтүстік-шығысқа қарай – 6, Жангелдин елді мекенінен 2 шақырым қашықта орналасқан. Онда әртүрлі 18 қорған бар.
Археологиялық топқа жетекшілік еткен облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипованың айтуынша, үш жыл бұрын Миялы қорғандарына жүргізілген алғашқы қазба жұмысы кезінде «Алтын әйел» табылған еді. Оның сарматтар дәуіріне жататыны дәлелденді. Қазір оған толық зерттеу жүргізіліп, реконструкция жасалуда. Ал жақында Мәдениет және спорт министрлігінің өткен жылы бекіткен жоспарына сәйкес Миялы қорғандарындағы үш қорғанға қазба жұмысы жүргізілді.
– Үш қорғанға жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 560 жәдігер табылып отыр. Оның ішінде 96 дана пирамида, дөңгелек, дөңес пішіндес сары түсті металл (алтын) жапсырмалары бар. Бұған ат әбзелдеріне, адам белбеуіне жапсырылатын 182 күмісті қосыңыз. Сондай-ақ сырға, білезік, әшекей, қола айна, жебе ұштары, патера түріндегі 254 қола да табылыпты. Төрт керамика құмыра, бес ыдыстың сынған бөлігі, темір қайшы мен пышақ, бір қорғасын амулет, матаның алты қалдығы, өңделген сүйектердің 6 бөлшегі, 2 моншақ та бар. Бұл жәдігерлердің бір бөлігі Қызылқоға аудандық музей қорына тапсырылады, – дейді Рашида Харипова.
Көптен бері қазба жұмыстарына қатысып жүрген тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Қасеновтің айтуынша, бірінші қорғанды қазу барысында үш адамның қабірі шығыпты. Бірінші қабірдегі толық сақталған әйел адамның бас жағына жылқының бас сүйегі, бел мен аяқ тұсына жіліктері мен тұяқтары қойылыпты. Жылқының бас сүйегінде әбзелдерімен, мыс пен күміс материалдарынан жапырақ, сүйір, сопақша, төртбұрышты жапсырмалар бар. Темір ауыздығы да, темір үзеңгісі де сақталыпты.
Тағы бір адам қаңқасының бел тұсында күмістен, қоладан соғылған әртүрлі әшекей заттар, аяқ жағында бірнеше дөңгелек, түйме, шеге тәрізді жапсырмалар шығыпты. Ал кеуде тұсында қорғасыннан жасалған бұйым, темір пышақ, темір қайшы шықты. Бұл қабірдегі адам шамамен X-XI ғасырларда Солтүстік Каспий маңын мекен еткен көшпелі печенек тайпаларына тиесілі болуы мүмкін. Екінші қабірден шыққан ер адамның сүйегінің бас жағына да жылқының бас сүйегі, белінің тұсына темір семсер қойылыпты. Ұзындығы 80 сантиметр болатын мұндай семсер ХІ ғасырға тән. Ал 3 метр тереңдіктен толық тоналған бір қабірден адам киіміне жапсырылған алтын әшекейлер табылыпты. Бұл қабір сармат тайпаларына жатады.
– Екінші қорғаннан 3,5 метр тереңдіктен жақсы сақталған, темір сауытты адам қабірі кездесті. Қабірде ағаштан жасалған бұйымдар, жақсы сақталған қола ожау бар. Мұны біз қабірдің бетін жартылай ашқанда байқадық. Оны облыстық музейде арнайы мамандар ашады. Бұл қабір тоналмаған. Одан әлі құнды жәдігерлер шығатыны сөзсіз. Қызылқоға өңіріндегі Ойыл өзенінің бойында да зерттеуді қажет ететін 100-ге жуық оба бар. Кезінде Сарайшық пен көне Үргенішті жалғастырған Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ортағасырлық Таскешу керуен сарайы да осы ауданның аумағында орналасқан. Көпестер мен дәулетті саяхатшыларға қонақүй ретінде салынған бұл сарай – әлемдегі түгелдей қыш кірпіштен қаланған жалғыз нысан. Ал Миялы қорғандарынан табылған жәдігерлер Қызылқоға өңірін әлемге танытады деген ойдамын, – дейді археолог Марат Қасенов.
Миялы қорғандарындағы қазба жұмыстарына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доктаранты, археолог Амангелді Зайнов, топограф Дидар Төлеуов, археология ғылыми-зерттеу секторының меңгерушісі Айдос Қалшабаев, тарих ғылымының магистрі Ерлан Тілекқабылов, музей маманы Баубек Жұмабай мен Ернар Жақсылықов қатысты. Сондай-ақ қазба жұмыстарына Миялы мен Жангелдин елді мекендерінің жастары да атсалысты.
Атырау облысы