• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Тамыз, 2020

Кезекке тұру мәдениеті қашан қалыптасады?

533 рет
көрсетілді

Коронавирус пандемиясы басталғалы арақашықтық сақтаудың өзектілігі арта түсті. Әсіресе мемлекеттік мекемелерге, дәріханаларға, кассаға, қысқасы халық­қа қызмет көрсететін орындарға кезекке тұру мәдениетін қатаң ұстану қажет. Өйткені жер-жаһанды жайлаған вирус адам таңдамайды, әлеуметтік жағдайға да, киген киімге де қарамайды.

Өкінішке қарай, індет өршіп тұрса да, халық арасында кезекке тұруға, арақашықтық сақтауға мән беріп жүргендер сирек. Таяуда буы бұрқыраған күлше алмақшы болып, тандыр нан сататын жерге барған едік. Алдында бір топ адам жиналып қалыпты. Алайда арақашықтық сақтап, бетперде кию қажеттігі бәрінің есінен шыққан сыңайлы. Тандыр нан сататын орынның алдында үймелеп тұр. Кезекке тұрып, рет-ретімен алу ешкімнің ойына кіріп-шығар емес. Әйтпесе тандыр нан бәріне жетеді. Бұл бір ғана мысал. Күнделікті өмірде мұндай жағдайдың талайын көріп жүрміз.

Қазір заман бұрынғыдай емес. Тауар да, азық-түлік те жеткілікті. Кеңес өкіметі тұсын­дағыдай сапалы тауарға ұзын-сонар кезекке тұрып, күн ұзақ күтудің қажеті жоқ. Ақшасын шытырлатып санап берсең, қалаған затыңды сатып алуыңа болады. Тіпті жеткізу құнын төлесең, есігіңнің алдына дейін әкеп беретін қызмет те бар. Десек те, кез келген жерге бара қалсаң, үймелеген адам, кезекке таласқан халық.

Кезек туралы әңгіме айтылғанда Ұлыбри­тания еске түседі. «Тұманды Альбионның» халқы нені болса да күн ұзақ күтуден жа­лықпайды. Тіпті бұл үлкен мәдениетке айналып, ағылшындардың шайы, Биг-бені мен патшайымы секілді әлемдік бренд саналады. Бір қызығы, «Тұманды Альбионға» бара қалған кез келген турист те оны қатаң сақтанады.

Айтпақшы, Ұлыбритания халқының кезекке тұру мәдениеті ғалымдардың зерттеу объектісіне айналғалы қаша-а-ан! Бұл туралы көптеген ғылыми жұмыс жазылды. Мамандар бұл дәстүрдің қалыптасуы мен шығу тегіне үңіліп көрді. Сөйтсе, ағылшындардың кезекке тұру, оны қатаң сақтау мәдениеті бертінде, дәлірегі «Өндірістік революция» кезінде қалыптасқан екен.

Өткен ғасырдың басында Ұлыбритания­ның әлеуметтік жағдайы тұрақсыз, экономика негізінен қара жұмыс күшіне тәуелді болғаны белгілі. «Өндірістік революцияның» басталуымен бүкіл салада адамды техника алмас­тырып, шалғай елді мекеннің тұрғындары қалаларға көшкен. Ағылшын қоғамында әлеуметтік өзгеріс басталады. Тауар өндіруге техника жұмылғаннан кейін сөрелердегі сапалы тауар да артып, оларды бұрынғыдай лордтар мен графтар ғана емес, қарапайым тұрғындар да сатып алуға мүмкіндік туады.

Сөйтіп, ағылшындар дүкендер мен сау­да орталықтарына кезекке тұра бастайды. Мұндайда халық та, билік те кезектің сақталуына ерекше мән береді. Кейін заман түзелген соң да, олардың бұл үрдісі жалғаса береді. Осылайша бұл үлкен бір мәдениетке айналып, әлемге әйгілі дәстүр ретінде қалыптасты. Бүгінде ағылшындар кезекке тұруымен мақтанады. Мұны Ұлы­британияның жоғары оқу орынында оқып жүргенде талай мәрте көзбен көрдік.

Кезекке тұру – Кеңес өкіметі тұсында да болған. Дүкенге жаңа тауар келіпті дегенді естіген жұрт күн ұзақ күтуден шаршамайтын. Тіпті қара нанның өзін талон арқылы кезекпен алғанын ата-анамыз әлі күнге жыр қылып айтады. Яғни кезекке тұрып, оны сақтау біз үшін де жат емес еді...

Тәуелсіздік алғалы кезекке тұру күшейе түсті десек қателеспейміз. Баланы бала­бақшаға беру, мектепке беру, дәрігерге көріну, банкоматтан ақша алу, тұрғын үй алу мәселелерін, тағы басқаларды кезекке тұрмай шеше алмаймыз. Қысқасы, бүкіл салада кезекке тұру мәселесі бар.

Бір өкініштісі, кезектің сақталуына мүд­де­лілер аз. Мақаламыздың басында қара­пайым тандыр нанға кезектің сақтал­майтынын айттық қой. Мұндай ахуал басқа салаларда жетерлік. Балабақша кезегін, тұрғын үй кезегін ілгері жылжыту үшін пара ұсыну секілді оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп жүрміз. Пысықайлар басқалардың құқығын аяққа таптағанына қарамастан, мүмкіндігінше тірлігін тез бітіруге, өзінің арбасын судан жылдам өткізіп алуға құмар.

Қорыта айтқанда, жоғарыда айтқан ағыл­шын­дар да, Кеңес өкіметін көрген біздің қоғам да кезекке тұрудың бейнетін бір адам­дай көрді. Бірақ «Тұманды Альбионда» кезек­­ке тұру мәдениеті сақталса, біздің елде «кезек­ті бұзу мәдениеті» қалыптасып барады...