Әйгілі Бөгенбай батырдың шөбересі, исі қазаққа есімі мәлім Саққұлақ би 1800 жылы Ерейменнің етегінде жарық дүние есігін ашқан. Топырақ та осы өлкеден бұйырған. Деректерге қарағанда, 1880 жылы өмірден өтсе керек. ХІХ ғасырдың соңында бой көтерген мазар сайын даланың жауыны мен желінен тозыңқырап қалып еді. Биыл қайта жаңарды.
Үстіміздегі жылы «Угольный ресурс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азамат Қапышев аудан әкімі Абай Әлжановтың ұсынысын қолдап, Саққұлақ би мазарын тап-тұйнақтай етіп қоршап берді. Үш ғасыр бойы желдің өті мен жаңбыр суына төтеп беріп тұрған қасиетті ескерткіш ұрпағының ұмтылысының арқасында өзгеше кейіпке енді. Қоршаудың ұзындығы 600 метр, биіктігі 2 метрге жуық.
Ел құрметіне ие болған Саққұлақ би заманында кім болды деген сауалдан сырға тартсақ, өлкедегі өр тұлғаның өнеге мен ғибратқа толы ғұмыр жолы былайша таңбаланар еді. Небәрі 12-13 жасында даланың данышпаны – әкесі Бапан бидің қасына ерген, даналығын бойына сіңірген. Көне аңыздарға қарағанда, тумысынан айрықша талантты Саққұлақ би 15 жасында ел ішіндегі дауға араласып, әділ билік айтып, төрелік еткен екен. Сол замандағы қисапсыз дүниеден, рухани мол мұрадан кейінгі ұрпаққа жұқанасы ғана қалған. Әйтсе де, Саққұлақ бидің Шоқанға берген батасы, «Ақыл», «Төрт нәрседен қашық қыл», «Бұл да бір ғалымның бірі еді-ау», «Шыңғысқа көңіл айтуы», «Ғылым», «Байдалы биге айтқаны», «Мұсаның ажалында айтқаны» тәрізді мәнді де мәйекті сөздері сақталып қалған. Шешен сөзінде терең философиялық ой, білім, өмірге деген құштарлық, елдік пен ерлікті көксеу жатыр.
Өзінің ел бірлігін сақтау, кейінгі ұрпақты ғана емес, замандастарын да әділдікке, адалдыққа, арлылыққа тәрбиелеу бағытында айрықша еңбек еткен Саққұлақ би ел ұйытқысына айналады. Шаңырағында жеті ұл дүниеге келген. Олардың ішінде әке жолын қуғаны Нұралы мен Ералы есімді балалары.
Сайын сахара төсінде әділдік туын желбіреткен, қара қылды қақ жарған жарықтық Саққұлақ бидің кесенесі шикі кірпіштен салынған, сегіз қырлы күмбез күйінде болды. Сегіз бұрыштың оңтүстік батыс жағында төменгі екі қатардың кірпіші сәл-пәл бұзылған екен, қалған қабырғалары тұтас сақталған. Ұрпақтарының аты жазылған ескі тастың жанындағы қабырғаның тұсында Саққұлақ бидің өзінің және екі ұлының аттары таңбаланып, қабыр үстіне ескерткіш орнатылған.
Мазар Ерейментау қаласының күншығыс жақ қапталында 18-20 шақырым жерде орналасқан. Уақыт тезіне төтеп берген мазардың 70 пайызы сақталып қалыпты. 2000 жылы би ұрпақтары кірпіш пен тастан қалап жаңа мазар салды. Күмбезінің биіктігінің өзі 12 метрге жуық. Ескі мазарға тиіскен жоқ, ол жаңа мазардың ішінде қалды. Былайша айтқанда, мұқият қоршап, қымтаған тәрізді.
Өз заманында атақ-даңқы айшылық алыс жерге жеткен биді шығыстың жарық жұлдызы – Шоқан Уәлихановтың әдейілеп іздеп келгені де бар екен. Бұл жайлы әдемі дерек ел аузында сақталып қалған. Аузы уәлі би Шоқанға бата беріпті. Сол бата осы күнге дейін айтылады. Аузынан жалын шығып тұрған Мұса Шорманов та атбасын бұрған. Екі арыстың арасында өрбіген әңгіме бүгінде тәлімі мол, тағылымды аңызға айналған. Қазақтың бай тілінің айрықша көркемдігін, тұла бойыңды қорғасындай балқытатын ыстық рәуіштегі тереңдігі мен кеңдігін, айшығы мен әдемілігін, сыңғырлаған ақ күмістей әуезділігін содан аңғаруға болады.
Ежелгі Ерейменнің бауыры тұнған тарих. Үш жүздің басын қосып, артынан Ақан серінің Құлагерінің мерт болуымен тарихта қалған Сағынайдың асы да осы өлкеде өткен. Ат қайғысы ғана емес, адам қайғысы да Ерейменнің ұшар басындағы қара бұлттың қатпарын қалыңдата түскенге ұқсайды. Саққұлақ бидің үміт еткен ұлы Нұралыны әлдекімдер у беріп өлтірген. Би перзентінің қайғысынан шөгіп қалды делінеді ескі аңыздарда.
Бұл өңірде республикалық қасиетті жерлер тізіміне енген ежелгі ескерткіштер аз емес. Соның бірі ретінде жамағатқа жақсы өнеге беріп, тәлімді таза жол сілтейтін Саққұлақ бидің мазарының қайта жаңғыруы ел жадындағы рухани жаңғырудың жемісі десек, артық емес.
Ақмола облысы,
Ерейментау ауданы