• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Тамыз, 2020

Арманы – Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығару

241 рет
көрсетілді

Әдетте кеншінің еңбегін игерілген қазба байлықпен, диқанның маңдай терін орылған аста-төк астықпен өлшеп жатамыз. Ал талантты тамырын басып таныған жаттықтырушының еңбегін немен өлшейміз сонда? Жауабы – біреу-ақ! Шәкірті шыңнан көрініп жатса жаттықтырушының да жанын салып еңбек еткенінің дәлелі емес пе? Мәселен, Олимпиада чемпионын тәрбиелесем деген арманы жетелеген жаттықтырушы-ауыр атлет, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Иван Снегуров та шәкірттерінің жеңісін өз еңбегінің өлшемі деп біледі.

Тау көтерген Толағай, алып денелі Тау­соғар туралы ертегілерді бала күннен оқып өстік қой. Соларға еліктедік те. Таба­ны­мызды жерге тіреп тұрып, біздің де ұшар басы бұлттан ары асатын құз-жар­тасты түп-тамырымен қопарып алғымыз келе­тін. Есейе келе әлгі Толағайымыз бен Тау­со­­ға­рымыздың тек ертегідегі кейіпкер еке­нін түсініп, бала-қиялдан бас тарттық. Бас тартуын тартқанымызбен, қара күш иелеріне деген құрметіміз бір елі кеміген жоқ. Теле­ди­дарға телміріп, спорттық жарыс­тарды ба­қы­лаймыз. Тағы сол әдет...

...Тағы да «не бел кетеді, не белбеу кете­ді». Әйтеуір, шаршы алаңға шығып бара жатқан ауыр атлетті көрсем, жүзінен үне­мі осы ойды аңғарамын. Нартәуекел. Әне, магнезия ұнтағына қолын батырып, бойдағы қобалжуын терең тыныс алып тарқатып тұр. Міне, зілтемірді ырқына көндіргісі келгендей сығымдай ұстап, сәл аялдаған болды. Экранның бергі жағында демі­мізді ішке тартып, сілтідей тынып біз отырмыз. Ол болса мойын тамыры білеу­леніп, бұлшық еті шиыршық атқан қалпы «әуп» деп бір ышқынды да, әлгі зілтемірді төбесінен асырып көтере салды. Сонда дейміз-ау, қарапайым көрермен ретінде біздің өзіміз бұлай қобалжысақ, төккен тері мен еткен еңбегі шәкіртінің бір сілке, болмаса бір жұлқа көтеруімен байланысқан жаттықтырушысы қалай қобалжыды десеңізші. Оны өмір бойы сезінбей өтетін шығармыз. Бір сезінсе оны жаттықтырушысы ғана сезінеді. Бір түсінсе оны Иван Снегуров қана түсінеді.

Кейіпкеріміз өмір жолын бірден жаттық­тырушы болып бастаған жоқ. Қарағанды облысына қарасты Шахтинск қаласында кіндігі кесілген азамат Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетін Денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмамдап, 2002 жылдан бастап ауыр атлетикамен айналыса бастады. Көп күттірмей оң нәтижелерге қол жеткізіп, бірнеше мәрте облыстық, республикалық чемпионаттардың жеңімпазы, жүлдегері атанады. Осылайша ауыр атлетикамен шұ­ғыл­дана бастағанына үш жыл өтер-өтпес­тен талапты спортшы «Қазақстан Респуб­ликасының спорт шебері» атағын иеленді.

– Түсімде ылғи да Олимпиада ойын­дарын­да өнер көрсетіп жатушы едім. Алай­­да Құдай маған өзге жол әзірлепті. Бірде халықаралық жарысқа дайындалып жа­­тып, тіземді ауыр жарақаттап алдым. Со­ның кесірінен спорттық мансабымнан, ар­ман­дарым мен мұраттарымнан бас тартуы­­ма тура келді. Мен үшін бұл жарақат аса ауыр соққы болды. Қатты күйзелдім. Тауы­м шағылды. Оны құр тілмен айтып же­ткізу де мүмкін емес. Осылайша алдымдағы бір «есік» жабылғанымен, мен ойламаған екінші «есік» ашылды. Жаттықтырушы болуға, өзім жете алмаған биікке шәкірттерімді жеткізуге бел будым, – дейді И.Снегуров.

Бұл жолға жас саңлақ 2009 жылы түсті. Алғашқы еңбек жолын Қазақстандағы кеншілер астанасы саналатын Қарағанды қаласындағы «Шахтер» стадионының ауыр атлетика залында бастады. Табан ет, маңдай терінің арқасында 5 – халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 10 – Қазақстан Республикасының спорт шеберін, 14 – спорт шеберіне үміткерді баптап шығарды. Шәкірттерінің арасында халықаралық, республикалық сайыстардың, Азия ойын­дарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, түрлі кубоктардың иегерлері бар. Тәжіри­белі маманның осы еңбегі ескерусіз қал­ған жоқ. Екі жыл бұрын «Қазақстан Республи­касы­ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын алды.

– Өзімді ауыр атлетикаға кездейсоқ келген адам ретінде санамаймын. Себебі мен шахтер-зілтеміршілердің отбасында өскен адаммын. Атам Николай Сне­гу­ров бір кездері тәп-тәуір спортшы да, кейін тәжірибелі жаттықтырушы да бола біл­ген еді. Атам жаттықтырған спорт­шы­лар­дың қатарында Олимпиада чемпионы, әлемнің рекорд орнатушысы Виктор Мазин де бар. Әкем де бүкіләлемдік ойындардың жүлдегерлерін тәрбиелей алды. Спорттық мансабымды тәмамдаған соң жаттықтырушы болам деп шешім қабылдауымның бір сыры – осы. Атам мен әкемнің жолын жалғағым келді. Спортшыны жаттықтырудың өзіндік әдіс-тәсілімді ойлап шығардым. Қытай, Болгария, Түркия елдерінде болып, тәжірибе жинақтадым, – дейді жас жаттықтырушы.

Оның айтуынша, атасы Николайдың тәсілін әу бастан өзінің жаттықтыру әдісінің өзегі етіп алыпты. Байқаса қателеспеген секілді. Бірте-бірте шәкірттері де нәтиже көрсете бастайды. Қолынан іс келетінін анық сезінген соң, Иван да қарап қалмайды. Бір емес, екі Олимпиада чемпионын тәр­биелеп, атасының бағындырған биігін асып түскісі келеді. Бірақ шәкірт тәрбиелеу дегеніңіз қайдан оңай болсын.

– Егер спортшы алдыма бала жастан келетін болса, тиісінше онымен барынша көп уақыт өткізуге тырысамын. Себебі талап­ты жастарға үнемі көңіл бөлу қажет. Спортқа, саламатты өмір салтын ұстануға баулимын. Оларды назардан тыс қалдыруға болмайды. Зілтемір көтеруден бұрын, адамгершілік қасиеттерге, мейірімділік пен сүйіспеншілікке тәрбиелеймін. Нағыз достықтың не екенін құлағына құюға тырысамын. Өйткені болашақ чемпиондар қара күштің де қадірін білуге тиіс. Оны оңды-солды жұмсай беруге болмайды. Әсіресе жаттығу алаңынан тыс жерде күш көрсетулерін қаламаймын. Өзі­ңе қалай жауап беретін болсаң, бойдағы қуат-кү­шіңе де солай сақтықпен қарау қажет. Жауап­кер­шіліктің жүгі деген болады. Шәкірттерім соны ұғынса талай асуды бағындыратынына сенімдімін, – дейді қарағандылық азамат.

Бүгінде бір аймақтың алдыңғы қатарлы ауыр атлеттерін тәрбиелеп жүрген жоғары дәрежелі жаттықтырушы Қарағандыдағы облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде аға жаттықтырушы болып еңбек етеді. Қос бүлдіршіннің әкесі. Әйелі Нина – орыс, өзі неміс ұлтының өкілі. Алға қойған айқын мақсаты, тау қопарар талабы бар азаматтың қасында жеміс пен жеңіс үнемі қатар жүреді екен. Оған өткен жылы көз жеткіздік. Былтыр И.Снегуров республикалық «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды. Ол да күтпеген оқиға болыпты.

– Жобаға құжаттарымды облыстық мамандандырылған балалар мен жасөс­пірімдер спорт мектебі директорының орын­басары Индира Рысбекова жіберді. Алға­шында жеңімпаз атанамын деп ойлаған да жоқ­пын. Тіпті ұмытып та кетіппін. Бір күні ұялы телефоныма қоңырау шалып, ұйым­дастырушылар тарапы менің жеңім­паз ретінде танылғанымды хабарлады. Қатты қуандым. Еңбегің еленіп жатса қалай қуанбайсың? Бірден Индира Рысбековаға хабарласып, алғысымды білдірдім. Себебі бұл жобаның берері мол екеніне сенімдімін. Әдетте жұрт жеңіске жеткен спортшыны ғана танып, оған тәлім-тәрбие берген жаттықтырушысын танымай жатады ғой. Оған қынжылып тұрған жоқпын. Айтайын дегенім, осы жоба арқылы жастар спортқа ұмтылып, жаттығу алаңына көптеп келсе екен, – дейді жоба жеңімпазы.

...Үміт – үзілмейді, күдік – сейілмейді. Жалпақ қара қайыс белдікпен белін буып, жарыс жолына шыққан қай спортшы болсын қобалжиды ғой. Қол дірілдейді, жүрек соғысынан жаңылады. Белі кете ме, жоқ әлгі жалпақ қара белбеуі кете ме деген алаңдаушылық осындай болса керек-ті. Тек тақым қысып тұрған тәжірибелі жаттықтырушы ғана белдің де, белбеудің де кетуіне жол бермейді. Шәкіртінің бар мүмкіндігін бес саусақтай біледі ол. Сенбесеңіз жүздеген жаттықтырушымен жүздесіп көріңіз. Болмаса, бір ғана Иван Снегуровпен тілдесіп көріңіз...