Біздің елдің жолдарында ауыр жүктер таситын автомобильдер көп жүреді. Олар техникалық көрсеткіштерінен асыра жүк тиеп, жолға түсетін қысымды арттыра түседі. Солардың кесірінен миллиардтаған теңгеге салынған жолдар тез бұзылады.
Көліктерге артылатын жүк салмағына қатысты талап заңмен бекітілген. Бірақ соған қарамай ауыр жүк таситын машиналар шамадан тыс жүктерді ала береді. Жолдар негізінен осы себептерден бүліне бастайды. Әсіресе, облыстағы карьерлерден инертті материалдарды тасымалдайтын ауыр салмақты көліктер жолды тез бұзады. Сондықтан еліміздегі Көлікті бақылау инспекциясы олардың жолға шамадан тыс салмақ түсірмеуін қатаң бақылауы керек.
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының Көлікті бақылау инспекциясының бастығы Руслан Сейталин мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің ахуалдық сарапшысы Сұлтан Мұсағалиев журналистерге брифинг өткізіп, осы мәселелердің облыста бақылануы барысы туралы айтып берді. Р.Сейталин өзінің баяндамасында 2020 жылдың 7 айында облыста барлығы 2893 автокөлік құралы тексеріліп, оларда анықталған заң бұзушылықтар фактілері бойынша инспекция қызметкерлері 31 млн теңге айыппұл салу туралы 413 әкімшілік материал толтырғанын жеткізді.
«Көлік заңнамасын бұзу бойынша тамыз айында ғана 55 әкімшілік материал жазылған. Негізгі бұзушылықтар – тасымалдаушылар мен жүк жөнелтушілердің жүктерді рұқсат етілген салмақтық параметрлерден асырып жіберуі болып отыр», деді ол. Сонымен қатар Р.Сейталин өз сөзінде жүк автокөліктерінің жүруін бақылауды күшейту және тәжірибе алмасу мақсатында Солтүстік Қазақстан облысына Көлік комитеті ахуалдық орталығының мобильді тобының құрамынан сарапшы Сұлтан Мұсағалиев келгенін және оның қатысуымен болған рейдтік іс-шаралар туралы айтты.
Көлік комитетінің ахуалдық сарапшысы С.Мұсағалиев көліктік бақылау органдары осы жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміз бойынша барлығы 11543 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтағанын, оның ішінде 1744-і салмақтық параметрлердің шамадан тыс асып кетуіне байланысты екенін, солардың 800-ден астамында іс карьерлік аударғыштардың тасымалдаушыларына қатысты қозғалғанын жеткізді. «Қазір көліктік бақылауды жүзеге асырудың, атап айтқанда, автокөлік құралдарын өлшеуді жүргізудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында көліктік бақылау бекеттері өлшеу нәтижелері туралы деректерді Көлік комитетінің ахуалдық орталығына автоматты түрде беру функциясы бар таразы жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 2019 жылдың 14 шілдесінен бастап қызметкерлердің автомобиль көлігі саласындағы көліктік бақылауды жүзеге асыру кезінде Ахуалдық орталыққа онлайн-режімде бейнедеректерді беру функциясы бар 102 бірлік бейнежетондарды қолдануы енгізілді», деді С.Мұсағалиев.
Көлік бақылау инспекциясының міндеті зор. Егер осы қызмет өздерінің міндетін тиімділікпен атқаратын болса, жолдардың бұзылуы да азаяр еді. Ал ол миллиардтаған теңге бюджет қаражатын үнемдеуге жол ашады.
Солтүстік Қазақстан облысы