• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 01 Қыркүйек, 2020

Жаңа форматтағы жаңа оқу жылы

500 рет
көрсетілді

1 қыркүйек – Білім күні. Биылғы қыркүйек бұрын­ғыдан өзгерек болып тұр. Себебі еліміздің тарихында алғаш рет жаңа оқу жы­лы жаңа бағытта, яғни қа­шық­тан оқыту форматында басталды. Бұл – эпи­демияның алдын алу мақсатында қабылданған мәжбүрлі шешім. Дегенмен мектепте оқуға мүмкіндік алып отырған балалар да бар. Бастауыш сынып­тар­дағы 530 мың бала ата-аналарының өтінішімен мектепте ашылған кезекші сыныптарда оқиды. Сонымен қатар бала саны 180-нен аспайтын шағын жинақты мектептердің 202 мың оқушысы дәстүрлі форматта білім алады.

Әлбетте, бұл оқу орын­дарының бәрі санитарлық талап­тарды сақтауға тиіс.  Бірақ талап­тарды сақтап, белгіленген тәртіп­пен жүрудің айтуға ғана оңай еке­ніне осы уақытқа дейінгі ка­ран­­тин кезінде көзіміз анық жетті. Сондықтан оқу барысы қа­лай қа­дағаланады? Кімдер қада­ғалай­ды? Оқушылар сабақ арасында үзі­лістерге шығуы керек. Ол жағы қалай реттеледі? Вирус жұқ­ты­ру дерегі анықтала қалған жағдайдағы іс-қимыл қалай болады? Осыған дейін қашықтан оқыту үшін балалардың бәрі қажетті техника­лармен, сапалы интернет бай­ланысымен қамтылатыны айтылды. Оқушыларға компьютер­лер, гаджеттер таратылды. Бұл іске қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері, меценаттар да жұмыл­ғанын білеміз. Дегенмен барлық оқушы тиісті техникамен толық қам­тыл­ды деп нық сеніммен айта аламыз ба? Көкейде жүрген са­уал көп.

Сонымен, І тоқ­сан­да оқушы­лар­ды қашықтан оқыту жоспар­ланып отыр. Одан кейінгі тоқ­­сан­- ның қалай болатыны елдегі эпи­демиялық ахуалға байланыс­ты. Бұл формат ата-аналарға да, педагог қауымға да, оқушыларға да, жалпы білім беруге жауапты бар­лық мамандарға үлкен жауап­кер­шілік жүктеп отыр. Кез келген өзгерістің қайыры бар десек, қа­шықтан оқытудың да жақ­сы жақ­тары болары анық.  Жаңа формат оқушылар мен ұстаз­дарды жаңа машықтарды игеруге мәжбүрлеп қана қоймай,  тұ­тас­тай білім беру жүйесін цифрландыру ісіне де мәжбүрлі түрде серпін берді.

Нарықтық заманда бәсе­ке­лестіктің ма­ңызы өте зор. Отандық білім беру жүйесі қашықтан оқыту форматына көшкен сәттен бастап онлайн білім беру платформалары арасында бәсеке пайда болды. Ал бәсеке әрдайым дамуға бастайды. 

Кеше Білім және ғылыми министрі Асхат Аймағамбетов дәстүрлі форматта оқытуға мүмкіндік алған оқу ошақ­тарындағы санитария талаптары қатаң сақталуы тиіс екенін айтты. Егер мектепте бір адамнан, яғни мұғалім немесе оқушыдан коронавирус анықталған жағдайда мектеп карантинге жабылады. Бас санитар дәрігер бекіткен талаптар бойынша кезекші сыныптардағы сабақтың басталу уақыты мен қоңырау кестесі әртүрлі болуы тиіс. Әр сынып бір бөлмеде ғана оқытылуы керек. Содан соң бөлме жиі желдетіліп, уақы­тында кварцталып, тиісті зарарсыздандыру құралдары қолданылып, әлеуметтік арақашықтық сақталуы қажет. Сондай-ақ әр кезекші сыныпқа бір мұғалім ғана бекітіледі.

«Осы талап­тар орындалуда. Кеше Ақмола облысындағы ауыл мектебі мен елордада орналасқан оқу ошағындағы жаңа оқу жылына дайындық барысын бақыладым. Әріп­тестерім де, жергілікті атқарушы органдар да осы жұмыстарды өз деңгейінде ұйым­дастырып жатыр. Бұдан бөлек біз арнайы мектеп-интернаттарына да мүмкіндік бердік. Ондағы ерекше білімді қажет ететін оқушылар да ата-аналарының өтініші бойынша штаттық режімде оқи алады. Бұл ретте балалар интернатта тұрады және мектеп жабық режімде жұмыс істейді. Егер ата-аналар балаларын мектепке жібермеуді ұйғарса, онда мектеп балаларды қашықтан оқытады», деді А.Аймағамбетов.

Енді студенттер жайына келсек, министр­­ліктің жақында жариялаған ақпа­ратына сүйенсек, еліміздегі барлық сту­денттер үшін биылғы жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталды. 

Мұндағы бір ерекшелік, 2-4 курста оқитын бакалавриаттарға қатысты болып отыр. Олардың ішінде педагогикалық, гуманитарлық, әлеуметтік және IT-ба­ғыт­тардағы студенттер күзгі семестрді толық қашықтан оқиды. Ал жаратылыс­тану ғылымдары, техникалық, ауыл ша­руашылығы, денсаулық сақтау және өнер сияқты бағыттар бойынша оқытудың ара­лас форматы көзделген. Дәрістер мен семинарлар онлайн-форматта өтеді. Зертханалық, практикалық және сту­дия­лық сабақтар кампус аумағында қазан айынан кейін басталады.

Екіншіден, магистранттар магис­тра­­тураға қабылдау емтихандары кеш аяқ­­­тал­ғандықтан жаңа оқу жылын 14 қыр­­күйекте қашықтан оқып бастайды. 2-курс магистранттары үшін зерт­теу жұмыстары да қашықтан ұйым­дас­­ты­рылады. Қажет болған жағдайда ғылы­ми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру ма­гистранттардың өтініштері бойынша зертханаларда жүзеге асырылады.

Үшінші, докторанттар оқуды қашық­тан оқыту форматында бастады. 1-курс док­торанттары толығымен қашықтан оқи­ды. Ал 2-3 курс докторанттары қажет болған жағдайда арнайы өтініш жазып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын штаттық режімде зертханаларда жүргізе алады.