Биыл Солтүстік Қазақстанда күн райы ыстық болып тұр. Диқан еңбегінің бағы жанар осы мезгілдің жауын-шашынсыз болғанын қалайды. Пісіп тұрған алтын астық та басын ие бастаған. Бұл жиын-терімді тезірек жүргізуді қажет ететін белгі. Бидай басын иіп осылай көп тұрса, дәні шашылып қалуы мүмкін. Осыған орай диқандар да әрбір сәтті мүлт жібермеуге тырысуда.
Алайда өткен аптаның төрт күні жауын-шашынды болып, көптеген егіс алқабының жұмысына кедергі келтірді. Әйтеуір күннің ыстығы жердің тез кебуіне мүмкіндік беріп тұр. Ал осы аптаның дүйсенбісінде жарқырап күн ашылды. Ауаның температурасы кей жерлерде 31 градус ыстыққа жетіп тұр деп хабарлады гидромет орталығы.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Есіл өңірінің астықты алқаптарында бүгінгі таңда 7,5 мың дала кемесі жүйткіп жүр. Оларға биыл 75 мың тонна арзандатылған дизель отын жеткізілген. Бүгінгі таңда жалпы астық көлемінің 31,8 пайызы бастырылды. Бұл – 950 мың гектар деген сөз. Әзірге облыс диқандары 1 млн 330 мың тонна астық жинады. Бұл белгіленген меженің төрттен бірі ғана. Барлық астық алқабы – 4,2 млн гектар. Сонымен бірге облыс биыл 922 мың гектар алқапқа майлы дақылдар еккен болатын. Гектар берекесі орташа алғанда астықты алқаптардан 14 центнерден, майлы дақылдардан 9 центнерден айналуда. Облыстық ауыл шарушылығы және жер қатынастары басқармасының бастығы Ерболат Бекшеновтің айтуына қарағанда, гектардың орташа берекесі жақын күндері көтерілуі тиісті. Өйткені астығы шығымды өңірлерге әлі орақ жете қойған жоқ. Сонымен бірге ол белгіленген меженің орындалатынына да сенім білдірді. Тек күн райы ерте бұзылмаса болғаны.
Сыйымдылығы 7 млн тоннадай астық қабылдау орындары ораққа дейін астық қабылдауға дайын болған. Қазір олардың аумақтарында жұмыс қызу жүріп, қоймаларына алғашқы астық құйылуда.
Айта кететін жайт, биыл қызылжарлық диқандар барлық агротехникалық шараларды уақтылы жасаған болатын. Соның ішінде жерге 100 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілді. Енді тек астықты төкпей-шашпай жинап алу міндеті әрбір диқанның алдында тұр.
Гидрометеоорталықтың болжауына қарағанда, осы аптаның соңына қарай күн райы бұзылады. Келесі аптада толықтай жаңбыр жаумақ. Сондықтан диқандар әрбір сәтті ұтымды пайдаланып қалуға тырысуда.
Солтүстік Қазақстан облысы