Кеше "Nur Otan" партиясы СҚО облысы филиалы төрағасының орынбасары Әсем Рахметова праймериздің бірінші кезеңінің қорытындылары туралы журналистерге мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
"29 тамызда партия ішіндегі сайлаудың бірінші кезеңі – кандидаттарды ұсыну және тіркеу аяқталды. Праймеризге қатысуға 653 адам өтініш берді, 645 үміткер тіркелді. Олардың ішінде 12,7%, яғни 82 кандидат Парламент Мәжілісіне, 20,5%, яғни 132 кандидат облыстық мәслихатқа, 90,4%, яғни 585 кандидат қалалық және аудандық деңгейлерге депутат болуға үміткер болып отыр.
Тіркелгендердің ең көбі - Петропавл қаласында (114 адам), одан кейінгі орындарда Мағжан Жұмабаев (51 адам) және Тайынша (49 адам) аудандарында болды. Бір депутаттық орынға ең көп үміткер Петропавл қаласында – 6 адам, М. Жұмабаев ауданында – 4 адам, қалған 12 ауданда 3 адамнан.
Азаматтардың 67% (430) өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланды. Бастауыш партия ұйымдарынан екі жүзден астам кандидат ұсынылды. Әйелдер мен жастар жоғары белсенділік танытты. Үміткерлер арасында 40%, яғни 258 әйел, 26,4% яғни 170 адам 35 жасқа дейінгі жастар.
Кандидаттардың орташа жасы - 44 жас. 19 жастағы ең жас және 72 жастағы ең ұлғайған адам Петропавл қаласында тіркелді. Үміткерлер арасында білім және ғылым саласының өкілдері 45,1%, яғни 291 адамды құрап, ең көбі болып отыр. ШОБ саласынан - 12,6% (81 адам), ауыл шаруашылығы қызметкерлері-10,7% (69 адам), 3,4% (22) азаматтық сектор, БАҚ, блогерлерден ұсынылғандар", деді өзінің сөзінде Ә.Рахметова.
Көріп отырғанымыздай солтүстікқазақстандықтардың праймеризге қатысу белсенділігі жоғары болған. Осының өзінен адамдардың болашақтан үміті зор деп айтуға болады.
Солтүстік Қазақстан облысы