• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Қыркүйек, 2020

Жүрегі еттен бе, әлде темірден бе?

3760 рет
көрсетілді

«Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын», деуші еді үлкендер. Мұның ақиқат екені қауіпті індет қос өкпеден қысып, жұрт ауырып жатқанда байқалды. Жүрегі еттен жаралып, мейірім мен ізгіліктің қайнар бұлағынан нәр алғандар науқастар қиналған кезде пайдакүнемдіктікті емес, қайырымдылық ойлаушы еді ғой. Әрине, дертіне шипа іздегендерге көмек қолын созғандар аз болмады. Алайда індеттің бетін қайтарар дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралы – бетпердені өз бағасынан әлденеше есе қымбатқа сатқан безбүйректердің өрескел әрекетіне не дерсің?

Қу құлқынның қамын күйт­тегендер сертификат­тал­маған дәрі-дәрмектерді лицен­зиясыз сатудың Әкімшілік құқық­бұ­зушылық кодексінің 426-бабына (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен меди­циналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) қайшы екенін білмеді деу әбестік болар. Дәл осы дерекке мысал келтірер болсақ, көлденең табыс­ты ойлағандар сомасы 244 мың теңгені құраған ресейлік дәрі-дәрмек өнімдерін сатқан. Алайда «Плавикс», «Азитрамицин», «Ингавирин 90», «Парацетамол», «Тавиник», «Тромбо АСС», «Кар­диомагнил» дәрілері еліміздің фармацев­тикалық ұйымдарында тіркел­меген екен. Сол себептен, облыс­тық экономикалық тер­геу депар­та­менті бұл дәрі-дәрмектерді тәркіледі.

Дәріханалардағы дәрі ба­ға­сының қымбаттығы тұр­ғын­дардың ашу-ызасын ту­дыр­ды. Оны тұрғындар әлеу­меттік желілерде дүркін-дүркін жа­зып жатты. Тіпті өңірдегі сы­байлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгініп, шағым тү­сіруге мәжбүр болды. Осыған орай жемқорлыққа қарсы қыз­мет, «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, фармацев­тикалық бақылау және Аты­рау қалалық әкімдігінің қызметкер­лерінен құралған мониторингтік топ бірнеше дәріханаға тексеру жүргізді. Сол тексеруде не байқалды дейсіз? «Байзар» сауда ойын-сауық орталығындағы «Зе­леная» дәріханасы «Кане­фронның» бір данасын 335 тең­геге, «Флемоксин Солю­таб» пре­па­ратының бағасын 152 теңгеге өсіріпті. «На Гурьев­ской» дәрі­ханасы да «Це­фа­золин» дәрі­сінің бағасын қым­баттатып жіберген.

Тұрғындар коронавирус пен өкпе қабынуының ілмегіне ілініп жатқанда дәрі-дәрмек пен ме­дициналық бетпердені тығып сатып, заңсыз табысқа кенелуді көздеген пысықайлардың қа­тарында жекелеген тұрғындар да кездесті. Облыстық Полиция де­партаменті баспасөз қызме­тінің мәліметіне қарағанда, Аты­рау қаласының 26 жастағы тұр­ғынының пәтерін тексеру кезінде ингавирин (5000 теңге), дексаметазон виал (4000 теңге), азитромицин (2000 теңге), дексаметазон (2000 теңге), лидокаин буфус (1000 теңге), метронидозол (1000 теңге) дәрі-дәрмектері табылды. Ол бұл дәрілердің барлығын қымбат бағамен сатыпты.

Мұндай деректерді облыс прокурорының өкімімен құқық қорғау және мемлекеттік органдар қызметкерлерінен құрылған жұмыс тобы дәріханаларды тексеру кезінде анықтады. Жұмыс тобы дәрі-дәрмекті шекті бағадан асыра сатқан 30 деректі әшкере етті. Осындай заңсыз әрекетке барған сегіз дәріхананың әрқай­сысына 361 140 теңге көлемінде айыппұл салынды.

– Прокуратураның үйлесті­руімен құқық қорғау органдары дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың заңсыз айналымына қатысты алты деректі анық­тады. Оның ішінде дәрі-дәр­мекті қымбат бағамен үйден заң­сыз және тиісті тіркеусіз сату бар. Тексеру кезінде заңсыз айна­лымнан 7 500 дәрілік препарат, 180 мың медициналық бет­перде алынды, – деп хабарлады облыстық прокуратураның бас­пасөз қызметі.

Атырауда індет дендегенде медициналық бетперде де қас­қалдақтың қанындай қат дүниеге айналып, қапелімде таптыра қой­мады. Оның бағасы кейбір дәріханаларда 500 теңгеге жетті. Осындай ұрымтал сәтті өз пайдасына жаратуды ойлағандар бетпердені тығып сатуға көшті. Мәселен, облыстық полиция депар­таментінің қызметкерлері 10 шілдеде шаһардағы «Лес­хоз» шағын ауданында екі ер адамды ұстады. Олар осын­дағы ғимараттың бірінде меди­ци­налық бетперделерді лицен­зия­сыз әрі қымбат бағаға са­тып­­ты. Ұсталғандардан

137 500 медициналық бетперде тәр­­кіленді. «Авангард» шағын ау­данында тұратын тағы бір тұр­ғынның пәтерінен 43 мың меди­циналық бетпердені тапты.

Ал мобильді топтар каран­тиндік шектеулерді бұзғандарды әлсін-әлсін анықтады. Мәселен, бір аптада жабық ғимараттарда бетперде тағу режімін, әлеуметтік қашықтықты сақтамау секілді өзге де талаптарды бұзғандарға 8,3 млн теңгенің 47 әкімшілік ісі қозғалды. Жеке тұлғаларға 24, орта және шағын кәсіпкерлік субьектісіне (19 дүкен, 2 көлік жөндеу орталығы) 23 айыппұл салынды. Тек Атырау қаласында базарлар, супермаркеттер мен тұр­ғын үйлерде орналасқан дү­кендерде бетперде тақпаған 17 жеке тұлға 30 айлық есептік көр­сеткіш мөлшеріндегі айып­пұл жазасына тартылды. Ал Жылы­ой ауданында карантин талабын сақтамағандар айып­пұл арқалады. Оның ішінде 7 жеке тұлға, 4 шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі бар.

Облыстық тауарлар мен қыз­меттердің сапасы мен қа­уіп­сіз­дігін бақылау депар­тамен­тінің мәліметінше, мобильді топтар келесі аптада сауда, сервистік қызмет көрсететін 1243 нысанға рейд жүргізді. Рейд кезінде жеке тұлғалар мен шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына қатысты 29,5 млн теңгенің 106 әкімшілік ісі қозғалыпты. Соның ішінде нысандарда қызметін көрсету кезінде карантин талабын бұзған 42 жеке тұлғаға айыппұл салынды. Жеке тұлғаларға са­лын­ған айыппұлдың жалпы сомасы 2 млн 291 мың теңгені құ­рады. Сондай-ақ 36 азық-тү­­лік дүкені мен 4 қоғамдық та­­мақ­­­тандыру орнының, бір ком­­­пью­терлік ойын клубы мен мобильді байланыс дүкенінің, 4 көлік жөндеу орталығы мен бір құрылыс дүкенінің, 3 жанармай құю стансасы мен тағы бір супермаркеттің иесіне әкімшілік шара қолданылды.

Әрине, мұндай деректер өте көп. Өзінің де, өзгенің де өмі­­ріне қауіп төндірер індетті ескер­мей, үйлену тойын, туған күн кешін өткізіп жатқандар әлі де кездесіп отыр. Тегінде каран­тиндік режімді бұзатындар мен қалтасын көлденең табыс­пен толтыруды көксегендердің жүрегі еттен емес, құдды темір­ден жаратылған ба, дерсің. Әйт­песе қауіпті індетке шалдыққан науқастар өлім аузында жатқанда, дәрі-дәрмекті еселенген бағамен сатуға дәті қалай шыдайды?..

 

Атырау облысы