Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Соның ішінде мемлекеттік басқарудың жаңа моделі мен азаматтардың мүддесін қорғауға ерекше екпін берді. Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта қарқын алмақ.
Коронавирус пандемиясы әлемдегі ахуалды түбегейлі өзгерткені белгілі. Осындай қиын-қыстау кезеңде мемлекеттік басқару саласының кем-кетігі анық байқалды. Әсіресе індетке қатысты тез шешім қабылдауда түрлі мәселелер кезіккен-ді. Мұны Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында да ашып айтты:
«Індет пен дағдарыс жағдайында мемлекеттік басқарудың қазіргі жүйесі барынша қарқынды жұмыс істеп жатыр. Шұғыл міндеттерді шешу уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Бірақ алдағы кеңістікті назардан тыс қалдырмау керек. Сондықтан тікелей Президентке бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құру туралы шешімді қабылдадым», деді Президент.
Жалпы, бұған дейін елімізде мұндай мемлекеттік орган болған еді. Кезінде аталған мекеме өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындады. Дегенмен, қазіргідей шартараптың түкпір-түкпірі қатерлі індет пен оның салдарымен күресуге бас қатырып жатқанда, елімізде мұндай агенттіктің құрылуы оңтайлы шешім десек қателеспейміз. Ендігі жерде агенттік мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі органға айналмақ.
Қ.Тоқаевтың стратегиялық жоспарлауға көңіл бөлуінің бірнеше себебі бар. Қазіргі таңда өңірлерде жоғары жаққа берілетін есепті ғана дұрыстап, негізі мәселе – шаруаның оңтайлы шешіміне көңіл бөлінбей келгені талай мәрте айтылды. Әсіресе құжат жүзінде аяқталған жұмыстың іс жүзінде шала атқарылып жүргенін де көз көрді. Мұның бәрі мемлекеттің дамуына ерекше кедергі келтіретіні түсінікті. Осыларды ескерген Президент көп көрсеткіші мен индикаторы бар мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтатып, ықшамды әрі бүкіл елге түсінікті форматқа өтудің қажеттігін атап өтті. Яғни, істелген жұмыс нәтижеге қарай бағаланбақ.
Сонымен қатар Қ.Тоқаев мемлекеттік қызмет жүйесін қайта жасақтаудың маңызына тоқталды. Мұндай қадам ел дамуының темірқазығына айналуы тиіс. Пандемия кезінде көптеген мекеме қашықтан жұмыс істеуге көшті. Шешімдер онлайн режімде қабылдануда.
Мұның бәрі мемлекеттік қызметкерлерді қысқартуға мүмкіндік бар екенін анық көрсетіп отыр. Осыған байланысты биыл мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік саладағы қызметкерлер 10 пайызға, келер жылы 15 пайызға қысқармақ.
Осы орайда, мына мәселені ескерген жөн. Қысқарту негізгі жүкті көтеретін қарапайым қызметкерлерді емес, «ас ішіп, аяқ босататын» шенеуніктерді қамтуы тиіс.
Президенттің бұған ерекше көңіл бөлгені мынадан-ақ байқалады. Бұдан былай министрлік құрамындағы жауапты хатшы лауазымы жойылады. Оның міндеті министрлік аппаратын басқаратын адамға жүктеледі. Әуелгіде жауапты хатшы лауазымы енгізілгенде министрді әкімшілік-кадрлық жұмыстан босату көзделген-ді. Бірақ іс жүзінде министрлер мен жауапты хатшылар түсінісе алмаған сәттері де кездесті. Осыған байланысты ведомствоның жұмысы ақсағанына талай мәрте куә болдық.
Ел дамуының тағы бір парасы – заң үстемдігі. Яғни заң баршаға бірдей сақталмаса, халықтың қауіпсіздігі қорғалмаса, әділетті мемлекет құру бастамалары толыққанды жүзеге аспайтыны – өзгермейтін аксиома. Сондықтан шығар, Президент «Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет», деп атап көрсетті.
Қазіргі таңда құқық қорғау саласы үлкен реформаны талап етіп отыр. Мысалы, елімізде сыбайлас жемқорлық бойынша Ішкі істер министрлігі мен оған қарасты мекемелер пара алудан ешкімге дес бермейді. Мұның басты себептерінің бірі – құқық қорғау жүйесі айыптауға басымдық беріп кеткен. Тіпті кей адамдардың негізсіз қылмыстық қудалауға ұшырағаны да бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жүр.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы қылмыстық саланы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі үлгіде қайта жаңғыртуды тапсырды. Яғни жаңа жүйеде азаматтардың құқығы қорғалып, халықаралық стандарттарға сай келуі тиіс.
«Қазақстанда өкілеттіліктері нақты бөлінген үш деңгейлі жүйені енгізу қажет деп есептеймін. Полиция қылмысты анықтап, оған қатысты адамдарды тауып, айғақтарды жинап, бекітуі тиіс. Прокурор жиналған дәлелдерге қарап тәуелсіз баға беріп, азаматтардың құқығы бұзылуын болдырмай, адал адамдардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуына, сотта айыпталуына жол бермеуі тиіс. Сот органдар қызметінің арыздарын қарап, іске қатысты соңғы шешімді шығарады», деді Президент.
Дамыған әлем елдеріне полиция негізінен халықтың қорғаушысына айналған. Тұрғындар қандай жағдай болсын ең әуелі көмекке полицияға жүгіреді. Қ.Тоқаев әлемдік тәжірибені ескере отырып, полиция қызметінде реформа жасаудың маңызын түсіндірді. Әсіресе бөлімше инспекторларының рөлі артуы тиіс.
«Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек», деді Президент.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының бейнебақылаумен толыққанды қамтылмағанын сынға алды. Ендігі жерде бұл түйткілді шешуге арнайы тапсырма берді.
Жолдауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі де кеңінен айтылды. Әсіресе осы бағытта жаңа тәсілдері енгізілмек. Мәселен, 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізілмек.
Мұндай қадам «биені бүгімен, түйені түгімен» жұтатын шенеуніктердің тәбетіне тосқауыл болады. Бұрынғыдай жүгін ұшаққа тиеп қашудың дәурені келмеске кетпек. Сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіледі. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды.
Қорыта айтқанда, биылғы Жолдауда ел дамуы мен азаматтардың құқығын қорғауға қатысты көптеген мәселе айтылды. Ендігі міндет – Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды мүлтіксіз орындау.