Алматы облысының активі Жолдаудың міндеттерін орындау мәселесін талқылады. Жиынға аудан, қалалар селекторлық режімде қосылды.
Жиынды ашқан облыс әкімі Амандық Баталов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауын Жетісу жұртшылығы үлкен ықыласпен тыңдағанын айта келе, Жолдауда белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы облыстың атқарушы органдарының жұмысы туралы кеңінен баяндады.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы тарапынан қабылданған Ұлт жоспары мен Бес институционалдық реформалардың іске асырылу маңыздылығы туралы атап өтті. Жолдауда белгіленген басты мақсат – жұмыс орындарын және халықтың табыс көзін сақтау. Мемлекет басшысы осы бағытта алдымызға 11 міндет қойды, – деді өз сөзінде А.Баталов.
Облыс басшысы Президенттің мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру, жаңа жағдайдағы экономикалық даму талаптарына орай өңірдегі жағдайға тоқталды. Бұл орайда стратегиялық маңызды бағыттардың бірі ретінде Президент өңдеу секторын, ауыл шаруашылығын дамытуды тапсырған болатын. «Бұл біз үшін өте маңызды, себебі еліміздегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 17 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Осы орайда, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармаларына, аудан, қала әкімдерімен бірлесе отырып жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу, суару жүйелерін жаңғырту жөнінде нақты ұсыныстар енгізу керек», деді А.Баталов. Әсіресе Еңбекшіқазақ сияқты аса ірі ауданда өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік көп, бірақ сол әлеуетті тиімді пайдаланып, жұмысты дұрыс ұйымдастыру кемшін. Облыс әкімі ауданның жаңа әкіміне осы істі қолға алуды тапсырды. Сонымен қатар Талдықорғанда құрылған индустриалды аймаққа инвестор тарту ісі де ширақтықты қажет етеді.
Сол сияқты Жолдауда шағын және орта бизнестің үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін арттыру талабы қойылды. Облыста бұл көрсеткіш – 32,5 пайыз. Облыс басшысы осы деңгейде тоқтап қалмай, оны одан әрі арттыруға жұмыс істеу керектігін ескертті. Жолдаудағы басты басымдық – халықтың әл-ауқатын арттыру міндетіне орай облыс әкімі халықты қолжетімді тұрғын үй қамту, оқушыларға қашықтан білім беру, денсаулық сақтау саласын дамыту жайлы да айтып өтті. Өз баяндамасында облыс әкімі цифрландыру, экология салалары бойынша да тиісті сала басшыларына Жолдау талаптарынан туындаған жаңа міндеттер жүктеді.
Мұнан соң бірқатар азаматтар жарыссөзге шығып, Жолдаудың жекелеген бағыттары бойынша өз пікірлерін білдірді. Олардың қатарында облыстық ішкі саясат басқармасының жанындағы «Талдау және болжау орталығы» КММ басшысы Елдар Сапаров, «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры Әлішер Башаров, Талдықорған қаласындағы тері-венерологиялық ауруханасының дәрігері Гүлмира Молдахметова, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиевалар бар.