Жұқпалы індетпен күрес жұмысына салғырт қарап, босаңсуға болмайтынын бұған дейінгі жағдай әйгілеп бергені анық. Демек, отандық денсаулық сақтау саласы үшін сындарлы кезеңнің салмағы жеңілдеген жоқ. Оның үстіне мамандар коронавирустың екінші толқыны қайталануын болжап отыр. Әрі бұл жолғы індет екпінінің айтарлықтай ауыр болатыны жайында айтылуда.
Індетпен күрес барысы Жетісуда да күн тәртібінен түскен жоқ. Облыс аты жаман ауруға қарсы күрес пен сақтық шараларын ширата түскен. Мәселен, індетпен күрес шараларын жетілдіру үшін медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға және коронавирустың екінші толқынына дайындыққа қажет мақсатқа облыстық бюджеттен 6,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржының қомақты бөлігі компьютерлік томограф, пульсоксиметр, виброакустикалық аппарат, рентген аппараты, ИВЛ, концентратор сияқты құрал-жабдықтар сатып алға жұмсалуда. Сонымен қатар дертті емдеумен айналысатын емханалар мен ауруханалардың аумағына кислород стансалары қойылуда. Тұрғындарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетудің сапасын арттыру үшін қосымша 140 жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарланып отыр. Мұнан бөлек, жұмыс істеп тұрған 8 ПТР зертханасының ауқымын күн сайын 3500 адамды қабылдауға дейін ұлғайту жұмысы жүріп жатыр. Қазір бұл орталықтар күніне 1500 адамға қызмет көрсету мүмкіндігіне ие. Ал облыста 1 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар екен. Оған қоса тағы екі айлық қор болатын дәрі-дәрмекке тапсырыс берілген.
Айтпақшы, Талдықорған қаласында инфекциялық аурухана құрылысы аяқталуға жақын. Жаңадан салынып жатқан инфекциялық аурухананың жабдықталуы, кадрлық қамтылуы да күн тәртібінде. Аталған ауруханада 452 медицина қызметкері үшін жұмыс орны ашылмақ. Жұмысқа қажет мамандардың бір бөлігі облыстағы медицина ұйымдарынан шақырылады. Сонымен бірге жоғары оқу орындарымен де келісімшарттар жасалып, жас мамандар тарту көзделіп отыр.
Жалпы, індетпен күресте аймақтағы екі көп салалы ауруханаға басымдық беріліп отыр екен. Оның бірі Талдықорғандағы көп салалы аурухана болса, екіншісі Алматыдағы облыстық көп салалы клиникалық аурухана.
– Коронавирустың екінші толқынына толық дайын болу үшін өңірдегі ауруханаларды қажетті құрал-жабдықпен қамтудамыз. Негізі салмақ Талдықорған қаласы мен Алматы қаласындағы көп салалы ауруханаларға түседі. Коронавирус инфекциясы әсіресе, созылмалы аурулары бар сырқаттарға ауыр тиетіндіктен, инфекционистер ғана емес, басқа да маман дәрігерлердің дайындығы тексерілуде, – дейді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
Алматы облысы