• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Қыркүйек, 2020

Қаз өсіріп аяғынан қаз тұрды

3335 рет
көрсетілді

Ауылда жұмыс жоқ деп алақан жайып отыру күпірлік тәрізді. Төрт түлік малды айтпағанда қаз бағып та қарекет жасауға болады екен. Әрі оның пайдасы да шаш етектен.

Уақыт алға озған сайын кей­бір мамандықтардың кәдеге аспай қала­тыны да айтылып жүр. Бұрын электр желісі саласын­да тәп-тәуір жұмыс істеп жүрген Ринат Гизза­тул­­линнің көңілі осыдан төрт жыл бұрын қаз өсіруге ауды. Шынын айт­қанда, бұрын үйде он-он бес қаз ұс­таға­ны­мен, бұл орайдағы шаруаның ұңғыл-шұңғылын байыптап, зерттеп көр­мепті. Сондықтан әуелі осы бизнеспен айналысып жүрген адамдардан сыр тартқан, тәжірибе алмасқан. Кірісі мен шығысын есептеген. Содан соң барып біржола бел буған. Өйт­кені қаз еті таңсық тағам сана­тын­­да. Еті де, жұмыртқасы да, тіп­ті ма­мығы да сұранысқа ие. Бағы­­мы да аса қиын емес. Рас, бала­пан кезінде көзден таса қылмау керек. Бір-екі айдың ішінде өсіп-жетіл­ген соң бақташыны қажет етпейді. Суы мен жемі болса болғаны.

Қаз бағатын фермердің ты­ныс-тіршілігін бас көмекшісі Римма Абдуллақызы таратып айтып берді. Алдымен қажетті жер телімін алса керек. Аз уақыттың ішінде құс қорасын, екі қойманы, инкубаторға қажетті баспананы салып алған. Башқұртстаннан қаз жұмыртқасы жеткізілген. Тірнектеп жүріп голлан­диялық «Линда» қаздарын мың басқа жеткізген. Алдағы уақытта әлі де мүм­кіндігіне орай көбейте берме­кші. Қаздың бұл тұқымы күй талға­майды. Тез өсіп жеті­леді, өзге қаз тұқым­дарына қара­ған­да етті де көп береді.

Ринаттың бизнестегі алғашқы қадамына мемлекет тарапынан көмек көрсетілген екен. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мамандарының көмегі­мен тиісті дайындықтан өтіпті.

–  Бизнес жоспарын сәтті қор­ға­ды. Жылдық 6 пайыздық өсім­мен 4 млн теңге несие алды, – дейді ауылдық округ әкімі Орал­бек Бекішев, – мен өз тара­пым­­нан қаз фермасының округ тұр­ғындарына өте пайдалы екенін баса айтқым келеді. Біріншіден, оның өнімі экологиялық жағынан таза, диеталық құс еті әрі ауылдастарын жұмыртқамен қам­тамасыз етіп отыр. Облыс орта­лығындағы базарлардағы бағадан 15 пайызға арзан. Ол ауылдық жерде де адал еңбегімен кәсіп ашуға болатынын көрсетіп, жол бастап отыр.

Өткен жылы құс фермасы 800 қаз сатыпты. Семіз әрі таза ет бір­ден өтіп кетсе керек. Бағасына кә­сіп­кер де, сатып алушылар да разы. 

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы