Жыл сайын елімізде жатыр мойны обырына 1800-ге жуық жаңа науқас шалдығып жатады. Өкінішке қарай, осынау дерттен емінен кешіккен 600-ге жуық әйел көз жұмады. Кез келген кесел, оның ішінде онкологиялық аурулар асқынбай тұрғанда анықталса ғана шипа қонатыны аян. Ал қатерлі ісіктің бетін қайтарып қана қоймай, одан кейін армандарын іске асырып, сәби сүю – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ, ерлік. Бұл – медицинада ілеуде бір болатын ерекше оқиға.
Қазақстанда алғаш рет жатыр мойны қатерлі ісігінен сауыққан әйел босанды. Мұндай жағдайда бала мен ананың өмірі үшін алысқан отандық онкология қызметі қандай қошеметке болса да лайық дер едік.
Осыдан 10 жыл бұрын науқас N-ге гинекологиялық қатерлі ісік диагнозы қойылған болатын. Сол кезде Алматыдағы «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның мамандары науқасқа ағзаны сақтап қалу үшін күрделі ота жасай отырып, ана болу мүмкіндігін де сақтап қалған.
«Осыншама жылдар бойы науқас жүкті болудан үмітін үзген емес. Көп ұзамай таңғажайып жағдай орын алды. Ақпан айында пациент қоңырау шалып, жүкті екені туралы қуанышты жаңалығын айтты. Аяғы ауыр пациентті жүктілігінің ерте мерзімінен бастап босанғанға дейін кезеңде әйелдер консультациясының дәрігерлері, ИРМ, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігерлері мен біз – онкологтар бақылауда ұстадық. Науқаста түсік тастау және мерзімінен бұрын босану қаупі бар болғандықтан, ИЖМЖ (истмико-жатыр мойны жеткіліксіздігі, яғни истмус пен жатыр мойнының сәтсіздігі) түзетуі жасалды. Биыл 19 тамызда әйел көптен күткен ұлын босанды.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында жаңа технологияларды, оның ішінде гинекологиялық қатерлі ісік кезінде ағзаны сақтау оталарын енгізу үшін барлық жағдай жасалған», дейді институттың онкогинекология орталығының басшысы Ерлан Кукубасов.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты ана мен баланың денсаулығының дұрыстығына көз жеткізгенде ғана, елден сүйінші сұрап отырған жайы бар. Осылайша жүкті әйелге кесар тілігі жасалды. Сәбидің салмағы – 2430 грамм, бойы – 46 сантиметр. Шешесі мен баланың жағдайы жақсы болғандықтан үйге шығарылды.
Осы арада гинекологиялық обырдың, оның ішінде жатыр мойны обырының алдын алу үшін әйелдерге жыл сайын гинекологтан тексеру ұсынылатынын кезекті рет қаперге сала кетелік. Сондай-ақ, 30 жастан 70 жасқа дейінгі Қазақстан әйелдеріне жатыр мойны обырына тегін скринингтен өтуге болады. Скрининг тұрғылықты (тіркелген) жері бойынша емханаларда жүргізіледі.
«Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт бойы жатыр мойны патологиясын ерте анықтау үшін тегін онкоскрининг жүргізілуде. Яғни 30 жастан бастап әр әйел жыл сайын онкоцитологияға (пап-тест) жағынды тапсыруы керек. Бұл кез келген емханада тегін жасалады. Сондай-ақ жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында гинекологтың қарау кабинетінде кәсіби тексеруден өтуге болады. Мұны үнемі жасап отыру керек», дейді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы, еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова.
Сондай-ақ Қазақстанның вакцинация күнтізбесіне әйелдердің жатыр мойны обырын тудыратын адамның папилломавирусына (HPV) қарсы егу енгізілген. Вакциналау жыныстық белсенділіктің алдында жасалуы керек. HPV вакциналары адамның қалауына қарай ерікті және тегін жасалады.
Осы оқиғаға орайлас, Диляра Радикқызы былай дейді: «Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі міндеттерді атап өтті. Дәрігерлер қауымы Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне ынталандыру үстемеақыларын төлеу туралы тапсырмасын зор ынтамен қабылдады. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 150 млрд теңге бөлінеді. Президент 2023 жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы ел бойынша орташа жалақыдан 2 есеге жуық өсетінін атап өтті. Медицина қызметкерлерінің материалдық әл-ауқатын арттыру медициналық қызмет көрсету сапасына оң әсер етеді, олардың біліктілігін арттыруға деген ұмтылысын арттырады және ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады деп үміттенеміз», дейді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда ауыр науқастарға онкологиялық көмек көрсететін 19 мекеме жұмыс істейді. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде өңірлік онкологиялық орталықтарды қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандыру, радиологиялық аппараттар паркін жаңарту көзделген.
Сонымен қатар Қазақстанның онкологиялық қызметі жас кадрларды, онколог дәрігерлерді даярлауға, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыруға мүдделі.
– Дәрі-дәрмектерді жеткізуге «СҚ-Фармация» құрылымы жауап береді. Онкологиялық науқастар дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етіледі, оны мемлекет есебінен сатып алады. Бірақ, өкінішке қарай, кейде шетелдік, өмірлік маңызды дәрі-дәрмектерді жеткізуде іркілістер болады, ал онкологияны емдеуде науқас үшін әр минут маңызды. Президенттің Қазақстанда фармацевтикалық өндірісті дамыту туралы тапсырмасы дер кезінде айтылды және жақын арада онкологиялық науқастарға өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектерді ұзақ уақыт күтудің қажеті жоқ, ел ішінде әрдайым қолжетімді болады деп үміттенеміз. Президент өз сөзінде жаңа көпсалалы ауруханалардың құрылысы туралы атап өтті. Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елордада ең озық халықаралық тәжірибе негізінде онкологиялық науқастарға жоғары тиімді медициналық көмек көрсету үшін жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталды. Жақында жаңа жабдықтармен жасақталған Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ауыр науқастарға тегін онкологиялық көмек көрсететін болады. Институтта мамандардың біліктілігін арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде, шетелдік мамандармен оқыту конференциялары, шеберлік-кластар, туморбордтар үнемі өткізіліп тұрады. Біз жоғары білікті кадрларды даярлауға мүдделіміз. Соңғы бірнеше жылда резидентурада ондаған жас мамандар білім алып, оқудан кейін өңірлік онкологиялық орталықтарға жіберілді. Онкологиялық аурулармен күрес – обырды ерте диагностикалау, емдеу, онкологиялық науқастардың өмір сүру сапасын арттыру – Қазақстанның әлеуметтік саясаты мен денсаулық сақтау саласының басым міндеттері болып табылады. «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ ұжымы Мемлекет басшысының айтылған барлық бастамаларын қолдайды. Біз мемлекетіміз бен қазақстандықтардың денсаулығы үшін жұмыс істейміз, – дейді еліміздің бас онкологы.
АЛМАТЫ