Дүниеге өзгеріс керек еді. Адам баласы сол өзгеріс қажеттілігін айтып жүрсе де, сол дүние өзгерісіне өзінің онша ынталы болмағаны да анық. Сол өзгерісті жасауға коронавирус пандемиясы еріксіз мәжбүрлегендей болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тың ойлар мен нақтылы шешімдер осындай тұжырым жасауға әсер етті.
Індеттің қаншалықты зардапты болғандығы айтпаса да түсінікті. Ал ең бастысы – еліміз азаматтардан ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жариялады. Қаншалықты ащы болса да, шындық көлденең тартылды. Бұл – кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы болғаны анық. Тағы бір анығы, осы індет кезінде мемлекет тарапынан халыққа нақтылы қолдау көрсетілгенін айтқан ләзім. Азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік.Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданып, уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматқа 42 мың 500 теңге мөлшерінде көмек берілсе, бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Және де Президенттің айтуынша, «осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ». Бұл Қазақстанның өз халқы алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті әрдайым жоғары қойып келе жатқандығының жарқын бір көрінісі деуіміз керек.
Бір атап өтерлігі, бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған екінші Жолдауы болса, осы жолғы құжатта еліміздің әлемдік дағдарыс жағдайындағы міндеттері нақтылы атап көрсетілуі Қазақстанның болашағына деген сенімді нығайта түсті. Індеттің етек алуы бар, одан қалды шағын және орта бизнес саласының шектеулі жұмыстары халықтың табысын азайтты. Жұмыстары тоқтаған көптеген сала күрделі жағдайлармен бетпе-бет қалды. Міне, осы тығырықтан еліміз қалай шығар екен деген ой әрқайсымызды мазалайтын. Жолдаудан соң сол ой түкпірінде жатқан беймаза жайларға жарық бір сәуле түскендей болды да, ел болашағының кемел екендігіне сенім нығая түсті. Сол сенімді Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды!» деген мәлімдемесі түпкілікті бекітті десек жарасқандай.
Жер мәселесі біраз жылдан бері түрлі саяси ойындардың ошағына айналғаны да жасырын емес. Енді, міне, халқымызға жер өзімдікі деп сол жерге барынша жанашырлықпен және мейлінше жауапкершілікпен қарайтын кез келді. Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы жағдайды күрделендіре түсті. «Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек», деді осыған байланысты айтқан сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев. Расында да, Қазақстанның жер жағдайында көптеген өнімге деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдік рынокқа да батыл қадам жасауға болар еді. Ендігі мәселе – осы істі ұйымдастыруда.
Әлі де болса, ауыл еңбеккерлерінің ауыр да бейнетті жұмыстары тым арзан бағаланып жүргендігі және осы саладағы табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жататындығы елімізде нарықтық экономика басталғалы бері айтылып келе жатыр. Жолдауда бұл мәселе де айтылмай қалған жоқ. Президенттің сөзінен ұққанымыз, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет екен. Осы орайда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 5 жылдық жобасын әзірлеу жөніндегі тапсырманың маңызы аса жоғары. Болашақта агроөнеркәсіп кешеніне қатысты нақты бір жоспар жасалатын болса, ісіміздің ілгері басатыны еш дау туғызбайды.
Жалғыз қазақ халқының ғана емес, жалпы адамзаттың тағдыры тарих таразысында тұрған осы бір өліара тұста Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылымына кейбір өзгерістер енгізу жөніндегі нақтылы ұсыныстары көңілден шықты. Әсіресе, мемлекеттік аппаратты ықшамдау қажеттілігі бұрыннан туындаған мәселе болатын. Бұл орайда Президент министрліктердегі жауапты хатшылар институтына арнайы тоқталып өтті. Жауапты хатшылық институтын енгізген кезде министрлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстан босатады, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді деген ой іс жүзінде өзін ақтамады. Президенттің министрліктердегі жауапты хатшыларды, мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту жөніндегі ұсынысы дер кезінде жасалды деуіміз керек. Енді бұған қоса, квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасатын болады. Бұл негізсіз ұлғайтылған шығындарды қысқартуға жаңа мүмкіндіктер береді. Осылайша біз аз күшпен, шығынды аз жұмсай отырып, мол қайтарым беретіндей жұмыс тәртібін берік орнықтыруға міндеттіміз.
Қазақстан қоғамын тағы бір алаңдатып жүрген мәселе сыбайлас жемқорлық болса, Қасым-Жомарт Тоқаев оған қатысты өз ұстанымын нақтылай түсті. Жолдауда сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алып отырғандығы және жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап көрсетілді. Бұл орайда Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санайды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұлттың жаңа болмысы жайлы орынды сөз қозғап отыр. «Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын», деген Президент ұлтымызды жаңа сапаға көтеру үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек деген ой тастайды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген өлмес қағидасын алға тартуы да ұтымды шықты. Өйткені осы күні баршамызға ел тағдыры қымбат!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
КӨКШЕТАУ