• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 07 Қыркүйек, 2020

«Хайшен» тайфуны халықты әбігерге түсірді

148 рет
көрсетілді

Кеше Жапонияда жүріп өткен тайфун 200 мыңнан астам адамның эва­куациялануына себеп болды. «Хайшен» атты тайфунның салдарынан ақ жауын жауып, желдің жылдамдығы сағатына 160 шақырымға дейін жеткен.

Тайфун болжанған уақыттан ерте басталған. Фабрикалар мен мектептердің, түрлі кәсіптің жабылуына әкелді. Жапония бойынша жүздеген әуе және темір жол рейсі тоқтатылды. Жапония үкіметі жедел штаб ұйымдастырып, табиғи апат салдарын жоюға кірісіп кетті.

Мемлекеттің метеорологиялық ұйымы аталған тайфун осыншалық мықты болады деп жоспарланбағанын айтады. Алайда апаттың зардабы ауыр болғаны анық. Өйткені одан кейінгі жаңбырдың көлемі тым көп. Табиғи апаттар болжам агенттігінің басшысы Йошихиса Накамото тайфунның теңіз деңгейінен төмен, өзен маңында орналасқан елді мекендерді әуреге салатынын айтты.

Жүз мыңдаған адам мектептер мен сауда орталықтарындағы уақытша шатырларға көшірілді. Олардың көбі Нагасакидегі Гото қаласының тұрғындары. Аталған аймақ тайфуннан ең көп зардап шеккен жер болып отыр.

Оңтүстік Кореяның Табиғи апатқа қарсы және қауіпсіздік штабы тайфун Кореяға жергілікті сағат 19:00-де жетеді деп болжайды. Кореяның Орман қызметі халықты құлақтандырып, қажетті шараларды қолға алған. Қыз­меттің басшысы Парк Чонг-хо «Тай­фунның күші әуелден белгілі. Сондық­тан үлкен зардаптың болатынын түсініп отырмыз. Болжамдар осы апаттың муссон маусымындағы  бұған дейінгі тайфундардан да күшті боларын дәлелдеп отыр. Дүйсенбіде шамамен таңертеңгі уақытта Кореяның Пусан қаласына жетіп қалады деген тұжырымдар бар», деді.

Азаматтарды эвакуациялаумен қатар іздеу жұмыстары да басталды. Өйткені жауапты ведомстволар карго қызметкерлерінің, күзетшілердің жоғалғанын мәлімдеді. Әзірше 43 адам мен 6 мыңға жуық ірі қараның жоғалғаны белгілі.