• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қыркүйек, 2020

Перинатология орталығынан соңғы сырқат шығарылды

132 рет
көрсетілді

Жаймашуақ Алматыда да күздің салқыны сезіле бастады. Мұндай кезеңде індетсіз де созылмалы маусымдық аурулар күшейе түседі. Мектеп оқушылары онлайн оқып отыр десек те, алаңсыз отыруға болмайтындықтан, бұл күндері мегаполисте белсенді шаралар легі басталды. Дәрігерлер балалардағы коронавирус инфекциясының ерекшеліктері туралы түсіндіруде.

 

Қабылданған шаралардың оң нәтижесі

– Карантиндік іс-шаралар арқылы бүгінге дейін Алматыда вирус жұқтырған балалар саны 2,5-3%-дан аспады. Әлеу­меттік қашықтықтың және гигиеналық шаралардың сақталмауы, балалар арасында инфекция мен аурудың күрт өсуіне әке­летінін бәріміз жақсы түсінеміз. Соны­мен қатар маусымдық ЖРВИ-дің өршуі мүмкін, бұл COVID-19 вирусымен бірге аурудың ағымын қиындатады және ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал.

Әртүрлі жастағы балаларға ерекше назар аудару керек, өйткені олар ауру таратуда үлкен рөл атқарады. Патогеннің COVID-19 контагиозы жоғары, сондықтан вирус жұқтырған балалар өздерінің жағ­дайының ауырлығына және аурудың клини­калық көрінісіне байланысты үйде оқшаулануы немесе ауруханаға жатуы тиіс, – дейді «Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» ШЖҚ МКК бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жұмагүл Ешібекова.

Мегаполисте пандемия кезінде қабыл­данған шаралар нәтижесін берді. Соңғы жаңалықтың бірі, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы­нан COVID-19-дан сауыққан соңғы науқас шығарылды

«Кеше біз екі жақты пневмониямен ауыратын соңғы науқасты шығардық. Нау­қастың жағдайы жақсы, біздің дәрі­гер­­лерге өте риза. Енді орталықтағы жұқ­­палы ауру-провизорлық бөлімшесін кар­диохирургиялық бөлімшеге жоспарлы емдеуге жатқызудың қайта жандануына байланысты жауып тастадық», дейді орталық директоры Ғани Бодықов.

Аталған орталықта 118 науқас емделді, 48 бала қабылданды, жүкті әйелдерге 20 кесарев тілігі жасалды. Ең бастысы, науқастар арасында коронавирустан өлім жағдайы тіркелген жоқ.

 

Тұмауға жиі шалдығатындар кімдер?

Қалада COVID-19 вирусы азайғанына қарамастан, денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейінде ауқымды жұмыс жал­ғасып жатыр. Биылғы 10 қыркүйекте Алматыда тұмауға қарсы екпе жүргізу бас­та­лады. Тұмауға қарсы тегін екпені 400 мың­нан астам алматылық алады. Дегенмен, ма­мандар күзде COVID-19 вирусының өсу ық­тималдығын жоққа шығармайды.

«Күзде созылмалы маусымдық аурулар­дың күшейетін уақыты, адамдар ЖРВИ және тұмаумен жиі ауыра бастайды. Әдетте, адамның иммунитеті төмендейді және кез келген инфекцияға қарсы тұра алмайды, соның ішінде COVID-19 вирусымен тез ауырып қалуы ықтимал. Сондықтан тұмау инфекциясынан сенімді қорғаныс шараларымен қорғану өте маңызды», дейді №4 қалалық емхананың бас дәрігері Зухра Умарова.

Қазір емханаларға тіркелген тұрғындар арасында санақ жүргізіліп, тәуекел тобына жататындардың санаты анықталды. Осылайша, қаланың 400 мыңнан астам тұрғыны тұмауға қарсы тегін екпе алады. Олардың ішінде 65 жастан асқан адамдар саны – 264 мың, созылмалы ауруы барлар – 125 мың, 22 мың бала, 9 мың медицина қызметкері, 7 мыңнан астам жүкті әйел бар. Осыған байланысты тұмауратуға бейім тұрғындар арасында тегін вакциналаудың ауқымды қалалық бағдарламасы басталды.

Емханаларда адамдар көбеймеуі үшін вакциналау әзірленген кестеге сәйкес 30 қарашаға дейін жүргізіледі. Бұл шараны 1500 медицина қызметкері бар 370 егу бригадасы атқарады.

 

«Тәуекел тобындағылардан» туберкулезді анықтайды

Сонымен қатар қыркүйек айында 1-сынып оқушылары арасында туберкулезге қарсы ревакцинация жүргізіледі. Процедура күндізгі уақытта мектептердің егу кабинеттерінде жүргізіледі. Мұндай тәжірибе карантиндік шаралар енгізілгенге дейін қолданылды.

Учаскелік дәрігерлер 1 қыркүйекке де­йін Манту сынамасы бойынша тексері­летін 1-сы­нып оқушыларының тізімін жаса­­ған бола­тын. 4 қыркүйектен бастап балаларды ата-ана­лары­мен мектепке Манту сынамасы мен БЦЖ ре­вак­цинациясына шақыра бастады.

«Біздің №11 қалалық емхана Жетісу ауданының 6 мектебіне қызмет көрсетеді. Барлық сыныпта сабақ кестесі әртүрлі болғандықтан, сол сабақ кестесіне байланысты құрылды және оқушылардың басым көпшілігі қашықтан оқиды. 6 мектеп бойынша 800-ге жуық 1-сынып оқушыларын қамтуды жоспарлап отырмыз. Биыл ата-аналар жоғары белсенділік танытып отыр. Эпидемиялық жағдайға байланысты бас тартқан жағдайлар да кездесті», дейді №11 қалалық емхананың бас дәрігердің емдеу-профилактикалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Алмаш Ардабаева.

 

АЛМАТЫ