• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қыркүйек, 2020

Тоқсан бие сауғызған

231 рет
көрсетілді

Нағашыбай Барлыбаевтың есімі солтүстікқазақстандықтарға жақсы таныс. Ол алымды азамат, ата-тегінен іскерлікке бейім жан. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясының екінші томындағы «Миллионердің ауылында» деген тарау оның атасы Әлтиге арналған.

Әлти шын мәнінде қазақтан шық­­­қан алғашқы миллионерлердің бірі. Ол дүние жиып, ақша қорлаған өз заманының озық ойлы тұлғасы. Қазіргі Ресейдің Қор­ған қаласында ашылған алғашқы акционерлік банктердің бірінің ірі акционері де болған екен. Қытайға, Хиуа мен Бұқараға, Ресейдің алыс-жа­қын қалаларына сауда керуендерін жүр­гізген алымды көпес. Ол тәркілеуге ілікпей, кеңестік теп­кіні көрмей, өз дәуренінің соңғы алыпта­рының бірі болып өмірден өткен. Бірақ большевиктер қуғынын оның балалары көреді. Ол туралы әңгіме басқа.

Нағашыбай Сабырұлы әкелері ата қоныстан айырылып, қуғында жүріп қоныс қылған Ресейдің орманды түкпірлерінің бірінде өмірге келген. Атадан балаға жұқ­қан ырыстың, еңбекқорлықтың арқа­сында Сабыр ақсақал барлық он бес баласын да аяқ­тандырып, бәріне де жоғары білім әперген.

Нағашыбай да Петропавлдың пед­инс­титутын география мамандығы бо­йын­ша бітіреді. Алайда бұл мамандық жермен байланысты болмағандықтан, сырттай оқып, ауыл шаруашылығы мамандығын игерген. Кеңес Одағының соңғы жылдарында ол да ағалары құ­сап кеңшардың директоры болды. Өзінің алдындағы төрт ағасы: Нұр­ма­ғамбет, Аймағамбет, Есмағамбет, Бай­мағамбеттер де директор болып, «Бір отбасынан шыққан бес директор» деп кезінде «Егеменге» жазған болатынбыз.

Қазір Нағашыбай Барлыбаев «Арқа­лық» шаруа қожалығын басқарып, шаруасын дөңгелетіп, барлығы 550 тұяқ жылқы өсіріп отыр. Соның ішіндегі 90 биені сауғызып, тәулігіне 600 литр­дей қымыз сатады. Қазақтың барлық әдіс-тәсілін сақтаған қымызы қандай! Бетіне сарымайы шығатын қымызы балдай. Саумал құйғаннан кейін барлық күбілер механикалық құралдармен пі­сі­леді. Оның бәрі тек қайыңнан жасалған.

Тоқсан биені сауатын биешілер саны төрт-ақ адам. Биелер сауатын аранға жем иіскейтін болған соң есік ашыл­ғанда өздігінен кіріп, тұра қалады. Кілең сүтті, жалпақ сауырлы, желіндері толып тұратын мама биелер бар.

«Биыл қымызға деген сұраныс жаман індетке байланысты артып кетті. Сон­дықтан сауылатын бие санын да көбейттік. Халыққа пайдамыз тиіп, ел ризашылығын алып жатқаннан артық не бар?» дейді Нәкең.

Карантиннің қатаң кезінде қымызды ашық сатуға да мүмкіндік болмады. Алайда оның да жолын тапқан. Қы­зыл­жарда «Номад» атты мейрамханасы бар еді, қымызды таңертең сон­да жеткізеді. Ал алам деушілер оған уа­қыт­пен жазылып, келіп алып тұрады. Бірінен бірі естіген халық «Но­мадта» қымыз сатылатынын біліп те алған, жазылған уақытынан қалмай, жал­ғыз-ақ сатушыға жетіп келеді. Литрі 800 теңге тұ­ратын қымызды халық ке­зегімен ке­ліп, тік көтеріп сатып алады.

Нағашыбай Барлыбаев биылғы қатерге қарсы тағы бір ерлік көрсетті. Ол жиені, Ресейден көшіп келген кәсіпкер Сермағамбет Оралұлы және облыстың бас имамы, «Зекет» қорының төрағасы Кенжетай қажы Байкемелұлы үшеуі бірлесіп, 38 млн теңгеден артық қаражат жинап, өкпеге дем беретін 61 аппарат, 100-ден артық пульсосиметр сыйлады. Ал бұл сырқат жандарға ауадай қажет болған еді. Сол арқылы қаншама жандар ажалдан қалып, жігіттер сауабын алды.

Осы жолдардың авторы Нағашыбай Барлыбаевтың кәсіпкер әріптестерімен сөйлесіп, қорға ақша аударудың қажет­тігін қалай айтқанын естіп отырды. «Мың сіз-бізден бір шыж-быж артық» дегендей, ол өзінің әріптестеріне барынша батым әрі ашық айтып жатты. «Сен байлықты осындағы халықтың есебінен тауып отыр емессің бе? Ал енді сол халық қырылып жатқанда қолұшын созбайсың ба?», деп түйеден түскендей турасынан тоқ еткізеді. Ана жақтағылар да шыж-быж болып, қордың есепшотын жіберуді бірден сұрап жатты. Оның ішін­де қазақ та, орыс та, татар да, неміс те болған еді...

Сөйтіп, «көп түкірсе көл» дегендей, қаншама қаражат жиналып, халықтың игілігіне жарады.

Міне, Нағашыбай Барлыбаев деген азамат осындай. Оның бойынан тектілік те, іскерлік те, сергектік те есіп тұрады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы