• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 08 Қыркүйек, 2020

Қойылған міндеттерді атқару жоспары түзілді

327 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінде теңгерімді аумақтық даму туралы арнайы айтылды. «Елімізді аумақтық және кеңістік тұрғысынан дамыту тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Өңірлеріміз арасында экономикалық және өндірістік бағыты, тұрмыс деңгейі, мемлекеттік қызмет сапасы жағынан айырмашылықтар бар. Сондықтан аумақтық даму жолында әр өңірдің бәсекелі артықшылығын ескеру қажет», деді Мемлекет басшысы.

Осы талаптардың орындалу шарттары аймақта қандай бағыттар бойынша өрбитіні туралы жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов облыс активімен Жолдауды талқылау барысында айтып берді.

Өңірдегі өзекті проблеманың бірі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру арқылы шешімін табуға тиіс.

– Сондықтан аудандардың және Петропавл қаласының әкімдеріне осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалануды тапсырамын. Барлық ұсынылған нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы сапалы дайындау қажет. Тұрғындар бағдарламаның пайдасын сезі­нуі керек. Жүргізіліп жатқан жұмыс­тар­дың сапасы жұртшылық тарапынан ешқандай наразылық тудырмауы тиіс, – деді ол.

Әрине, бес жылда ауыл шаруа­шы­лығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру және өнімдерді экс­порттауды 2 есе көтеру туралы міндетті жүзеге асыру оңай емес екені белгілі. Алайда оны орындауға елдің әлеуеті жетеді. Осыған орай әкім Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімін 2 есе арттыру міндетін алға қойып отыр. Бұл 2019 жылы 610 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілсе, 2021 жылы – 700 млрд теңгенің, 2022 жылы – 781 млрд теңге, 2023 жылы – 931 млрд теңге, 2024 жылы – 1079 млрд, 2025 жылы 1225 млрд теңгенің өнімін шығаруды талап етеді.

Мұндай үлкен табысқа қол жеткізудің жолдары қатарында әкім астық егу саласында егіс алқаптарын диверсификациялау, экспортқа шы­ғарылатын өнімдерді арттыру қажет екенін атады. Аймақта майлы дақылдар алқабы қазірдің өзінде 1 млн га жеткізілген, бұл жалпы ел бойынша өңірлер арасындағы ең үлкен көрсеткіш.

Жерге минералды тыңайтқыш сіңіруді биылғы 130 мың тоннадан 2025 жылға қарай 200 мың тоннаға жеткізу межеленіп отыр. Еңбек өнім­ділігін арттырудың бас­ты шарттарының бірі озық техникаларды қолдану болса, соңғы үш жылда өңірде 90 млрд теңгеге жаңа техника алынған. Биыл 45 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр.

Астық тұқымдарын да ауысты­рып, өнімділігі барынша жоғары­ла­рын себу жұмыстары да үнемі назарда болмақ. 2025 жылға дейін оның 10 пайызын жаңарту межеленген.

Мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде цифрландыру элементтерін кеңінен қолдану арқылы еңбек өнім­ділігін бірнеше есе арттыруға болады. Бүгінгі таңда облыс аума­ғында 80 тауарлы сүт фермасы бар. Осы нысандарда цифрланды­ру элементтерін қолдану үлкен жетіс­тік­ке жол ашпақ. Биыл ғана мұндай он ферма жаңадан салынып, 30 мың тонналық өнім шығаруға да­йын тұр. Облыс осындай ферманың жыл сайын 20-сын салуды көздеп отыр. Сонда 2021 жылы 20 мың, 2022 жылы 22,5 мың тоннаның сүті өндірілетін болады.

Ет пен ет өнімдерін арттыру ба­ғытында солтүстікте 10 мың тон­на құс етін өндіре алатын «Пет­ро­пав­ловский бройлер» ЖШС құс фабрикасы салынбақ. Ет өндіретін «EMS Аgro» ЖШС өзінің қуатын арттыруды көздеп отыр.

Әрине, тек осы кәсіпорындардың күшімен ғана алға қойылған межені орындап шығу мүмкін емес. Сон­дық­тан облыс басшылығы жаңа жобаларды іске асыру керектігін алға тартты. Соның ішінде «Масло Дел» ЖШС өндірісін жаңалау міндеті алға қойылған. Сүт пен сүт өнімдерін өндіретін қосымша желілер тартылады. Осы жаңғыртулар аяқталғанда кәсіпорын жылына 120 мың тонна өнім беретін болады. Сондай-ақ компания болашақта жылына 200 мың тонна өнім бере алатын маслоэкстрациялық зауыт салуды жоспарлап отыр.

Жолдауда белгіленген тапсырмаларды орындауда әзірге осындай қадамдар жасалмақ.

 

Солтүстік Қазақстан облысы