• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Қыркүйек, 2020

Жан жылуына жетер не бар?!

149 рет
көрсетілді

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығына басшылық еткен бес жыл ішінде талай-талай тағдыр иелерімен танысты. Өмірдің өкпек желі құзар шыңның басына итеріп апарып, жол таппай аңтарылғандарды да, тағдыр қанша сынағына алса да, тауы шағылып көрмегендерді де білді.

Өмірдің өзі күрес екен. Ал күрес қашанда қажыр мен қайратты тілейді. Ол болмаса қадам басқан сайын жіге­рің құм, салың суға кететіні анық. Кө­мек­тескісі келген. Жан жылуын бой­ға дарытатын жылы сөзімен де, материал­дық көмегімен де. Зәру дүние қашан тау­сылған? Дәмелі Қойшина күллі әлем­ді жалғыз қауызға сыйғызған жаман тұмау қаһарын төгіп келген кезде, ел үйінен шыға алмай ошарылып, қарекетсіз қалған уақытта бір сәт тыным тапқан емес. Бұрынғы бұрынғы ма, жұмысы тоқтап, кәсібі жүрмей аңта­рылған қаншама адам көмек сұраған. Кәсіпкерлерге қайта-қайта қолқа салуға тура келді. Құдды бір өзі үшін, өзінің отбасы үшін сұрап тұрғандай қысыла­тын. Әйтсе де, мынау жарық дүниеде ізгі ниетті адамның адамгершіліктің ақ жолымен қайырымдылық жасау па­рыз екенін ұқтырған. Бір жақсысы, айтқан сөзі, тілеген тілегі жерде қалған емес. Өзі де елдің осындай мейірімді, қысылған уақытта қолұшын созатын, қос қолтығынан періштедей жебеп, де­меп әкететін жанашыр жандардың бар­лығына, көптігіне іштей разы. Ел болған соң бірін-бірі елемесе, бірін-бірі жебемесе бола ма?

Карантин қос бүйірден қысып, пен­денің пейілін тарылтып тұрған уақытта 125 отбасына азық-түлік себетін таратып, кө­мек көрсетті. Дастарқаны жүдей бастаған жүзге жуық отбасыға 50 мың теңгеден қаржылай жәрдем ұйымдастырды. Кә­сіпкер әйелдердің басын қосып, жал­ғызілікті, көпбалалы әйелдерге мейі­рім шуағын төккен. Бұл сынақтан да қам­қорлыққа мұқтаж қаншама отбасы ел бірлігі арқылы өтті.

«Періште балалар» жобасына да атсалысты. Осы орайда, ауру-сырқау бала бағып отырған аналар өздерінің мынау әлемде жалғыз емес екендіктерін ұққан, қолдаушы мен қорғаушы бар екен, бір­ге екенбіз, біріміздің иығымызға түс­кен зілмауыр салмақты екіншіміз иығы­мызды тосып көтеруге бейіл екенбіз. Зәру жандар омырауын жасқа шылап жүрсе де, іскер әйелдер қауымдастығының көмегі алдарынан бір үмітті сәуле жағып тұрғандай сезінген. Бұл орайдағы ең қиын іс хирургиялық ота жасалуы тиісті балаларды емдеуге атсалысу. Жергілікті жерде мүмкін болмаған ота алыс-жақын шетелде тәп-тәуір жүзеге асып жатыр. Бі­рақ, қыруар қаражатты тілейді. Дәмелі Қойшина бастаған жомарт жүрек жандар Целиноград, Ерейментау, Ақкөл тәрізді бірнеше ауданның жиырмаға жуық баласына шет елдерде ота жасауға жәрдемдесті. Айтпақшы, бұл орайда нағыз азаматқа тән пейіл мен мейір танытып жүрген атымтай жомарттар аз емес.

– Мәселен, Целиноград ауданындағы Сайра Матайбаева, Ерейментаудағы Тор­ғын Әлиева, Степняктағы Гүлмайра Бай­мақова, Бурабай ауданындағы Гау­хар Хамзиналардың есімдерін айрық­ша іл­типатпен айта кетуге болады, – дей­ді Дә­мелі Қойшина, – әсіресе, Сайра Әй­тен­­қызының еңбегі алабөтен. Ол Қос­шы ауылында жалпы құны 350 млн тең­ге тұратын 2630 шаршы метрлік, 200 оқу­шы­ға арналған су жаңа мектеп салып берді.

Қауымдастық қыруар шаруа тындыр­ған екен. Таяуда «Қызыл отау» мектебін ашыпты. Осы мектепте кәсіп істеймін деген, ешкімге алақан жаймай, өз бетінше тіршілік етемін деген әйелдерді оқытпақ. Қазір жиырмадан астам әйел әртүрлі кәсіпті игеруде. Дәмелі Қуатқызының пікірінше, ең қауіптісі – масылдық. Тегін көмекті айдалада жатқан батпанқұй­рық есебінде көретіндер де бар. Кө­мек сұраған бір әйелге жылға жуық жәрдемдескен. Азық-түлікпен де, азын-аулақ қаржымен де. Сөйтсе, ол әйел күйеуімен бірге тұрып жатса да, заң­ды түрде ажырастық деп құжат түз­ген. Тепсе темір үзетін отағасы шыбық басын сындырмай, қарап жатады да, әйел байғұс күнімді көре алмай жатырмын деп әркімге алақан жаяды.

– Қоғамды масылдықтан арылту үшін еңбек етуге тәрбиелеуіміз керек. Сон­да ғана кісіге күніміз түспейді, – дей­ді Дәмелі Қуатқызы, – он екі мүшесі сау адамның өзгеден көмек сұрайтыны түсініксіз.

Бірнеше көпбалалы ананың бас­па­налы болуына жәрдемі тиіпті. Мәсе­лен, жеті баланың анасы Марина Бех­тольд баспанаға зар болып қинал­ған­да, А.Мырзахметов атындағы Көк­ше­тау университетінің ректоры Мәди Елу­баевқа беделін салып баруына тура кел­ген. Мәди Сағынтайұлы өзінің бір кездегі ұстазының тілегін екі етпей, көп­балалы анаға баспана сатып әперіпті.

Қаншама жанды жүрек жылуымен қанаттандырып келе жатқан іскер әйелдер қауымдастығы алдағы уақытта да мейірім шапағатын төге бермек.

 

Ақмола облысы