• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Қыркүйек, 2020

Жапонияда билік ауысады

576 рет
көрсетілді

Жапонияның жаңа тарихында ең ұзақ үкімет басқарған саясаткер ретінде рекорд жаңартқан Синдзо Абэ 28 тамызда отставкаға кететінін жариялады. Осы лауазымға отырғанына 2799 күн толған ол 2012 жылдың желтоқсанында екінші рет премьер-министр болып сайланған-ды.

Синдзо Абэнің билікке келуі де қызық. Сонау 2006 жылғы тамыздың аяғында Жапонияның премьер-министрі ретінде алғаш рет Қазақстанға сапар шеккен Дзюнъитиро Коидзуми еліне орала сала қыркүйектің басында отставкаға кетті. Содан кейін ел тізгінін біздің кейіпкеріміз ұстаған. Алайда жиырма жылдан астам уақытқа созылған экономикалық стагфляция салдарынан елде үкімет басшысының жылдап, кей жылдары, тіпті айлап ауыса беруі біразға дейін қалыпты жағдайға айналды. Соның кесірінен Либералды-демократиялық партия 2009 жылы саяси билікті оппозициялық Демократиялық партияға беріп алды. Бес жылдың ішінде бес рет үкіметбасын ауыстырған жапон елі ақыры 2012 жылы билікті Абэ мырзаға біржола сеніп тапсырды. Оның үстіне 2011 жылғы көктемдегі әлемді дүр сілкіндірген бұрын-соңды болмаған табиғи апат, зілзаланың салдары секілді саяси-әлеуметтік ахуалдан жапон қоғамы ғана емес, халықаралық қауымдастық та мезі болған-ды.

Билік басындағы ЛДП-ның төрағасы және үкімет басшысы лауазымында 2021 жылдың қыркүйегіне дейін отыруға заңды құқығы болғанымен, мезгілінен бұрын отставкаға кетуіне денсаулығы бас­ты себеп болып отырғанын айтқан Абэ баспасөз мәслихатында: «Жеті жыл сегіз айға жуық көрсеткен қолдауларыңызға көп рақмет және мерзімінен бұрын орнымды босатып отырғаныма түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын», деп басын иіп халыққа алғыс айтып, мезгілінен бұрын биліктен кетіп отырғаны үшін кешірім сұрады.

«Бұл шешімді қабылдарда біреумен кеңестіңіз бе? Кіммен ақылдастыңыз?», деген журналистің сұрағына: «Бұл шешімді жеке өз басым қабылдадым», деп жауап беріп, «Мұрагеріңіз ретінде кімді атар едіңіз?», деген сұраққа: «Оны партия болып бірігіп шешеміз, мына жерде мен нақты біреудің атын атамауды жөн санаймын», деп жауап берді. Абэнің осы сөздерінен кейін елдің саясаткерлері арасында билік басындағы ЛДП-ның келесі төрағасы, яғни келесі үкімет басшының орнына талас басталып кетті.

Мемлекеттік саяси жүйе парламенттік басқару жүйесіне негізделген. Халық парламенттік сайлауда партиялар мен депутаттарға дауыс беріп, ең көп дауыс жинаған партия билікті қолына алады. Немесе бірнеше әріптес партия бірігіп, қазіргідей коалициялық үкімет құрады (ЛДП-ның саяси әріптесі «Комэйто» партиясы). Сосын депутаттар парламентте жасырын дауыспен үкімет басшысын сайлайды. Саяси дәстүрге сәйкес, парламенттегі сайлауда жеңіске жеткен партияның төрағасы ең көп дауыс жинап, премьер-министр болады. Ал жаңа сайланған премьер-министр өзінің командасын жасақтайды да, жаңа министрлер кабинетін «формалды түрде» Император бекітеді. Біздің тілмен айтқанда, жаңа премьер-министр басқа үкімет мүшелерімен бірге императордың ақ батасын алып шығады.

Премьер-министр Абэнің отставкаға кетемін деп жариялауы жапон парламентіндегі көпшілікті құрап отырған ЛДП-ның төрағасы орнын босатуын білдіреді. Ендеше, оның орнына кім төраға атанады? Жаңа төраға қалай сайланбақ, яғни елдің келесі премьер-министрі кім болмақ? Жапониядағы дәл қазіргі ең басты саяси сұрақ осы. Мәселенің бәрі Абэнің ЛДП-ның төрағасы және үкімет басшысы лауазымынан мерзімінен бір жыл бұрын отставкаға кетуіне келіп тіреледі. Оның бұл шешімі расымен тек денсаулығына ғана байланысты ма? Әлде астарында үлкен саясат жатыр ма? Халық арасында премьердің бұл шешімі нағыз саяси ойыннан туындап отыр деген пікір айтылуда.

Ел тарихында ең ұзақ премьер-министр лауазымын атқарған, үш рет ЛДП-ның төрағасына сайланған (төрт рет ешкім төраға болмаған, Абэ де ондайға бармады) үкімет басшысы мерзімінен бір жыл бұрын орнын босату арқылы келесі жылдың күзіне жоспарланған партия басшысының сайлауына өзінің саяси оппоненттері дайындалып үлгермеу үшін, өзінің орнына өзі қалаған саясаткерді отырғызып кету үшін қарсыластарының алдын орауды көздеп отырғаны сөзсіз. Елде бүгінде парламенттік сайлау жоспарда жоқ, сайлау өткен күннің өзінде оппозициялық партиялар өте әлсіз, олардың арасынан дәл қазір ЛДП-дан билікті тартып ала алатын саяси партия немесе саясаткер шыға қоймасы анық. Яғни Абэнің саяси қарсыластары сыртта емес, өзінің партиясында.

Жалпы, коронавирус басталғалы бері премьер-министр Абэнің атына сыни сөздер көп айтылып, қоғам тарапынан қолдау рейтингісі төмендеп кеткені рас. Оның қауіптің алдын алу саласындағы біліктіліне («risk management») және ел басына күн туған жағдайдағы ұйымдастыру қабілетіне күмән келтіретіндер көбейді. Дегенмен саяси сахнада Абэнің тірегі боп келе жатқан сенімді серіктері коронавирус кезінде де жанында болса, команда мүшелері қатарында қандай да бір өзгерістер байқалған жоқ. Сол бұрынғы өзінің оң қолы, премьер-министрдің орынбасары және қаржы министрі Таро Асо, жапон елінің саяси жүйесінде ең маңызды лауазымдардың бірі болып табылатын министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёшихидэ Суга, ЛДП-ның бас хатшысы Тошихиро Никай, ЛДП саяси кеңісінің төрағасы Фумио Кишида және басқа да команда мүшелері өз міндеттерін атқарып отыр. Аталған әріптестерінің қолдауымен Абэ бұған дейін бірнеше рет саяси сынақтан өтіп, партия төрағасы мен үкімет басшысы лауазымына үш мәрте сайланды. Ал коронавирусқа қарсы күреспен қатар «пост Абэ» науқаны басталып кеткен мына жағдай Жапонияның саяси сахнасында кімнің кім екенін айқындап бергелі тұрған сияқты. Абэні кім қолдап, ал кім оның орнына таласпақ. Әлбетте, жоғарыда айтылғандай, Абэ орнына өзі қалаған саясаткерді отырғызып кетуді көздеп отыр. Ал ол үшін Абэ кімге сеніп, кімге сүйенеді?

Абэнің партия ішіндегі басты қарсыласы – елдің бұрынғы қорғаныс министрі, ЛДП-ның бұрынғы бас хатшысы Шигэру Ишиба. Ишиба 2012 жылғы партия төрағасының кезекті сайлауында партия мүшелері арасында Абэден көп дауыс жинағанымен, парламенттегі депутаттар арасында азырақ дауыс жинап, премьер-министрлікке жете алмай қалды. Ишиба – партияда атақ-абыройы мықты, коғамда қолдаушылары көп әйгілі саясаткер. Дәл қазір Абэнің ең басты саяси қарсыласы осы кісі. Оның үстіне алдыңғы сайлауларда партия мүшелері Ишибаны көбірек қолдағаны жоғарыда айтты. Сондықтан келесі жылдың қыркүйегіне жоспарланған партия төрағасының кезекті сайлауында дәл осы Ишиба ең көп дауыс жинауы әбден мүмкін.

Міне, саяси дәстүрді бұзып, төртінші рет партияның төрағалығына таласпауды жөн көрген Абэнің мерзімінен бұрын орнынан кетуге қатысты шешімінің астарында дәл осы фактор жатыр. Ол өзінің орнына партиядағы басты қарсыласының келуін қаламайды. Оған себеп жетерлік.

Партияның ережесіне сәйкес, егер билік басындағы партияның төрағасы, премьер-министр қандай да бір төтенше және шұғыл себеппен қызметінен кетсе, елде саяси дағдарыс тудырмау мақсатында партияның жаңа төрағасын таңдау үшін кезектен тыс сайлау өткізу қажет. Партияның ережесіне сәйкес, шұғыл түрде өткізілуі тиіс кезектен тыс сайлау партияның барлық мүшелері емес, тек партиядан шыққан парламент депутаттары мен аймақтық өкілдер арасында өткізіледі. Міне, партия мүшелері арасында абыройы мықты, бірақ депутаттар арасында қолдауы аз Ишибаны билікке жібермеудің ең тиімді амалы осы. Абэнің «Денсаулығыма байланыс­ты кетуге мәжбүр болып отырмын, кешірім сұраймын», деп халық пен партия мүшелерінің көңілін аулауға тырысуы да сондықтан.      

Сонымен Ишибаны қолдайтын депутаттар мен басқа да партия мүшелерінің толыққанды сайлау өткізуге қатысты талап-тілектеріне қарамастан, 14 қыр­күйекте тек партиядан шыққан 394 депутат пен аймақтардағы 141 өкілдің арасында партияның жаңа төрағасын сайламақ. Демек, Ишибаның ЛДП-ның келесі төрағасы болу мүмкіндігі тағы төмендеді. Себебі парламентте ЛДП-дан шыққан депутаттар жеті ірі фракцияға бөлінген. Оның ішінде бес бірдей фракцияның, әсіресе ЛДП-ның бас хатшысы Никай мен премьер-министрдің орынбасары Асоның фракцияларына кіретін депутаттар осы жолы сайлауға түсуді шешкен қазіргі министрлер кабинетінің бас хатшысы Суганы қолдайтындарын ашық айтып отыр. Оны естіген басқа үміткерлер, мысалы, сыртқы істер министрі Тошимицу Мотэги мен қорғаныс министрі Таро Коно сияқты премьерлікке дәмелі саясаткерлер бұл жолы сайлауға қатысудан бас тартты.  

«Жеңілсем де, қалай жеңілетінім маңызды», деп отырған Ишиба: «Суга өзінің саяси бағдарламасын жариялаған жоқ, партияның төрағасы болса не істеп, қалай қадам баспақ, білмейміз. Білмей жатып, қолдау көрсету дегенді түсінбеймін» десе, осы күнге дейін Абэні жан-жақты қолдап келген 71 жастағы тәжірибелі саясаткер Суганың өзі баспасөз мәслихатында: «Менің саясатым Абэнің осы күнге дейін жүргізіп келген саясатын толығымен жалғастыру, саясатта сабақтастықтың сақталғаны маңызды» деп жауап берді. Абэ бастапқыда елдің бұрынғы сыртқы істер министрі, ЛДП-ның саяси кеңес төрағасы Кишиданы өз орнына отырғызып кетуді қалаған болатын. Дегенмен биліктен кетіп бара жатқан премьер ірі фракциялар мен абыройлы саясаткерлердің айтқанына қарсы шыға алмай отыр. Кишида осы жолғы сайлауда тәуекелге барып, барын салып көрмекші. Өйткені депутаттар арасында ғана өтетін кезектен тыс сайлаудың нәтижесінде екінші орын алған саясаткер бір жылдан кейін партияның барлық мүшелері арасында өтетін кезекті сайлауда партия төрағасы мен премьер-министрлікке басты үміткер атанатыны сөзсіз. Ал осы жолы ЛДП-ның төрағасы және үкімет басшысы болып сайланса, Суга келесі жылғы партияның сайлауына дейін парламенттің өкілдер палатасын тарқатып, жалпыхалықтық парламенттік сайлау өткізіп, ол сайлауда өзі басқаратын партияны жеңіске жеткізу арқылы билік басында барынша ұзақ отыруға тырысатынын болжау қиын емес.

 

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ, 

жапонтанушы,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін