• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Пікір 09 Қыркүйек, 2020

Ахаңды айтқаны – Алашты айтқаны

228 рет
көрсетілді

Сөз жоқ, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы бұл мемлекеттің жыл бойғы бағыт-бағдары, ұлттық бағдарламасы басты құжаты болып саналады. Сондықтан болар, жұрт әр Жолдаудан елеңдеп жаңалық күтеді.

Әр Жолдаудың өз ерекшелігі, ұстанған бағыты болатыны сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде «бұл ән бұ­­рынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім қа­жы айтқандай, бұл Жол­­дау да өз­герек, әдеттегіден гөрі нақ­ты іс-қи­мылға негізделген, ба­тыл қа­дамдарға бетбұрыс жаса­ға­нын бай­қата­ды. Мәселен, мемле­кетті бас­қару­дың жаңа үлгісі­нің ұсы­ны­луы, мем­лекет­тік қызмет­керлер­­дің 25 пайызға дейін қысқаруы, шетелдіктерге жер сатылмайтын­ының нақты айтылуы назар аудартпай қоймайды.

Жалпы, әр нәрсенің, әсіресе осындай ел өміріндегі аса маңызды құжат­тың өз түйіні болады. Мемле­кет бас­шысының қоғамның түрлі сала­сын­дағы ахуалға терең талдау жасай ке­ліп, негізінен мемлекет құрушы бас­ты ұлттың осынау іргелі істерді ат­­қа­рудағы, жүзеге асыру­дағы жаңа ұлт­­тық болмыс-бітімі қандай дең­гей­де болуы керек­тігін атап көрсе­теді.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы­ның ұлттық деген ұғымға терең мән беруін бағамдаған боларсыз. Бұл тектен тек емес. Демек, қандай іргелі сала болса да ол ең алдымен ұлтқа қызмет етуі тиіс. Ол сонда ғана өзінің ұлттық мәртебесіне лайық бола алады. Демек, барлық сала жаңғыруы, жаңаруы тиіс. Сонда ғана Президенттің атап айтқанындай, «жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныстыра алады».

Демек, ұлт қалай жаңарады, қалай жаңғырады? Оның іске асу меха­низмдері, тетіктері қандай? Бұл ойы­мыздың да кілтін Мемлекет басшысының өзі ашып берген. Және бұл бағыттағы міндеттерді де санамалап көрсетеді.

«Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт саясатын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жа­һан жұртына таныта алады. Мен халқы­мыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек.

Қай кезде де ұлттық құндылық­тарға бет бұрып, әсіресе халқымыз­дың біртуар тұлғаларының сөзіне зор мән беріп қарайтын Қасым-Жо­март Кемелұлы бұл жолы ұлт ұста­зы Ахмет Байтұрсынұлының мына бір танымал сөзін келтіре кетіпті. «Бі­лімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», дейді Ахаң.

Қазақтың тіл білімінде, ағарту саласында, руханиятында төңкеріс жасаған ұлы реформатор Ахмет Бай­тұрсынұлының сонау ХХ ғасырдың басында айтқан сөзі күні бүгінге дейін маңызын жоймақ емес, дәл осы уақыттың да талабымен терең үндесіп жатыр. Мемлекет бас­шысының Ахаңды айтқаны – Алаш­ты айтқаны деп білу керек. Демек, Алаш идеясын тірілтіп отыр. Алаш қайраткерлерінің сөзіне жан бітіріп, солардың айтқанын жаңа заман болмысымен бітістіру. Айналып келгенде осы ұлы қағидаттарды жүзеге асыратын да, орындайтын да білімді, білікті, парасат-пайымы мол ұлттық кадрлар. Яғни мемлекеттік қызметкерлер – мемлекеттік қызмет саласында 25 пайыз қысқарту болатынын айтқан Президент, енді жаңа қағидаттармен жұмыс істейтін қызметкерлердің саны емес, сапасы маңызды екенін меңзеп отыр. Кезінде Алаш қайраткерлері шенеуніктерді, яғни мемлекеттік қызметкерлерді елдің сөзін сөйлейтін, елге қызмет ететіндер – мемлекетшілдер және өз қарақан басын күйттейтіндер деп екіге бөліп қараған. Мемлекет басшысының ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруда ХХІ ғасырдың ұрпағы қандай болу керек дегендегі санамалап көрсеткен қағидаттары да осы пікірмен терең үндесіп жатыр.

Әдетте, осы күнге дейін қоғамды ұлттық идея бар ма, ұлттық идеология қай деңгейде деген сауал мазалап келеді. Аталмыш Жолдауда осы сұраққа нақты жауап берілген деп ойлаймын. ХХ ғасырдың басын­да айтылған Ахаңның ұлы сөзі­нен туындатып айтқан Мемлекет басшысының ой-пікірі, ұсыныстары біздің басты ұлттық бағдарламамызға айналуы тиіс деп білемін.

Ұлттың жаңа болмысын қалып­тастыру жолындағы біздің бар ізгі ісіміз, ұлттық идеямызды Мемлекет басшысының ұлы Ахаңның даңқ­ты сөзінің аясынан іздеп, өзінің ұстанымдарын осы сөзден тарқатып айтуына баршамыз ден қойып, басты бағдар етіп ұстануымыз керек.

«Әр ұлт өзінің ең асыл қасиетін адамзатқа ортақ қазынаға айналдыра алмаса, ол ұлттың қасіретті қылмысы саналады», депті Рабиндранат Тагор. Демек, ұлтымыз өзінің жаңа заманға сай жаңа болмысын қалыптастыра білгенде ғана Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «біз сонда ғана бәсе­кеге қабілетті мемлекет, зият­кер ұлт қалыптастыра аламыз», адам­зат­қа қосатын ортақ қазынамыз да қо­мақ­ты, ұялмайтындай болары сөзсіз.

Әдетте елдік, ұлттық мүдде сөз болғанда ел зиялылары ауызға алынады. Зиялы, тұлға дегеніміздің өзі ұлтқа бағыт-бағдар беруші, ұстын болатынын айтсақ, оларға жүктелер жауапкершіліктің жеңіл емес екені түсінікті. Шын мәніндегі зиялы адам сол халықтың айнасы. Демек, болашақ ұрпақ сол айнаға қарап бет түзейді. Оның сөзі, ілімі өнеге болуға, жаңа бетбұрыстарға серпін беруі қажет. Мемлекет басшысы айтқандай, «қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағи­даттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыру». Демек, зиялының міндеті жаңа қоғамға тез бейімделіп, өткеннің өнегесін бүгін­нің болмысымен ұтым­ды байланыс­тыру. Айтқандай, бұл істе зиялыларға жүктелер мін­дет ауқымы орасан зор. Бұл ретте Жол­дауда айтылғандай, «бос­сөз­ділік пен бөс­пелік, мақтаншақтық қоғам­ның дамуын тежейді. Бұл туралы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды», деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр» делінеді.

Шынында мақтау, мақтан бұл тау­­дан құлаған тасқын секілді. Орын­­сыз мақтау, жалған ақпарат, есеп беру бұл ұлттың жаңа болмысын қа­лып­­тастыруға сызат түсіретін аса қа­тер­­лі дерт. Біз бұл биікке, ұста­ным­­ға кісі бо­йын­дағы көп кемші­ліктерді жоя­тын еңбек арқылы ғана жетеміз.

Әркім өз ісімен айналысып, жауап­­кер­шілігін жете сезініп, сол жо­л­ға білім-білігін, парасат-пайы­мын жұмсай білгенде ғана ісіміз нәти­желі болмақ. Құр бос сөз, даң­ғаза­ның уақыты өткен. Қазір нақты істер, жаңа идеялар заманы. Ата-баба­мыздың ұлы мұратын, осы елді қолы­мызға аманаттап тапсырған ұлы тұлға­лардың қажыр-қайраты, табанды еңбегін, ұлы рухын бойымызға серік еткен жағдайда, жаңа заман талабына ұштастыра білгенде ғана біз ұлттың жаңа болмысын қа­лып­тастыратын мерейлі күнді енш­ілейміз, Алаш баласының жүз жылдық арманына сөз жоқ қол жеткіземіз. Сонда ғана біз Жолдаудың тоқетер түйін сөзі болған ұлттың жаңа болмысын жасауға, ұлы Абай айтқан «толық адам» ұғымына бір табан жақындай түсеміз.

 

Қали СӘРСЕНБАЙ,

«Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты