Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар.
Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы» деп шаруалардың ойында жүрген түйінді мәселелерді тізіп шықты.
Рас, жер-жерлерде фермерлердің шаруашылық мақсаттағы жерден таршылық көріп отырғаны белгілі. Мәселен, егістік алқабыңды кеңейтіп, ел экономикасына үлес қосқың-ақ келеді. Алайда егістікке қолайлы аумақты жер қойнауын пайдаланушылар рәсімдеп алып қояды. Оларға басымдық көп берілетіні де шындық. Сонымен қатар шұрайлы жерлерді кеңес өкіметі тұсында иеленіп алып, осы күнге дейін игермей жатқан азаматтар да бар. Сондай-ақ Президент айтып өткен ұзақ мерзімді «арзан несие» кәсіпкерлер үшін өте тиімді болар еді. Қазіргі таңда пайызы жоғары несиенің өзін жыл жүріп әзер аламыз. Қағазбастылық көп. Мемлекет басшысы мән берген несие мәселесі бір терезе арқылы, аз ғана құжатпен рәсімделсе дұрыс болар еді. Ал субсидияға бөлінетін қаржыны да банктер арқылы аз пайызбен несие ретінде кәсіпкерлерге берсе экономиканың артуына ықпалын тигізер ме еді?! Олай болатын болса, шаруа қожалығының басшысы алған несиесімен кәсібін дөңгелетіп, жұмысшыларға жағдай жасап берер еді. Әйтпесе жылына берілетін субсидияға техниканы жаңарту, жұмысшыларды баспанамен қамту мүмкін емес. Сондықтан Президент Жолдауында айтылған мәселелердің жүзеге асуы – сіз бен бізге байланысты.
Қуаныш СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Шалабай» ЖШС директоры
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы