• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Қыркүйек, 2020

Ұлыбританияда пост-коронавирус дәуіріндегі ядролық қарусыз әлемнің болашағы талқыланды

235 рет
көрсетілді

Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі Лондон университетінің Халықаралық зерттеулер және дипломатия орталығымен бірлесіп өткізген онлайн-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдық мерейтойына және Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орайластырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс-шара гибридті форматта өтті. Вебинар модераторлары – Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов және Лондон университетінің Халықаралық зерттеулер және дипломатия орталығының директоры Дэн Плеш – Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің ғимаратынан қатысса, әлемнің түкпір-түкпірінен беделді спикерлер онлайн түрде қатысты.

Covid-19 пандемиясы әртүрлі елдердің саяси жүйелері үшін ғана емес, көпжақты ынтымақтастық жүйесі үшін де үлкен сынақ болды. Осы ретте ядролық қаруды таратпау және қарусыздану сияқты жаһандық проблемалар халықаралық күн тәртібінен түспей келеді.

Іс-шарада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев пікір білдірді. Ол алғысөзінде Қазақстанның әлемдегі көлемі бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей ядролық полигонын жауып, бүкіл әлемге жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға жауапты және батыл көзқарастың үлгісін көрсете білгенін атап өтті.

Ол сондай-ақ Covid-19-ға байланысты халықаралық өзара іс-қимылда болған өзгерістерді және ядролық қарусыздану саласындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша ұжымдық күш-жігердің артып келе жатқан маңыздылығына тоқтады.

«Қарусыздану саласындағы жағдай өте қиын. Өкінішке орай, ядролық және ядролық емес қауымдастықтар арасындағы алшақтық артып келеді. Біз міндетті түрде халықаралық қатынастар шеңберінде саяси сенім мен жүйелі диалогқа қайта оралуымыз керек. Осыған байланысты барлық ядролық державалар адамзатты ядролық апаттан құтқару тұрғысында жауапкершілікті сезінуі керек», – деп атап өтті Е.Ашықбаев.

Вебинардың басты қонағы халықаралық ядролық қаруды таратпау саласындағы басты акторлардың бірі, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо болды. Ол Қазақстанның әлемдегі ядролық сынақтарды толық тоқтатудың бастамашысы және жақтаушысы ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.

«Қазіргі заманда бұрын-соңды болмаған жаһандық пандемия жағдайында да біз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтуді жалғастырудамыз. Бұл мәселенің әлі оңынан шешілмегенін еске салады», – деп атап өтті ол, пандемия халықаралық аренада мультилатерализмнің одан әрі қарқынды дамуы үшін бетбұрыс болады деген үмітін білдіріп.

Британ Парламенті Лордтар палатасының мүшесі және Жаһандық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау жөніндегі бүкіл партиялық парламенттік топтың тең төрағасы Лорд Дэвид Хэннэй ядролық қарусыздану жолындағы алғашқы қадам – стратегиялық тұрақтылық және ядролық қауіпті төмендету туралы ядролық қаруы бар «бес ел» арасындағы байыпты диалог болуы мүмкін екендігін атап өтті.

Ұлыбритания Үкіметінің атынан Женевадағы Қарусыздану жөніндегі конференциядағы Біріккен Корольдіктің Тұрақты өкілі Эйдан Лиддл сөз сөйледі. Ол жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін бірлесіп күш-жігер танытудың қажеттігін атап өтті, сондай-ақ осы істегі ғылыми сараптамалық білімнің маңыздылығына тоқтады.

Ватикан өкілі, Адамның жан-жақты дамуына ықпал ететін Дикастерияның жетекші қызметкері Алессио Пекорарио Рим папасының бейбітшілікте өмір сүруге және халықаралық дипломатияны дамытуға шақыруы туралы сөздерін еске салды.

Ядролық қарусыздану жөніндегі халықаралық науқанның бас хатшысы Кейт Хадсон өз кезегінде әлемдік қауымдастық түпкілікті қарусыздану үшін көп күш жұмсай алатындығын және одан әрі әрекет етуі керектігін және БҰҰ Бас хатшысының майданды тоқтатуға шақыру бастамасы халықаралық көшбасшылардың одан әрі жұмыс істеуі үшін маңызды бағдарға айналғанын атап өтті.

Вебинарда 1955 жылы Лондонда жарияланған және ядролық қарудың қауіптілігін көрсеткен Расселл-Эйнштейн Манифестінің рөлі туралы да айтылды. Дәл осы құжаттың антиядролық Пагуош қозғалысының негізін қалағаны белгілі.

Вебинарға қатысқан Қазақстан Пагуош комитетінің төрағасы Владимир Школьник жаһандық бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі халықаралық күш-жігерді ынталандыру мақсатында ядролық қарусыздану жөніндегі халықаралық диалогқа үлкен мән беру қажеттігіне тоқтады.

Британиялық Пагуош тобының төрағасы Питер Дженкинс өз кезегінде ядролық қаруды бақылаудың маңыздылығын және көптеген мемлекеттер қарусыздану жолына түсуі үшін халықаралық салада ұжымдық жұмыстың қажеттілігін атап өтті.

Сессия әлемнің түрлі елдерінен қатысқан аудиторияға ресми тұлғалар мен ядролық қаруды таратпау, қарусыздану және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші сарапшылардың пікірлерін тыңдауға, сондай-ақ ядролық қарудан азат әлемнің болашағы туралы сұрақтар мен жауаптар форматында пікірталасқа қосылуға мүмкіндік берді. Вебинарға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам адам қатысты.