Биыл облыста 4905,9 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар тұқымы себілді. Мұның ішінде бидай 3698 мың гектарды, арпа 651,6 мың гектарды, сұлы 60 мың гектарды құрайды. Сондай-ақ тары, қарақұмық, ноқат, бұршақ, майбұршақ және жасымық тұқымдары да былтырғы ауқымнан көп себілді.
Егінжайдағы астық үшін арпалыс ертерек басталғанымен, күзгі жауын-шашын қол байлап тұр. Әзірге дәнді дақылдардың 3153,7 мың гектары бастырылды. Әзірше гектар берекесі 10 центнерден айналуда. Биылғыдай аса қолайсыз жылы тәп-тәуір көрсеткіш. Жаз ересен ыстық болды. Өңірдегі кейбір аудандарда масақ байланар сәтте табиғат қырын қабақ танытты. Әйтсе де, орманды алқаптардағы егіннің жай-күйі қанағаттарлық. Енді уақытпен санаспай, ұтымды қимылдаған жөн. Бұл үшін әрбір ашық сәтті қапысыз, тиімді пайдалану шарт.
Орақ жұмыстарына алғашқы лекпен кіріскен Сандықтау, Жарқайың, Жақсы, Есіл, Целиноград, Аршалы, Біржан сал, Атбасар, Бурабай, Астрахан аудандары бастапқы екпінді төмендетер емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сүйенсек, аталған өңір диқандары бүкіл егістіктің 70 пайызына таяп қалды. Жалпы өңірлік көрсеткіштің 65 пайызға жақындауы өзге аудандардың да қарқынға қарқын қоса бастағанын аңғартады.
Қырманға жеткізілген астықтың көлемі де 3153,7 мың тоннаны құрап, былтырғы сәйкес мерзімдегіден 2192,3 мың тоннаға асып түсті. Бұған қарап мынадай есеп жасауға болады: жұмыс жоспарына сәйкес, механизаторлар кешегі күні 245,5 мың гектардың өнімін жинады. Яғни науқанды 18 жұмыс күні ішінде толық аяқтауға мүмкіндік бар деп айтуға әбден болады. Бұлай топшылауға негіз де бар. Науқандық жұмыстарға 8145 астық комбайны, оның ішінде 3 мыңнан астам жоғары өнімді техника жұмылдырылуда. Бұл жай аграршылардың егін жинау жұмысына мұқият дайындалғандығын көрсетеді. Осындай талпыныстың нәтижесінде орақ жұмыстарының көрсеткіші 70,9 пайызға жетіп отыр.
Диқандар мемлекет тарапынан науқандық жұмыстарға 72,6 млрд теңге бөлінгеніне, мұның 37,3 млрд теңгесі қайтарымсыз (субсидия) қаржы екендігіне ризашылық білдіруде. Осындай қолдау арқылы агроөндірістік кешендер мен шаруа қожалықтары соңғы үш жарым жылда жалпы құны 23,5 млрд теңгенің 992 комбайнын, 270 егіс кешендерін сатып алды.
Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жанар-жағармай жеткілікті көлемде тасымалданып алынды. Арнайы лицензияланған 65 кәсіпорын астықты қабылдауда. Олардың жалпы сақтау сыйымдылығы – 4,2 млн тонна. Оған қоса, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарында шамамен 2,4 млн тонналық астық қоймалары бар.
Сондай-ақ облыс диқандары келесі жылдың молшылығын қамдау мақсатында қазірдің өзінде 279,1 мың тонна тұқым қорын, яғни, межеленген көлемнің 52,7 пайызын қамбаға құйып үлгерді. Барлық аймақта күзгі жер баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ақмола облысы