Жетісуда жиын-терін жұмысы қарқын алды. Қазір облыс диқандары 968,6 мың гектарға егілген дақылдардан өнім жинау үстінде. Жалпы, биыл аймақтағы егістік алқабының көлемі жылдағыдан артып, 7 мың гектарға ұлғайған болатын.
Яғни қамбаға құйылатын өнім көлемі де өсетіні анық. Ал орылған астықты сыйымдылығы 771 мың тонна болатын 265 астық қоймасы қабылдауға дайын. Оның екеуі астық сақтау үшін арнайы лицензия алған, бұл қоймаларға 58,6 мың тонна астық сыяды. Биылғы егін орағына да жетісулықтар ерекше дайындықпен келді. Науқан басталғанға дейін барлық техника жөнделіп, астық жинауға 1409 комбайн, 180 механикалық қырман, 260 астық тиегіш, 203 дән атқыш, 160 астық тазалау машинасы мен 249 автотаразы жұмылдырылуда. Қазір облыстың бірқатар ауданында күзгі дала жұмысы қызып тұр. Шаруалар астық орып, шөп жауып, бастыруды орталап қалыпты. Ендігі кезекте қант қызылшасын қазуға кіріспек. Облыс бойынша биыл 16,1 мың гектар алқапқа тәтті түбір тұқымы себілген болатын. Жиналған қант қызылшасынан 500 мың тонна өнім алып, 48 мың тоннадан астам дайын қант шығару жоспарланған. Қазір облыс қызылша жинау науқанына толық дайын. Ақсу және Көксу қант зауыттары өнім қабылдауға кіріспек, ал қант қызылшасын қазу жұмысы алдағы аптада басталады.
Күзгі жиын-терінді уақытында аяқтауды мақсат еткен көксулық диқандар да егінге орақ салды. Көксу ауданы бойынша биыл егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 31 710 гектар екен. Оның ішінде дәнді дақылдар үлесі 9 544 гектар шамасында. Қазір 2 529 гектардағы күздік бидай толығымен жиналып, 5 256 тонна өнім алынды. Дақылдың орташа өнімділігі гектарына 20,78 центнерден айналуда. Жаздық бидай да орылып, 860 гектардан жиналған дақылдың өнімділігі 20,94 центнер болды. Ал егілген арпаның орташа өнімділігі 20,94 центнер болып, 1550 гектар алқаптағы өнім толықтай орылған. Мұнан бөлек, көксулық шаруалар 5 318 гектардан қысқы мал азығын дайындаған. Ауданда дақылдардан бөлек жеміс-жидек өнімін жиып-теру жұмысы қарқынды жүруде. Мысалы, 232 гектарға отырғызылған алма бағы мол өнім беріп тұр. Қазір 200 гектардан 1 294 тонна алма жиналған. Ал 140 гектарға егілген бақша дақылдары толығымен жиналып, 2 800 тонна таза өнім алынды. Биыл жұрт көкөніске де қарық болғандай, 885 гектардың 620 гектары жиналып, бұдан 18 290 тонна өнім алынған. 962 гектарға егілген картоп та молынан өніп, бастапқы жиын-теріннің өнімділігі гектарынан 200 центнерге жетіп отыр.
Сондай-ақ Көксу ауданында жылдың төрт мезгілінде де өнім дайындайтын 16 жылыжай жұмыс істейді. Қазір бұл жылыжайлардан алынған таза өнім мөлшері 110 тоннаны құрайды. Ал ауданның негізгі дақылы саналатын қант қызылшасын қазу жұмысы таяу күндері басталады. Өңірдегі тәтті түбір өндірісінің көшбасшысы саналатын Көксу қант зауыты шикізат қабылдауға толық дайын тұр.
Айтпақшы, қауырт жұмысқа Қапшағай қаласының диқандары бір кісідей жұмылуда. Биыл шаруа қожалықтары 13 666 гектар жерге егін салған. Оның 4 297 гектарына дәнді дақыл себілген екен. Қазір 3 941 гектар алқаптағы арпа орылып, бауланды. Қалған егіс алқабындағы жиын-терін жақын күндері аяқталмақ. Ал Алакөл ауданы бойынша ерте көктемде 36 678 гектар жерге дәнді дақыл себілген болатын. Ендігі 6 214 гектарға егілген күздік бидай орылып болып қалды. 5 521 гектардағы жаздық бидайға және 24 112 гектардағы жаздық арпаға да жақын күндері орақ түспек. Диқандар қысқы мал азығына қажетті жемшөп қорын да қамдап қойған. Діттеген жоспар 85 пайызға орындалып, 299 577 тонна шөп маяланды.
Алматы облысы