• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 10 Қыркүйек, 2020

Кассе Себеро кім болды екен?

732 рет
көрсетілді

Жуырда Петропавлға белгілі режиссер Сергей Әзімов келіп, Ұлы Отан соғысында Словенияда қаза тапқан қазақ солдаты туралы фильм түсіргелі жүргенін айтты. Оның денесі сол жердегі костельдің қасына жерленген екен.

Жергілікті тұрғындар оның басын күтіп-тазалап, гүл егіп отыра­тын көрінеді. Оның асқан ерлік­пен қаза тапқанын да көзі көрген­дер айтып кетіпті. Фашистер шоғыр­ланған ортаға ол жасырынып барып, бірнеше граната лақтырған екен. Өзі де ауыр жараланады. Ху­тор тұрғындары оны жасырып, бір үйде бағады, бірақ ауыр жара­қаттан жауынгер қайтыс болады.

Ал костель қызметкерінің шіркеу кітабындағы жазуына қара­­ғанда ол Солтүстік Қазақстан облысының Октябрь ауданындағы Бағанаты ауылының тумасы. Есімін Кассе Себеро деп көрсеткен. Бұл Қасым Сибирьден (Себеро деген осы Сибирь деген сөзге ұқсайды ғой) немесе Солтүстіктен деп болжауға негіз болып отыр. Режиссер Бағанаты ауылынан соғысқа аттанғандардың арасынан 3-ақ адам хабарсыз кеткенін де анықтап келіпті. «Демек, осылардың біреуі Словенияға жерленген батыр болуы мүмкін», дейді режиссер.

Сергей Әзімовтің айтып берген деректері осындай. Ол мұны Қазақстан елшілігінің қызмет­керлерінен естіпті. Қазақ солдаты­ның зираты сондай жақсы күтімде екенін көрген ол қатты тебіреніп, деректі фильм түсіруді қолға алға­ны сол екен. Мақсаты – батырдың туған жерін түсіріп, туыстары, таныстары болса – әңгімелерін жазып алғысы келген.

Сөйтсе мұндағы жұртқа Кассе Себероның есімі осыдан екі жыл бұрын белгілі болған екен. Тіпті Жамбыл ауданынан оның туыстары да табылып, хабарсыз кеткен біздің ағамыз болуы керек деген болжамдар айтылған. Олардың айтуына қарағанда, батырдың аты-жөні Қасым Жақыпов. Кассе дегенді олар Қасым деп қабыл­дағаны хақ.

Алайда Октябрь ауданында туған деген деректі алға тартушылар оның бұл адам екені нақты емес дейді. Соның ішінде облыс­тық архивтің директоры Сәуле Мәлікованың айтуына қарағанда, құжатты негізде дәлелденбеген соң оны Қасым Жақыпов деп айту қиын. Архив директорының өзі Бағанаты ауылынан хабарсыз кеткендер 3 емес 10 екенін анық­таған. «Біз бұрынғы Октябрь, қазір­гі Шал ақын ауданының әске­ри комиссариатындағы барлық құжат­тарды ақтарып шыққанбыз. Сол кездегі Бағанатыда 42 үй болса, сол жерден 48 адам әскерге шақы­ры­лыпты. Аты-жөндерін де атап берді. Соның 10-ы хабарсыз кеткен екен», деді ол. Зерде­леу барысында соның ішінде парти­зан­­дар болғаны анықталған. Сәуле Зейноллақызы олардың кім екендерін де атап берді. Солардың ішінде Жианша Есімсейітов деген бір жауынгер Словения маңындағы партизан отрядында болғаны анық­талған. Кассе Себеро осы шы­ғар деп жүрсе – ол Италияның Триест қаласының маңында жерлен­ген болып шықты. Словения мен Италия­ның жері жапсарлас болғаны­мен бұл жауынгердің зираты табыл­ғаннан кейін Кассе Себероның бұл емес екендігі анықталған.

Сөйтіп Кассе Себероның туыс­­тары табылмай, режиссердің Қызыл­жар өңіріндегі жолы болың­қырамады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы