• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 10 Қыркүйек, 2020

Өңдеу саласында өсім бар

246 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары (ЖҰЖ) қаралды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ұсынған құжат Президент белгілеген негізгі бағыттар бойынша 143 тармақтан тұрады.

Премьер-Министр Үкіметтің басты міндеті халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы дамыту және тұрақты жұмыс орындарын құру екенін атап өтті. Бюджеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінде ұлттық басымдықтар қамтамасыз етіледі және бюджеттен тыс қорлардың қаражатын ескере отырып, «кеңейтілген бюджет» енгізіледі. Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйдің қолжетімділігі, қолайлы отбасылық-демографиялық жағдайлар жасау, экологияны, білім беру сапасын жақсарту, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады. «Бүгін таныстырылған Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жос­пары алға қойылған міндеттерге сай келеді. Президент жоспарды бекіткеннен кейін барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оны дереу орындауға кірісуі тиіс», деді А.Мамин. 

Үкімет басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары жоспар іс-шараларының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. «Бізден жеделдік пен нақты нәтиже талап етіледі», деп түйіндеді А. Мамин.

 

Құрылыс пен ауыл шаруашылығында қарқын бар

Үкімет отырысында 2020 жылғы қаң­тар-тамыздағы еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық даму қорытындысы және респуб­ликалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Экономиканың, банк саласының жай-күйі мен республикалық бюджеттің орындалуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, Қаржы министрі Е.Жамаубаев, өнеркәсіп және энергетика секторындағы ахуал туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, Энергетика министрі Н.Ноғаев, агроөнеркәсіп кешенінің жағдайы туралы Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров баяндады. 

Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов экономиканың нақты секторында өсімнің сақталып отырғанын айтты. Олар – құрылыс, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салалары. Дайын өнім экспорты ұлғайды. Жылдық инфляция 7%-ға дейін бәсеңдеді. Тауар өндірісі 1,7%-ға өсті.

Сонымен бірге көрсетілетін қызметтер 6,1%-ға қысқарды. Соның салдарынан ІЖӨ 3%-ға төмендеді.

«Нақты сектор бәсекеге қабілеттіліктің жақсы нәтижелерін көрсетуде. Мәселен, есепті кезеңде автомобиль жасау – 51,8%-ға, фармацевтика – 34,1%-ға, дайын металл бұйымдар – 18,8%, қағаз өнімдері –15,3%, жеңіл өнеркәсіп 11% өсті», деді Р. Дәленов.

Дайын өнімдердің экспорты ұлғаюда. Жеті айда автомобиль экспорты – 7 есеге, ферросилиций – 6 есеге, күнбағыс майы – 1,7 есеге, титан құймалары экспорты 20,5%-ға өсті. Есепті кезеңде әлемнің 105 еліне экспорт жасалды. Республика бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 6,4%-ға өсті.

Жеті айда сыртқы сауда айналымы 48,7 млрд долларды құрады. Экспорт – 28,6 млрд доллар, импорт 20,1 млрд доллар болды. Сауда балансының оң сальдосы 8,5 млрд доллар деңгейінде сақталды. Өнеркәсіп өндірісі 0,4%-ға өсті. Өсім өңдеу өнеркәсібінің 3,3%-ға артуы есебінен болды.  Ал кен өндіру өнеркәсібі 1,5%-ға төмендеді.

Өнеркәсіп бойынша өсім өңірлердің көбінде байқалады. Ең жоғары өсімді Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы көрсетті.

Өңдеу өнеркәсібі  өсімінің (3,3%) жоғары қарқынын фармацевтика, дайын металл бұйымдары, машина жасау, оның ішінде автомобиль және жеңіл өнеркәсіп көрсетіп отыр. Өңірлер бойынша жоғары өсім Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады.

Негізгі капиталға 7 трлн теңге сомасында инвестициялар тартылды. 13 өңір өсім көрсетті. Ақмола, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында инвестициялар көлемі едәуір артты.

Құрылыс жұмыстарының жоғары өсімі Түркістан облысында және Шымкент қаласында байқалады.

Елімізде 8,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға көп.

Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, биылғы тамызда жылдық инфляция азық-түлік заттарының төмендеуі есебінен 7,1%-дан 7%-ға дейін төмендеді. Ұлттық банктің қаржыландыру есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау жалғасуда. 3 қыркүйектегі жағдай бойынша «7-20-25» бағдарламасы бойынша 257,7 млрд теңгеге 22 046 өтінім мақұлданды, оның ішінде 206,2 млрд теңге сомасына 17 780 қарыз берілді. «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша 330,9 млрд теңге сомасына 38 384 өтінім мақұлданды, 259,7 млрд теңгеге 30 934 қарыз берілді.

Биыл қаңтар-шілдеде онлайн-сауданың өсуі аясында қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған транзакциялар көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24,6 трлн теңгеге дейін, яғни 58,9%-ға ұлғайды. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз транзакциялар саны 2,2 есе, ал сомасы 2,5 есе өсті. Бұл операциялардың негізгі үлесі онлайн тәсілмен жүргізілді.

Ұлттық банк қолма-қол ақшасыз жасалатын есеп айырысуларды кеңейту үшін биылғы тамызда жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді қолма-қол ақшасыз төлеудің жаңа тетігін енгізу арқылы ірі мәмілелерді қолма-қол ақшасыз жасалатын есеп айырысуға ауыс­тыруды бастады.  Жаңа тетік мәміле жасау процесін тез және қолайлы етуге мүмкіндік береді, елде көрсетілетін қызметті цифр­ландыру деңгейін арттырады, алаяқтық тәуекелін төмендете және көлеңкелі экономиканы төмендетуге жәрдемдесе отырып, ірі операциялар бойынша есеп айырысулардың қауіпсіздігін едәуір арттырады.

 

Бюджеттің 8 айдағы  игерілуі

2020 жылдың 8 айындағы республикалық бюджеттің орындалуы туралы баяндаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осы кезеңде мемлекеттік бюджетке –  5,5 трлн теңге, республикалық бюджетке 3 трлн 455 млрд теңге кіріс түскенін айтты. Кіріс бойынша жоспардың атқарылмауы 610 млрд теңгені құрады. Басты себеп – қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығы жөніндегі жоспар толық орындалмады.

Ал жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 121%-ға орындалып, 2 трлн теңгеден асты. Жоспар 353 млрд теңгеге асыра орындалды. Барлық өңірлерде кірістер жоспарлары асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,5%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,4%-ға атқарылды.

Республикалық бюджеттің шығыстары 9 трлн 251 млрд теңгені құрады. 45 млрд теңге атқарылмаған. Оның ішінде үнемделгені – 17 млрд теңге, игерілмегені – 28 млрд теңге. «Игерілмеудің негізгі себептері конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасасу рәсімдерін ұзақ және уақтылы өткізбеу, орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау, карантиндік шектеулерге байланысты тауарларды жеткізбеу, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу, сондай-ақ республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты», деді министр.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қаңтар-тамызда еліміздің  жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4,9%-ға ұлғайып, 2,4 трлн теңгені құрағанын айтты. «Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция 9,1%-ға ұлғайып 292 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция 25,4%-ға артып, 54,7 млрд теңгені құрады», деді ол.

Сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы мәселені Үкімет басшысы қорытындылады. Ол қабылданып жатқан шаралардың арқасында экономиканың негізгі салаларында өсудің оң серпіні сақталып отырғанын атап көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 3,3 %-ға, оның ішінде машина жасауда – 16,3%, тамақ өнімдерінің өндірісінде – 3,6%, фармацевтикада – 34,1%, жеңіл өнеркәсіпте – 11%, химия өнеркәсібінде – 3,1% және дайын металл бұйымдарының өндірісінде 18,8% өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 6,5%-ға артты, тұрғын үйлердің 6,4% немесе шамамен 8,1 млн шаршы метр пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсім 4,9% деңгейінде қамтамасыз етілді.

Биылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша алтын-валюта резерві жыл басынан бері 22,2%-ға артып, 35,4 млрд долларды құрады.  ОПЕК+ ұйымымен арадағы келісімдерді орындау қажеттігіне байланысты мұнай өндірісі төмендеді. Сонымен қатар тау-кен секторының басқа маңызды бағыттарында оң серпін сақталып отыр, көмір өндіру – 1,2%-ға, металл кенін өндіру – 1,3%-ға артты.

Қызмет көрсету секторында, соның ішінде көлік пен сауда саласында көрсеткіштер төмендеді. Бұл қатаң карантиндік шектеу шараларының тек 17 тамызда ғана алын­уына байланысты. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары жеті көрсеткіштің бесеуі бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуін қамтамасыз етті. Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында төрт көрсеткіш бо­йынша оң серпін байқалды.

«Өңірлер Мемлекет басшысының Қа­зақ­стан халқына Жолдауында алға қойылған барлық міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі үшін жұмысты жандандыруы керек», деді А.Мамин. Үкімет басшысы орталық және жергілікті органдардың басшыларына қаражатты уақытылы және өз мақсатына пайдалану жөнінде шаралар қабылдаумен бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Эпидемиялық ахуал тұрақтанды

Денсаулық сақтау министрі А.Цой уақты­лы қабылданған шаралардың арқасында коронавирусқа қатысты жағдай тұрақтанғанын баяндады. Коронавирус инфекциясы мен вирус­тық пневмонияның тәуліктік өсуі 0,5% шегінде. Бүгінгі таңда инфекцияны жұқ­тырған адамдардың 94%-ы емделіп шықты, ауруханалардың жүктемесі – 15%. Жедел жәр­дем шақыру 80%-ға дейін төмендеді. Ауру­ханадағы орындарды 50 мыңға дейін арттыру мәселесі пысықталуда. Өңірлерде 12 жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр, 2 стацио­нар қайта жөнделуде.  Ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Аудандық ауруханаларда 132 рентген аппараты орнатылды. Биыл 1 қазанға дейін қосымша 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынады.  Елімізде жеке қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмектердің жеткілікті қоры жасалды, тапшылық болмайды. Оның үстіне, тамыз айынан бері ауруханаларда вирустық инфекциядан емделу үшін халыққа тегін дәрі-дәрмек беріліп жатыр. ПТР тестілеу мүмкіндігі тәулігіне 40 мыңға дейін артты, енді 63 мыңға дейін жеткізілуі мүмкін. Вакцина сатып алу және өзімізде вакцина жасап шығару жөнінде келіссөздер өткізілді. 15 қыркүйектен бастап тұрғындарға тұмауға қарсы екпе жасалады. 

Мәселені Үкімет басшысы қорытындылады. «Жалпы, Үкімет тарапынан ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде біз еліміз үшін күрделі кезеңді еңсердік және аурудың таралу деңгейін төмендету қамтамасыз етілді. Бастысы, біздегі денсаулық сақтау жүйесі коронавирус жұқтырғандарды емдеу бойынша зор тәжірибе алды. Барлық қабылданып жатқан шаралар күзде пайда болуы мүмкін пандемияның жаңа толқынына және маусымдық ауруларға қарсы күресуге жағдай жасайды. Әрине, санитарлық талаптарды қатаң сақтау керек», деді А. Мамин.

Үкімет басшысы әлемдегі эпидемияның тұрақсыздығын ескеріп, вирустың қайтадан өршу мүмкіндігіне дайындық жұмыстарын жалғастыру және кейбір шектеу шараларын сақтау қажет екенін атап өтті. 

Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне эпидемиялық жағдайды ерекше бақылауда ұстап, барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтауды, вирустың таралуы мен ауру жұқтыру көрсеткіштерінің өзгеруіне қарай жедел әрі нақты әрекет етуді, инфрақұрылымды дайындау шараларын қабылдап, барлық сатыдағы медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге халық арасында профилактикалық жұмысты күшейту жүктелді.